Жоғарғы білім саласында аудит анықталған былықтарға кім жауап береді?

51

Астана, 30.04.2026 /Munarmedia.kz/ – Қазақстанда жоғары білім беру саласында елеулі қаржылық және жүйелік бұзушылықтар анықталды. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палата мәлім етті.

Аудит нәтижесіне сәйкес, 2022–2024 жылдар аралығында жоғары оқу орындарынан шамамен 24 мың студент оқудан шығарылған. Оларды оқытуға бюджеттен 19,6 млрд теңге немесе 42,2 млн АҚШ доллары жұмсалған. Алайда бұл қаражаттың толық қайтарымы қамтамасыз етілмеген. Сонымен қатар, 10 мыңға жуық оқудан шығарылған студент бойынша бөлінген грант сомалары туралы нақты деректер жоқ.

Тексеру барысында бұрын оқудан шығарылған тұлғаларға гранттарды қайта тағайындаудың 33 дерегі анықталды. Бұл бағыттағы шығын көлемі 85 млн теңгені құраған. Бұдан бөлек, магистратураға түсіп, кейін қайта оқудан шығу арқылы міндетті еңбек өтеуден жалтару схемасы да белгілі болды. Алдын ала бағалау бойынша, мұндай заңбұзушылықтардан келген шығын 10,8 млрд теңгеге жетуі мүмкін.

Сондай-ақ 1,5 мыңға жуық түлек ресми түрде жұмыс іздеуші ретінде тіркелгенімен, олардың нақты жұмыспен қамтылу жағдайы күмән тудырады.

Әлеуметтік инфрақұрылым мәселелері де назардан тыс қалмаған. Ел бойынша студенттік жатақханалардағы орын тапшылығы 10 мыңнан асып отыр. Осыған қарамастан, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті әкімшілік қажеттіліктер үшін 133 млн теңгеге автокөлік сатып алған.

Бұдан бөлек, «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында 340 стипендия заңбұзушылықтармен тағайындалған. Ал жасанды интеллект бағыты бойынша бөлінген 54 квотаның тек бесеуі ғана пайдаланылған.

Сарапшылар бұл жағдайлар білім беру жүйесіндегі бақылау мен тиімділікті арттыру қажеттігін көрсететінін атап өтуде.

#Астана #Білім #Аудит #ЖОО #Грант #Болашақ #Жастар #Қазақстан #Munarmedia