Президент Үкімет отырысында халықтың табысын арттыру және өмір сүру сапасын жақсарту жөнінде нақты тапсырма берді. Бұл – дұрыс әрі уақытында айтылған мәселе. Өйткені кез келген саяси немесе институционалдық реформа, егер ол азаматтардың күнделікті табысына тікелей әсер етпесе, қоғам үшін мәнсіз болып қалады. Соңғы жылдары өңірлерде мектеп, балабақша, спорт кешендері, жол және ауызсу инфрақұрылымы қарқынды салынуда. Бұл – мемлекет міндетті түрде атқаруы тиіс базалық функциялар. Алайда инфрақұрылымның өзі жеткіліксіз. Мәселе – сол мектептерде сапалы білім беретін мұғалімдердің бар-жоғы, медицина нысандарында білікті кадрлардың қалуы, өңірлерде ашылып жатқан өндіріс орындарының еңбекақы деңгейі. Бүгінгі шындыққа келсек, көптеген жаңа өндірістерде ұсынылатын жалақы 150–300 мың теңге шамасында. Ал азық-түлік, киім-кешек, коммуналдық қызмет пен тұрғын үй бағасы бірнеше есе өскен жағдайда бұл табыс азаматтың базалық қажеттіліктерін әрең жабады. Мұндай жағдайда адам еңбек етіп, дамуға емес, тек тамақ пен киімге жұмыс істеуге мәжбүр. Нәтижесінде еңбекке қабілетті азаматтардың бір бөлігі шетелге кетіп жатыр. Себебі ол жақта, тіпті қарапайым құрылыс саласында да, еңбек ақысы айтарлықтай жоғары, жұмыс уақыты реттелген, ең бастысы – жұмысшы құқығы нақты қорғалады. Бұл – ішкі еңбек нарығындағы жүйелі проблемалардың айқын көрінісі. Жүйелі реформа Конституцияны өзгерту, коалиция құру немесе Ұлттық арна арқылы мәлімдеме жасаумен шектелмеуі тиіс. Реформаның басты өлшемі – халықтың нақты табысы мен әлеуметтік қауіпсіздігі. Егер билік халықтың қолдауына ие болғысы келсе, алдымен адамдардың экономикалық жағдайын жақсартуға міндетті. Тұрғын үй саясаты да осы қатардағы өзекті мәселе. Бұрын әлеуметтік санаттағы азаматтарға әкімдіктер арқылы берілетін тұрғын үйлер бүгінде толықтай банк жүйесіне тәуелді етілді. Әлеуметтік әлсіз топтардың өзі бастапқы жарна төлеп, 7–15 жылға несие алуға мәжбүр. Бұл – әлеуметтік қолдауды қаржылық міндетке айналдыру. Мемлекеттің жауапкершілігі банктерге ығыстырылып, ал тәуекел халықтың мойнына артылды. Айыппұлдардың көбеюі, шектеулердің артуы, әлеуметтік қысым – мұның барлығы Парламент арқылы заңдастырылды. Бір жағынан халыққа әлеуметтік уәде беріліп, екінші жағынан сол халықтың жағдайын ауырлататын нормалар қабылдануда. Бұл – қоғамда сенім дағдарысын тереңдететін фактор. Формальды сайлаулар мен референдумдар өткізілуі мүмкін, бірақ егер олардың нәтижесі алдын ала белгілі болса, бұл қоғамдық келісімді нығайтпайды. Керісінше, саяси апатия мен немқұрайдылықты күшейтеді. Ал ондай жағдайда «алдағы он жылда халықтың табысы өседі» деген уәде қоғам үшін сенімсіз болжам болып қала береді. Сондықтан мәселе жекелеген шешімдерде емес, экономиканы басқару философиясында. Дағдарыс жағдайында стандартты әкімшілік тәсілдер емес, нақты нәтижеге жұмыс істейтін, жауапкершілікті өз мойнына алатын кәсіби кризис-менеджерлер қажет. Халықтың табысы мен өмір сапасы биліктің басты көрсеткішіне айналмайынша, жағдай түбегейлі өзгермейді.
Баяжума Асылбек