Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
N/A Астана
USD 467.29
Menu

Асылбек Байжұмаұлы. Пенденің соңғы сапары және оны қалай атқарып жүрміз?

426



Өмір бар жерде өлім бар. Ол хақ. Өлмейтін шайтан ғана. Адам болған соң кезегі келгендер кетіп, кезегі келмегендер күтіп жүреді.

Біреуді тез, біреуді қинап алады. Хош, оны түсіндіруді имамдарға қалдырайық.

Өткенде "Қазақтың тойы шектен шықты" деген мақаламда тойдағы дарақылықтар мен әбестіктер туралы жазып едім.

Ондағы ойым қазақты масқаралау емес, ойын түзесін, оңтайландырсын, мына тар жол, тайғақ кешу заманда қарызға батып, қайғы жұтпасын. Шағындап өткізсін деген оймен жазып едім.

Енді өлім де бізде жарысқа айналды. Талай жақын, жуық, таныс адамдардың жаназасына, асына қатысып "Аллаһым мына құлыңды қинай көрме. Кешіріп жәннаттан орын бер" деп жалынып, дұға жасап жүреміз.

Қазақта "қаза шыққан үйде қазан асылмайды" деген мақал бар.

Жақының қайтыс болса қазаға қайғыруға уақыт таппайсыз. 

Кафе, жылқы, продукті іздеп кетесіз.

Бұрыңғы аталарымыз көздері тірісінде келін, қыздарын жинап жоқтау айтқызып, сынап жататын.

Жоқтаусыз кетті деген жаман сөз деп.

Аналарымыз жаман айтпай, жақсы жоқ деп жоқтау жаттап жүретін.

Қазір ше? Қаншама өлімде болсам да үлкен апалар болмаса орта жастағылар арасынан жоқтау айтқан әйелдерді көрмеппін.

Көбі зират басына келген соң көптен көрмеген дос, туысымен кездесіп, қауқылдасып, қарқылдасып, әңгіме соғып тұрады.

Тірісінде сыйламағандар өлгенде де сыйламайды екен ғой деген ой келеді.

Не өлгенге, не туыстарына деген құрмет жоқ. Несіне келеді.

Өлімдегі ас мәзірінде ҚМДБ бекіткен ережеге сай өткізбейді ғой.

Имамдар қанша айтып жатса да жалған намыс жайлаған қуыс кеуделер атақ үшін аста-төк дастархан жаяды.

Бұл қаза шыққан үйге көмек, қамкөңілдерін басу үшін емес, "обед уақыты тамақ ішіп алайық" десіп, молданың уағызын тыңдамай әңгіме соғып отыратындардың әрекеті.

Өлген адамға берілген ас емес дұға ғана қажет екенін біле тұра білмегенсиді.

Бұрын өлімде молдалар ғана сөйлейтін. Қазір тіпті ас жүргізетін асаба бар.

Ал сосын ақсақалдар, қара сақалдылар, иегінде түгі жоқтар кезек кезек микрофон алып естелік айтып кетеді.

Ондағысын жылап тұрып, Құдайдан көмек сұрап, өлімнің хақ әрі нақ екенін біліп тұрып, ғибратты сөйлесе игі.

Қаза болған адаммен қаншалықты жақын екенін білдіру үшін ғана сөйлейді.

Апыл-ғұпыл ас ішкен соң асыға  тұрып, артына қарамастан, әйтеуір көріндік ғой деген сезіммен   кетіп қалады.

Ең сорақысы дастархан тонау.

Бұл үрдіс әсіресе солтүстік өңірлерде белең алып кеткен.

Үйінде аш отырғандар барма? Әлде осы өлім "менің отбасыма жұғысты болсын" деген ниеттен бе? 

Алдындағы табақтарды түгел пакетке бөліп салып алады.

Бұрын әжелеріміз тойдан сарқыт деп қалтасына бір, екі тал кампит әкелетін. Қазір бір пакет әкеледі.

Өлімнен бірдеңе әкелгенін көрмеппін.

Ең сорақысы ата сақалы аузына түскен, аузында "Фатихасы"жоқ шалдардың бөліп алатындығы.

Ұялмай дастархандағы етті туратпастан мүшелеп бөліп отырған "генерал" шалдарды талай көрдік.

Оларды ақсақал, қария деуге аузым бармайды. "Шал" нақты берілген анықтама.

Кейде қарап отырып ұяласың. Кейде ақырзаман болар да адамдар мәйітті көріп күледі деген сөз есіме түсіп, шынымен жақындап қалды ма? деп те ойлайсың.

Сонымен біздің өлім де жарыс, той да жарыс.

Қаза шыққан үйге көңіл айтудың орнына қарызға батырып, қайқайып тұрып қалғанын тонап кетеміз.

Жерлейтін жерің, жататын көріңде сатулы.

Оның үстіне өзгемен бірдей ғып қорған тұрғызып беретін фирмалар бар. 

600 мың берсең идеальный ғып жеріңді қазып, қорғаныңды тұрғызып, тасыңды қойып, рнн, сигіңмен қоса жұмаққа жолдама алып беруден тайынбайды.

Бұл үрдіс астана іргесінде үлкен бизнеске айналғалы қашан?

ҚМДБ-ның жерлеу рәсімі туралы ережесіне пысқырып та қарамайтын пысықайлар, өлімнен де қорықпай, өлгенді де аямай тонап жатқанын көріп, ұялып отырам. Шыдай алмай айтып қалған кезімде болды.

Қашан қоямыз? Қазақ мәдениеті қандай мәдениетке айналып барады?

Руханият, ар-ұят дегенді қалтаға салып қойдық па? Той тойласақ кем дегенде кедейің 5 млн, байың 100 млнға дейін шашады.

Өліп қалсақ отбасын сені "абыроймен" жерлеу үшін жоқ дегенде 3 млн жұмсайды.

Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос" деген Абай атамыз.  

Менің достық ниеттегі жанайқайымды дұрыс түсініңіздер.

Мен де өлермін. Бірақ артымдағы бала шағамды қинап өлгім келмейді.

Ас беріп жатыр ма?, естелік айтып тұрма маған бәрібір. Мен естімеймін, көрмеймін. Себебі мен қараңғы көрде жалғыз өзім өткеніммен алысып жатуым мүмкін.

Қадірлі ағайын! Қазақ десең өзіңе тиеді. Түзелейікші. Дұрысталайықшы. Ақыл айтар ақсақал, абыздарымыз қайда? 

Артығы болса кешіріңіздер. Бұл менің жеке пікірім. Келісу, келіспеу өз еркіңізде. Алайда айту парызым. Абай атамыз айтқан бес жаманның бесеуін де жасамай, есімізді жинайықшы!