2017–2019 жылдары Ақмола облысын басқарған әкім кезінде өңірлік визуалды саясат аясында бірқатар өзгерістер енгізді. Атап айтқанда, облыс эмблемасы жаңартылып, аудан шекараларына жеті түрлі түстен тұратын белгілер орнатылды. Бұл шешім сол кездегі облыс басшылығының тапсырмасымен жүзеге асқан.
Ол уақытта аудан әкімінің орынбасары ретінде аталған нышандардың аграрлық бағыттағы өңірдің тарихи-экономикалық бейнесіне толық сәйкес келе бермейтінін айтқан болатынбыз. Ақмола облысы – кең даласы, егіншілік дәстүрі мен ауыл шаруашылығына негізделген экономикасымен танылған аймақ. Сондықтан өңірлік символикада осы ерекшеліктер көрініс табуы маңызды.
Уақыт өте келе, аталған жеті түсті белгілердің мазмұны мен семантикасына қатысты қоғамда әртүрлі пікірлер қалыптаса бастады.
Кейбір азаматтар бұл белгілердің халықаралық деңгейде белгілі бір әлеуметтік-мәдени қозғалыстардың символикасымен визуалды ұқсастығын атап өтуде. Мұндай ұқсастықтар әдейі көзделген-көзделмегеніне қарамастан, өңірлік нышандардың қоғамдық қабылдануына әсер ететіні анық.
Осы тұрғыдан алғанда, Ақмола облысына тән жаңа өңірлік нышандарды қайта қарау мәселесі өзекті болып отыр.
Мұндай эмблемалар мен белгілер өңірдің негізгі болмысын – кең даланы, егістік алқаптарын, ауыл шаруашылығы еңбегін және тарихи-мәдени ерекшеліктерін айқын бейнелеуі тиіс.
Бұл тек эстетикалық мәселе емес, өңірдің өзін-өзі танытуы мен символдық саясатының маңызды бөлігі.
Өңірлік нышандарды жаңарту мәселесі қоғамдық талқылау арқылы, кәсіби дизайнерлер, тарихшылар және жергілікті қауым өкілдерінің қатысуымен жүзеге асса, оның нәтижесі де мазмұнды әрі қоғам үшін қабылдауға жеңіл болмақ.