Астана қоқыс сұрыптау кешеннің қызметкерлері наразылыққа шықты

10

Munarmedia.kz 12.02.2026 /Астана/

Астанадағы «Astana Recycling Plant» ЖШС-не қарасты жеке қоқыс сұрыптау кешенінің қызметкерлері жалақының төленбеуіне байланысты наразылыққа шықты.

Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, наразылық білдірушілер қоқыс таситын көліктерді тоқтатып, кәсіпорын аумағына кіреберісті жауып тастаған.

Жұмысшылардың айтуынша, олар желтоқсан мен қаңтар айларына тиесілі жалақыларын бірнеше айдан бері ала алмай отыр. Сондай-ақ зейнетақы аударымдары да бірнеше жылдан бері толық көлемде жүргізілмегенін алға тартады. Наразылар мұндай жағдай тек осы кәсіпорында ғана емес, қаладағы өзге ұйымдарда да кездесетінін айтып, мәселенің жүйелі сипат алғанына назар аударуда.

Еңбек ұжымы құзырлы органдардың араласуын талап етіп отыр. Олардың пікірінше, жалақының уақытылы төленбеуі және әлеуметтік аударымдардың жүргізілмеуі тек жұмысшылардың құқығын бұзып қана қоймай, қаланың санитарлық жағдайына да кері әсер етуі мүмкін.

Ал Астана қаласы әкімдігі 2026 жылғы 2 ақпанда аталған жеке кәсіпорын аумағында еңбек дауы туындағанын растады. Ресми мәліметке сәйкес, жалақының кешіктірілуі компанияның уақытша қаржылық қиындықтарына байланысты. Қазіргі уақытта төлемдер басталғаны хабарланды.

Сонымен бірге қоғамда еңбек қатынастарына қатысты түйткілдердің уақтылы шешілмеуі мен бақылау тетіктерінің әлсіздігі жөнінде сауалдар күшейіп отыр.