Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
N/A Астана
USD 467.29
Menu

Асылбек Байжұмаұлы. Қазақстанда қазақ тілін қорғайтын қоғам құру керек

310


Ана тілің арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте.

Қадыр Мырза Әли

Қытайдың атақты ойшылы Конфуции "Егер мен бір елге басшы болсам еш әрі-сәрі болмастан, ұлттың тілін тәртіпке салар едім" депті. Мұны естіген өзгелер қайран қалып, себебін сұрапты. Сонда Конфуций: "Бір ұлттың тілі бұзылса, сол ұлттың рухы мен әдет-ғұрпы бұзылады. Егер бір ұлттың рухы мен әдет-ғұрпы бұзылса, әділет және ақиқат жоғалып, халық шарасыздықтан жойылу қаупіне душар болады.

Тәуелсіздік алған 34 жылда қазақ тілін қасиетті тұғырына, төріне қондыра алмай жетім балаша босағаға отырғызып келеміз. Тіпті соңғы уақытта қазақ тілінің қадірі кетті. Кезінде экс президент Н.Назарбаев «Халқымыздың саны 85 пайыздан асқанда барлық іс-қағаздар қазақша сөйлейді» деген еді. Оны күтіп жүргенде зейнеткерлікке шығып кететін түріміз бар.

Елбасы кетіп, ел жаңарып  «Жаңа Қазақстан» келді деп, бәленің барын «Ескі Қазақстанға» жауып жүргенде биік мінбердегі популистер қазақ тілінің мәртебесін тіптен түсіріп тастады.

Сонау 20 жылдары қолынан қан тамған Кеңестік дәуірде іс-қағаздарын қазақшаға ауыстарған премьер-министр Сәкен Сейфуллиндер неткен батыр адамдар болған. Біздің елімізде статистика бойынша қазақ халқының саны 70 пайыздан асса да, қазақ тілі Конституциямызда «мемлекеттік тіл» деп жазылып тұрса да ешкім қыстырар емес. Еліміздегі 7 мыңға жуық мектептің 30 пайызы орыс тілді, аралас мектептер дейміз. Тіпті қазақ тіліндегі мектептерді бітіргендердің өзі шүлдірлеп қазақша сөйлеседі. Енді жақында біздің сеніп жүрген Мәжілістегі депутаттарымыз «Орыс тілін қолдау қоғамын» құруға бірауыздан дауыс беріп айды аспаннан шығарды. Ютуб-каналдар мен телеарналарда «елім», «халқы», «тілім» деп емешегі үзілетін, Парламентте  «қазақ тілінің болашағына алаңдап» қатты қайғырып жүретін ағаларымыз қолдап жіберді. Екіжүзділік, принципсіздік, мінезсіздік пен білімсіздік жаулағандардың ұлтының болашағы үшін бір сөз айта алмағандары үшін құндары көк тиын.

Ертең-ақ тағынан түскенде халық талап жейді. Қазіргі таңда барлық мемлекеттік органдарда іс-қағаздар бірінші орысша жазылып, сосын қазақшаға аударылады. Қазақ тілін меңгергендер екінші сортты мамандар. Ауызекі сөйлеу тілін білсе де, ауыз әдебиетінен бейхабар адамдар отырған соң солай болады да. Ал жеке сектор мен квазимемлекеттік секторда тіпті жағдай сорақы. Барлық бухгалтерлік есептер орысша тапсырылады. Қысқасы Қазақстанда өмір сүргің келсе, орысша білуің керек. Атажұртым деп, ана тілімді, ата салтымды сақтаймын деп көшіп келген қандастарымызда мұны көріп, жағаларын ұстап отыр. Қазақстанда керісінше қазақ тілін қорғау керек. Орыс тілін кімнен қорғамақшы? Кім қолдамай отыр?  Осыны түсіндіріп беретін бір жан бар ма?

Орыс тілінде әлемде шамамен 260 миллион адам сөйлейді, оның ішінде 150 миллионнан астам адам оны ана тілі ретінде қолданады. Орыс тілі негізінен Ресейде, Қазақстанда, Беларусьте, Қырғызстанда және басқа бұрынғы Кеңес Одағындағы мемлекеттерде кеңінен таралған.

Орыс тілі  БҰҰ-ның және ЕЭО-ның ресми тілдерінің бірі болып табылады және әлемнің көптеген елдерінде екінші тіл ретінде оқытылады. Сонымен қатар, орыс тілі бірнеше халықаралық ұйымдардың ресми тілдерінің бірі болып табылады.

Орыс тілінің Қазақстанға ықпалы тарихи және әлеуметтік тұрғыдан айтарлықтай күшті. Тәуелсіздікке дейін, яғни Кеңес Одағының құрамында болған кезеңде, орыс тілі негізгі тіл ретінде қолданылды, бұл оның мәдени, білім беру, мемлекеттік және ресми салада кең таралуына әкелді.

Орыс тілі Қазақстанда мектептер мен жоғары оқу орындарында оның ішінде инженерлік, ғылыми және техникалық пәндердің барлығы орыс тілінде жүргізіледі. Себебі, елімізде ғылым саласы кенже қалғандықтан, орыс тілінде жазылған ғылыми еңбектермен жастарға білім беруге мәжбүрміз. Тіпті көптеген ғалымдарымыздың өзі ғылыми, зерттеу жұмыстарын орысша жүргізетіні өтірік емес. Міне, бүгін келіп жатқан Ресейдің президенті Қазақстаның оңтүстігінде үш орыс тілді мектеп салуға ұсыныс берді. Ол міндетті түрде орындалады. Ал қазақ тілді мектептерді Қосағашта, Орынборда тіпті Мәскеуде неге салмайды?  Жақында орыстың 50 университетінің басшылары келіп, конференция өткізіп, жастарды Ресейдің жоғарғы оқу орындарында оқуға түсуге насихаттап жатыр. Мен орыс халқына қарсылығым жоқ. Олардың тілін мен мәдениетін қазақтай сыйлайтын ел жоқ. Кавказ елдері мен Өзбекстан, Түркіменстан, тәжіктер сынды орыс тілін әжуалап, акцентпен сөйлемейміз. Құдай шүкір, мақалдап отырып, орыстың өзінен асып түспесек кем қалмаймыз. Зерек халықпыз ғой. Ал "казахтарымыз" ана тілім деп тіптен қорғайды.

Сонда кімнен орыс тілін қорғауымыз керек. Қазақ тілін дамытудың жалғыз жолы латын қарпіне тезірек көшу. Сонымен қатар елде ағылшын тілін жаппай оқыту керек.

Мысалға «Википедияда» 7 миллионға жуық мәлімет ағылшын тілінде болса, орыс тілінде 1,5 миллион мәлімет ғана бар. Ағылшын тілін білмегендіктен біз осы 1,5 миллион ақпараттың шеңберінен аса алмай жүрміз. Хош, арамызды 7 мың шақырым бөліп тұрған көршіміз дейміз. Көрші ақысы, тәңір ақысы деп жатады. Бірақ сол көршлерімізде бізге сый, құрмет танытсын. Бізде қалмаспыз. Демек, қазақ тілі нақты тұғырына қону үшін әлі де барз жылдар қажет екені белгілі болып отыр. Сондықтан еліміздегі белсенді азаматтарды, қоғам қайраткерлерін «Қазақ тілін қорғау» қорын құруға шақырамын. Ұлттық салт-санамызды, болмысымызды, тілімзді қалыптастаратын қоғамдық орталық Астанада құрылып, барлық филиалдары елімзідң түкпір-түкірінде тынымсыз жұмыс жасау керек.

Нақты қадамды өзіміз жасамасақ, болашағымыз бұлыңғыр болып барады. Әрине барлығы еліміздің заңдарының аясында жасалуы керек.