Кеше елордада референдумның өткізу күні жарияланғаннан кейін бірден «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» атты Жалпыұлттық коалиция құрылғаны белгілі болды. Ақпаратқа сәйкес, бұл бірлестікке бес жетекші саяси партияның өкілдері мен 300-ден астам қоғамдық ұйым кірген. Екі партия неге кірмегені түсініксіз. Коалиция өкілдері жаңа Конституция жобасы саяси жүйені қоғамның жаңа сұраныстарына сай қайта құрып, «Күшті және Әділетті Қазақстанды» қалыптастырудың іргетасы болады деп мәлімдеді. Коалицияны Мәжілістің қазіргі спикері әрі билік партиясы – Amanat төрағасы Ерлан Қошанов басқарды. Ол жаңа Конституцияны президент бастамалаған ұзақ мерзімді реформалардың логикалық жалғасы ретінде сипаттады. Қолдау білдіргендер қатарында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, сондай-ақ парламентте ұсынылған барлық партиялардың жетекшілері мен фракция басшылары болды. Осылайша, референдумға саяси қолдау институционалдық тұрғыда толық қамтылды. Алайда Қазақстанның саяси тәжірибесінде мұндай форматтағы коалициялар бұрыннан бар. 2011 жылы президент өкілетін ұзарту жөніндегі референдумды қолдау үшін «Қазақстан–2020» коалициясы құрылған еді. 2013 жылдан бастап «Қазақстан–2050» коалициясы билік жүргізіп отырған стратегиялық бағыттарды, конституциялық өзгерістерді, институционалдық реформаларды және саяси символикалық шешімдерді (соның ішінде астананы қайта атау) жүйелі түрде қолдап отырды. Бұл коалициялардың барлығы дерлік бір саяси орталықтың бастамаларын қолдау функциясын атқарды. Құрамында әртүрлі партиялар мен қоғамдық ұйымдар болғанымен, олардың негізгі мақсаты – билік ұсынған шешімдерге қоғамдық-саяси легитимация беру болды. Осы тұрғыда бүгінгі жаңа коалиция бұрынғы тәжірибеден айтарлықтай өзгеше институционалдық модель ұсынып отыр ма деген сұрақ туындайды. Себебі оны басқарушы саяси күш – Amanat партиясы – бұрынғы Нұр Отан партиясының тікелей мұрагері. Партия атауы өзгергенімен, оның саяси рөлі, билік жүйесіндегі орны және шешім қабылдау логикасы түбегейлі трансформацияға ұшырады деу қиын. Соңғы 25–27 жылда Қазақстандағы негізгі саяси шешімдер осы партияның қатысуымен қабылданып келді. Қаншама коалициялар құрылғанмен өзгерген Қазақстан жоқ екендігін мойындауымыз керек. Көптеген әлеуметтік-экономикалық проблемалар 34 жыл бойы шешілмей, жемқорлық пен бюрократия одан сайын өршіп тұрғаны шындық. Сондықтан қазіргі әлеуметтік-экономикалық және институционалдық проблемаларға саяси жауапкершілік мәселесі де объективті түрде осы партиялардың еншісінде. Алдағы парламенттік сайлаулар осы тұрғыдан маңызды саяси кезең болмақ. Олар партиялық жүйенің жаңару деңгейін, саяси бәсекенің шынайылығын және қоғамның билікке деген сенімінің қалай өзгеретінін көрсететін негізгі индикаторлардың бірі болады. Референдум мен оны қолдайтын коалицияның шапасы тек ұран немесе құрғақ сөз емес, нақты іспен бағалану қажет. Халық мемлекеттің партиялық ұранын емес нақты әлеуметтік саясатын өзгертіп, дамыған елмен қатар бай, қуатты, берекелі халқы да болғанын қалайды. Мұндай саяси алаңдарға баға беру тек саяси декларациялар арқылы емес, институционалдық тәжірибе мен нақты реформалық нәтижелер арқылы жүргізілуі тиіс