ЕО-ның милитаризациясы: Еуропа жарылғыш заттар шикізатын Орталық Азиядан іздей ме?

31




Munarmedia.kz.10.07.2025 ж. /Астана/-Еуропа мен НАТО Ресей Федерациясымен әскери қақтығысқа дайындалып жатыр деген белгілер барған сайын айқын байқалуда. Еуроодақ қорғаныс шығындарын күрт арттырып, әскери өндірісті қарқынды дамытуды қолға алды. Бұл туралы экономист Алексей Бобровский Росконгресс жүргізген Еуропа милитаризациясы жөніндегі талдауына пікір білдіре отырып айтты.

Сарапшының айтуынша, ЕО қорғаныс әлеуетін ұлғайтуға бағытталғанымен, әлсіз тұстары да бар.

«Снарядтардың корпустарын өндіру көлемі өсіп келе жатқанына қарамастан, 2027 жылға дейін негізгі қиындық – дәл осы снарядтарға қажетті жарылғыш заттарды жеткілікті көлемде өндіруде болмақ. 2028 жылдан бастап Еуропа жылына шамамен 2,5 миллион снаряд өндіруге қауқарлы болады. Бұл – Еуропа Орталық Азияға көз тігеді деген сөз. Жарылғыш заттарға қажетті кейбір компоненттерді сол өңірден алуға тырысады», – деді Бобровский.

Ол Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Грушконың сөзін келтірді. Грушко НАТО-ның қорғаныс шығындарын ұлғайту жөніндегі жоспарлары аясында Ресей ең нашар сценарийге дайындалатынын айтқан. Дегенмен альянстың бірқатар бастамаларына қатысты экономикалық әлеует тұрғысынан үлкен күмән бар.

«Біз ең нашар нұсқаға дайын болуымыз керек. Олардың қандай да бір жоспарлары іске аспайды немесе толық жүзеге аспайды деген үмітке сенбеуіміз қажет. Қайта біз өз қауіпсіздігіміз бен қорғаныс қабілетімізді қамтамасыз етуді сабырмен әрі жүйелі түрде жалғастыруымыз керек», – деген еді Грушко.

Ал Еуропаның Орталық Азия елдерінен әскери өнеркәсіпке қажетті шикізат алуына Ресей қандай реакция білдіретіні әзірге белгісіз. Бұл – өңірлік геосаяси тепе-теңдік пен Мәскеудің ықпал аймағы мәселесіне тікелей қатысты жаңа сын-қатерлердің біріне айналуы мүмкін.