Munarmedia.kz.10.07.2025 ж. /Астана/-Біріккен Ұлттар Ұйымының Еркінен тыс ұстау жөніндегі жұмыс тобы таяуда Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтың қызы Гүлнара Каримоваға қатысты қорытындысын жариялады. Құжатта Каримованың 2014 жылы тұтқындалуы мен оған қатысты қолданылған шектеу шаралары заңсыз деп танылған.
Аталған құжатта Каримова 2014 жылы ордерсіз ұсталғаны, кәмелетке толмаған баласымен бірге 18 ай бойы үйқамақта болғаны жазылған. Бұған қоса, 2015 жылғы 21 тамызда өткен сот отырыстарының бірі тікелей оның асүйінде өткізілгені, бұл жайт үкімнің өзінде көрсетілгені баяндалған. БҰҰ тобының мәліметінше, сот жабық жағдайда, форма киген адамдардың қоршауында, адвокат жалдау немесе куәгерлерді шақыру мүмкіндігінсіз өткен.
БҰҰ жұмыс тобы мұндай әрекеттер адам құқығына, әділ сотқа және айыпталушының кінәсіздік презумпциясына қайшы келеді деп мәлімдеді. Алайда, құжатта Гүлнара Каримованың кінәлілігі туралы құқықтық баға берілмеген.
Ташкенттің ресми жауабы
Өзбекстан билігі БҰҰ тобының бұл қорытындысымен үзілді-кесілді келіспейтінін мәлімдеп, ресми түрде жауап қайтарды. Ресми мәлімдемеде тергеу мен сот процестерінің барлық кезеңдерінде Каримова қорғану құқығына толық ие болғаны айтылған.
Бұқаралық ақпарат құралдарында тараған «асүйдегі сот», ұзаққа созылған оқшаулау мен ордерсіз тұтқындау сияқты тұжырымдарды Ташкент негізсіз және шындыққа жанаспайтын деп атады. Биліктің уәжінше, процессуалдық іс-әрекеттер мен сот отырыстары бекітілген заңнамалық нормаларға сәйкес өткен.
Өзбекстан сонымен бірге Каримоваға қатысты іс жүргізудің саяси астары бар деген мәлімдемелерді теріске шығарды. Ресми нұсқаға сәйкес, Гүлнара Каримова салықтан жалтару, табыстарды заңсыз ақшалау, алаяқтық және мүлікті иемдену секілді ауыр қылмыстар бойынша сотталған.
Халықаралық контекст
Гүлнара Каримоваға қатысты тергеу 2012 жылы Еуропада басталған. 2018 жылы Швейцария соты оны 555 миллион АҚШ долларынан астам қаражатты заңсыз ақшалау ісі бойынша кінәлі деп таныған.
Өзбекстанда Каримова үш рет сотталды – 2015, 2017 және 2020 жылдары. Қазіргі уақытта ол Ташкент түбіндегі Зангиата колониясында 13 жылдық жаза мерзімін өтеп жатыр.
2025 жылғы 8 шілде күні, яғни Каримова 52 жасқа толған күні, оны туысы – жиені Марьям Тилляева колонияда барып көргені туралы ақпарат тарады. Тилляева туған күнімен құттықтап, бұл туралы көпшілікке жария етті.
БҰҰ-ға сын және халықаралық шиеленіс
Өзбекстан тарапы БҰҰ жұмыс тобын Гүлнара Каримова ісіне қатысты біржақты және субъективті көзқарас танытты деп айыптап отыр. Атап айтқанда, Ташкент өз уәждерін қамтыған ресми жауап-хатты жолдағанын, алайда БҰҰ құрылымы бұл ақпаратты ескермей, қорытындыны бейтараптық пен объективтілік принциптеріне қайшы түрде жария еткенін мәлімдеді.
Бұл жағдай халықаралық құқықтық институттар мен постсоветтік мемлекеттер арасындағы адам құқықтарына қатысты өзара түсініспеушіліктер мен сенім дағдарысының тағы бір көрінісі ретінде бағалануда.