Атбасар колониясының қызметкерлері сотталды

61

Munarmedia.kz.15.11.2026.ASTANA-Қазақстанда сотталғандарды ұрып-соғу ісі бойынша колонияның бұрынғы 12 қызметкеріне бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Тұтқындардың азапталып, соққыға жығылған сәттері түсірілген бейнежазбалар 2023 жылдың тамызында жарияланып, қоғамның наразылығын тудырған еді. Азапталғандардың арасында саяси белсенді Тимур Данебаев та болған.

Бастапқыда бұл іс азаптау бабы бойынша тергелгенімен, кейін айыптау құрамы лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану бабына өзгертілген.

Сот 12 айыпталушының барлығын Қылмыстық кодекстің 362-бабының 1-бөлігі (билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану) бойынша кінәлі деп танып, әрқайсысына екі жыл бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.

Алайда рақымшылық туралы заңды ескере отырып, бұрынғы тоғыз қызметкердің жазасы бір жылға дейін қысқартылды. Оларға пробациялық бақылау белгіленді. Ал қалған үш адам тергеу кезінде қамауда болған уақытын есепке алу нәтижесінде жазадан босатылды.

Сонымен қатар сотталғандардың барлығына үш жыл бойы құқық қорғау органдарында жұмыс істеуге тыйым салынып, арнайы әскери атақтарынан айырылды.

#Қазақстан #Азаптау #Түрме #ТимурДанебаев #Сот #Munarmedia