«Билік адамды өзгертпейді. Ол адамның шын болмысын ашып береді»
— Роберт Каро
Қарапайымдылық: кедейліктің синонимі емес, рухтың өлшемі
Қарапайымдылық деген не?
Бұл – өзіңді кішірейту емес, барыңнан бас тарту да емес. Қарапайымдылық – билік пен байлыққа ие бола тұра, қоғамнан биік тұрмау, өзіңді өзгеден артық сезінбеу, өмір салтыңмен өзгеге жарналамалап, қиналған халықты қорламау.
Философияда қарапайымдылық ішкі тәртіптің белгісі саналады.
Ал саясатта ол — биліктің легитимділігін арттыратын моральдық капитал.
Әлемдік тәжірибеге қарасақ, қарапайымдық пен жоғары лауазым бір-біріне қайшы емес екенін көреміз.
Уругвайдың экс-президенті Хосе Мухика президенттік жалақысының басым бөлігін қайырымдылыққа беріп, ескі көлігімен жүргені үшін «әлемдегі ең кедей президент» атанды.
Бірақ ол кедей емес еді — ол рухани тәуелсіз еді.
Германия канцлері Ангела Меркель сән-салтанаттан қашып, қарапайым өмір салтын ұстанды.
Норвегия, Финляндия, Жапония сияқты елдерде байлықты жария ету — абырой емес, керісінше қоғамдық дискомфорт тудыратын фактор ретінде қаралады.
Бұл елдерде элита қоғамың кедей болса байлығыңды көрсетіп мақтанк этикалық қылмысқа тең деген қағиданы берік ұстанады.
Қазақстандық элита неге қарапайым емес?
Қазақстанда жағдай басқаша. Қымбат көлік, зәулім сарай, брендке толы өмір салты — табыстың емес, арсыздық пен ақымақтықтың, арзан һәм уақытша беделдің өлшеміне айналып кеткен.
Мұның бірнеше себебі бар.
Біріншіден, әлеуметтік жетілмегендік. Ой, сана мен білімнің жеткіліксіздігі.
Кеңестік жүйе адамдарды жоқшылыққа үйретті.
Әр адам тең деген ұранмен элитаның өз байлығын халыққа көрсетуіне жол бермеді.
Жиған терген, ұрлағаны болса да оның қызығын көрсетпеді.
Көптеген қазіргі шенеуніктер мен байлар жоғарыда айтылған байлыққа, билікке қол жеткізе алмаған адамдардың буыны.
Психологияда мұны компенсаторлық мінез-құлық дейді.
Бұрынғы тапшылықтың орнын шамадан тыс тұтынумен толтыру немесе өткеннен өш алу.
Екіншіден, жауапкершіліктің әлсіздігі.
Егер қоғам айтпаса, заң талап етпесе, элита өзін-өзі шектемейді. Қарапайымдылық — ішкі мәдениетпен қатар, сыртқы бақылаудың да нәтижесі.
Үшіншіден, билік пен байлықтың демонстративті сипаты. Саясаттануда бұл құбылыс "показное потребление элиты" деп аталады.
Яғни байлық құрал емес, сигнал. «Мен бәріне қол жеткіздім, мен бәрінен үстеммін» деген белгі.
Кедейлік тек экономикалық жағдай емес, ол әлеуметтік әділетсіздіктің құрбаны, сауатсыз һәм сапасыз экономикалық саясаттың кесірі. Халық күнделікті тіршілік үшін күресіп жатқанда, элитаның үлде мен бүлдеге оранып жүруі ашыған жараға тұз себумен тең.
Философ Джон Ролздың айтуынша, қоғамдағы теңсіздікті тек бір шартпен ғана ақтап алуға болады. Егер бай адам ең әлсіз топтың жағдайын жақсартса, көмек қолын созса, қоғаммен бірге өмір сүрсе.
Ал бізде керісінше байлар мен биліктегілердің бай тұрмысы әлемжеліде насихатталып, жарнамаланып, олардың сөзі биік міңберлерде қолдау тауып жатса, кедейдің үні естілмейді, ешкім естімейді де!
Міне осындай факторлар халық пен билікті алшақтатып, дисбаланс туғызып, сенімсіздікке, агрессияға әкеледі.
Бұл қызғаныш емес, әділеттілікке деген халықтың сұранысы.
Президент бұл мәселені бір емес, бірнеше рет көтерді.
Қарапайым болу, ысырапқа жол бермеу, халықтан алшақтамау туралы ашық айтты.
Бірақ жүйе жеке сөзбен емес, институционалдық тетіктермен өзгереді.
Егер декларация формалды болса,
табыс пен мүлік ашық көрсетілмесе, қоғам элитадан есеп талап ете алмаса, тіпті Президенттің өзі талап еткен моральдық үндеулер нәтиже бермейді.
Саясаттануда бұл нормативтік диссонанс деп аталады.
Жоғарыда дұрыс сөз айтылып, бас шұлғып, бас кабинеттен шыққан соң басқа өмірлерін сүріп жүріп жүре береді.
Қарапайымдылық — кедейлік емес. Ол — ішкі тәртіп, саяси мәдениет және қоғаммен келісім.
Ертең халық байдан емес, арсыздықтан шаршауы мүмкін.
Ал арсыздықтың ең көрінетін түрі көзге ұрған шексіз сән-салтанат пен мәдениетсіздік, халықтан өзін жоғары ұстау мен менсінбеушілік, өзін салығымен асырап отырған халықты "масыл" санау, төмендету.
Егер элита қоғаммен бір толқында болғысы келсе, ең алдымен өмір салтын қайта қарауы керек. Өйткені билік те, байлық та уақытша.
Тақ пен табыттың иесі жоқ дейді дана халық.
Бесіктен бейітке дейіңгі өміріңнің қысқа екенін және ол үшін сұралатынын сезінсе ғана оның өмірі мәнді, қоғамға қадірлі тұлға болар еді.
Ал халық кімнің қалай өмір сүргенімен емес, қоғамды қалай құрметтегенімен өлшейді.
Баяжума Асылбек