Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Асылбек Баяжума.Гренландия: Бостандыққа пен тәуелділік арасындағы таңдау

66


АҚШ- президенті Дональд Трамп Атлант мұхитының арғы жағындағы дауылды күшейтпей тұрып-ақ, 2025 жылдың қаңтарында Копенгаген «мінсіз дауылды» бастан кешірді. Дания дипломаттары Трамптың халықаралық қатынастардағы әдеп нормаларын, дипломатиялық дәстүрлерді және әділеттілік принциптерін аяқасты еткеніне таңданысын жасырмады.

Бұл бірінші жағдай емес. Трамп бұған дейін де Гренландияны сатып алу туралы ұсыныс жасаған еді. Бірақ бұл жолы ол өз талабын тікелей қоқан-лоққымен байланыстырды. Бұндай әрекет одақтастармен қарым-қатынаста өте әдепсіз және халықаралық қауымдастықтың АҚШ-қа деген сенімін шайқалтумен қатар, Американың ең басты артықшылығы саналатын жұмсақ күш (Soft Power) қағидатына да нұқсан келтірді.

Халықаралық саясаттанушы Джозеф Най сипаттағандай, жұмсақ күштің үш негізгі көзі бар: мәдениет (егер ол басқаларға ұнаса), саяси құндылықтар (егер олар сақталса), және саясат (егер ол заңды әрі әділетті деп танылса). Алайда Трамп осы үш тіректің бәрін жойып жіберуге қауқарлы. Ол өз саясатын күштеп таңатын автократтар қатарына қосылып, АҚШ-тың ғасырлар бойы қорғаған заң үстемдігі мен халықаралық тәртіп қағидаларын аяқасты етуде.

Гренландияны иемдену әрекеті: империализмнің жаңа түрі ме?

Трамптың Гренландияны сатып алуға деген қызығушылығы 2019 жылы басталды. Ол кезде Данияның жаңа сайланған премьер-министрі Метте Фредериксен бұл ұсынысты «абсурд» деп бірден жоққа шығарды. Трамп бұл жауапты жеке басына жасалған қорлық ретінде қабылдаған болуы мүмкін, себебі 2025 жылғы қаңтардағы телефон арқылы сөйлесуінде ол Фредериксенмен әдептен тыс дөрекі тілде сөйлесті.

Оның Гренландияға қатысты ұстанымы тек сыртқы саясатпен ғана шектелмейді. Ішкі саяси мүдде де маңызды рөл атқарады. Егер Трамп Гренландияны бақылауына алса, бұл оның Make America Great Again саясатының ең үлкен жетістіктерінің бірі болар еді. Бірақ Трамптың Канадаға мұндай көзқарас танытпағаны да қызық. Оның басты себебі – Канада тек жер көлемі бойынша емес, либералдық көзқарастағы сайлаушыларымен де ерекшеленеді. Ал Гренландияда 57 мың ғана адам тұрады, оның ішінде жоғары білімі бар азаматтар өте аз. Осылайша, аралды өз бақылауына алу АҚШ ішіндегі оңшыл саяси күштерге тиімді болуы мүмкін.

Геосаяси ойыншылар: Қытай, Ресей және АҚШ қақтығысы


Гренландия – тек АҚШ-тың ғана емес, басқа да ірі державалардың мүддесіне сай келетін аймақ. 15 жыл бұрын Дания Азия елдерінің Гренландия мен Фарер аралдарына инвестиция салуына ықпал етуге тырысты. Бұл арқылы Копенгаген автономиялармен қарым-қатынасын нығайтып, олардың тәуелсіздікке ұмтылысын бәсеңдетпек болды.


2013 жылы Қытай Арктика кеңесіне бақылаушы мәртебесін алып, Гренландияда инфрақұрылымдық жобаларға қатысуға мүмкіндік алды. Осы орайда, Қытайдың China Communications Construction Company (CCCC) компаниясы Гренландия әуежайларын жаңғырту жобаларына серіктес болуға ниет білдірді. Алайда CCCC-ның 70%-ы Қытай үкіметіне тиесілі және ол Пекиннің «Бір белдеу – бір жол» бастамасының маңызды бөлігі болып табылады. Сонымен қатар, бұл компания Қытай әскери нысандарына қызмет көрсетеді. Осы себепті Копенгаген Гренландиядағы инфрақұрылымдық жобаларды ұлттық қауіпсіздікке қатер ретінде қарастырып, оған тосқауыл қоюға тырысты.

Ал Ресей Гренландияны өз мүдделері тұрғысынан қалай қабылдайды? Бұған дейін Ресейдің Арктикаға қатысты стратегиясында Гренландия маңызды рөл атқармаған. Бірақ егер АҚШ аралдағы әскери инфрақұрылымын күшейтсе, Мәскеу бұл қадамды өзіне төнген қауіп ретінде бағалауы мүмкін. Себебі Гренландия Солтүстік флоттың бақылауындағы Ресейдің ядролық арсеналдарына жақын орналасқан.

Гренландияның таңдауы: Даниямен тең әріптестік пе, әлде жаңа тәуелділік пе?

Гренландияның болашағы екі түрлі сценарий бойынша өрбуі мүмкін. Біріншісі – арал Даниямен тең дәрежеде әріптестік орнатып, тәуелсіз мемлекет ретінде халықаралық қауымдастыққа интеграциялануы. Екіншісі – ол АҚШ-тың жаңа протекторатына айналып, Трамптың America First саясатының құрбаны болуы.

Трамптың әрекеттері Гренландиядағы тәуелсіздік қозғалысына тың серпін берді. Бұрынғы сыртқы істер министрі Пеле Броберг бастаған Naleraq радикалды партиясы Даниядан барынша тезірек бөлініп шығуды қалайды. Ал қазіргі премьер-министр Муте Боруп Эгеде жетекшілік ететін Inuit Ataqatigiit (IA) партиясы да тәуелсіздік идеясын қолдайды, бірақ экологиялық және экономикалық мәселелерді ескере отырып, біртіндеп әрекет етуді жөн көреді.

2025 жылдың 11 наурызында өтетін парламенттік сайлауда IA партиясы коалициялық серіктесі – социал-демократиялық Siumut («Алға») партиясымен бәсекеге түседі. Siumut партиясы тәуелсіздікке қол жеткізу үшін уран өндіруге қойылған шектеулерді жеңілдетуді ұсынуы мүмкін. Осылайша, Гренландияның саяси бағыты алдағы сайлау нәтижесіне тікелей байланысты болмақ.

Гренландияның басты мақсаты – Даниядан тәуелсіздік алу. Бірақ бұл мақсатқа жету үшін арал АҚШ-қа тәуелді болуға дайын ба? Бұл сұрақтың жауабы алдағы саяси процестерге байланысты. Егер Вашингтон Гренландияны өз мүддесіне пайдаланып, оның өзін-өзі басқару құқығын елемесе, онда бұл тәуелсіздік үшін күрескен халықтың үмітіне қарсы соққы болмақ.

Қазіргі таңда АҚШ өзінің жолын таңдады. Бірақ Конгресс ел Конституциясын құрметтейтін болса және Америка неоимпериялық жолға түспесе, Гренландия Red, White & Blueland (АҚШ туының түстері) емес, өзінің ұлттық туындағы қызыл және ақ түстермен қала береді.