Астанада жаңа Конституцияны сынаған тұрғын 15 тәулікке қамалды

41

Munarmedia.kz 23.02.2026 /Astana/ Астана қаласының 32 жастағы тұрғыны, екі баланың әкесі, барбер Кантемир Алмышев 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Ол бұған дейін әлеуметтік желілерде жаңа Конституцияға енгізілген өзгерістерге қатысты сыни пікірлер жариялаған.

Алмышев өз жазбаларында Негізгі заңды «ешкім сенбейтін қарапайым дәптерге» теңеп, түзетулердің қабылдануы «суперпрезиденттік» басқару үлгісіне қайта оралуы мүмкін екенін айтқан. Сондай-ақ ол жаңа құжатты «ықтимал ірі экономикалық және банк дағдарысы қарсаңындағы сақтандыру тетігі» деп сипаттаған.

Кейін ол жазбаларына алдымен әкімдік, содан соң полиция тарапынан назар аударылғанын мәлімдеген. Оның айтуынша, құқық қорғау органдары сын-пікірлерін тоқтатуды сұраған, алайда ол өз сөздерінің заңға қайшы емес екенін алға тартып, бас тартқан. 20 ақпан күні кешке полицейлер оның шаштараз салонына келіп, бөлімшеге алып кеткен.

Image


Сот материалдарына сәйкес, қамауға алу себебі Конституцияға қатысты сын емес, Threads әлеуметтік желісіндегі бейәдеп сөздер болған. Алмышев парақшасында әзілкеш Нурлан Сабуровке қатысты балағат сөздер жариялаған. Сот мұны «қоғамдық тәртіп пен тыныштықты бұзу, айналаға құрметсіздік таныту» деп бағалаған.

Сот шешімімен Алмышев Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы 1-бөлігі («Ұсақ бұзақылық») бойынша кінәлі деп танылып, осы бапта көзделген ең жоғары жаза — 15 тәулік әкімшілік қамауға алу жазасына кесілді.

Қаулыда «әлеуметтік желіде жарияланған бейәдеп лексика қоғамдық тәртіп пен қоғамдық моральді қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастарға зиян келтірді» деп көрсетілген.

Іс Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотында қаралған. Қамауға алу туралы шешім 21 ақпанда шығарылып, кейін сот актілері базасында жарияланған. Шешімді судья Сәуле Әбішова қабылдаған.

Айта кетейік, дәл сол кеште полиция Алмышевті алып кеткен уақытта «Барыс» хоккей клубының ойынында жаңа Конституцияны қолдауға арналған акция өткен. Қала әкімдігінің мәліметінше, жанкүйерлер «Жаңа Конституция үшін» деген жазуы бар туды жайып, «азаматтық ынтымақ пен жаңару бағытын қолдау» белгісін білдірген.