Munarmedia.kz 12.02.2026 /Астана/ Өзбекстанның Наманган облысына қарасты Чартак ауданында жергілікті тұрғын өз үйінде ұлттық валютадағы 100 және 200 сомдық жалған купюралар басып шығаруды ұйымдастырған.
Жас жігітті Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің жедел қызметкерлері анықтаған. Ол 45 миллион сом көлеміндегі жалған ақшаны «шартты сатып алушыға» өткізуге әрекет жасаған сәтте қолға түсті. Күдікті бұл «тауарын» 18 миллион нақты сомға бағалаған.
Жеке тінту барысында одан қосымша тағы 5 миллион жалған сом табылды. Пәтерін тінту кезінде қылмыстық әрекетті дәлелдейтін айғақтар — ноутбук, түрлі-түсті принтер, арнайы бояулар мен жалған ақша жасауға пайдаланылған қағаздар тәркіленді.
Тергеу барысында күдіктінің бұған дейін де осындай қылмыс жасағаны үшін сотталғаны белгілі болды. Қазір ол Өзбекстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 176-бабы («Жалған ақша, акциздік маркалар немесе бағалы қағаздар жасау және өткізу») бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында қамауға алынды.
Құқық қорғау органдары күдіктінің жалған ақшаның өзге де партияларын айналымға жіберіп-жібермегенін анықтауда.