Алматы әуежайында кепілге алынған адамды құтқару оқиғасы біздің полицейлердің дәрменсіздігін әшкерелегендей болды.
Шабуыл жасаған қылмыскерді ұстаған Мұса Әбдірайым сіз бен біз секілді қарапайым азамат. Ал "халықтың қауіпсіздігіне жауапты" полиция қызметкерлері сол кезде шарасыздық танытты.
Тоқаевтың жарлығымен Мұса Әбдірайым "Ерлігі үшін" медалімен марапатталды. Бұл, әрине, оған көрсетілген лайықты құрмет.
Алайда мәселенің түп төркіні шешілмеген күйі қалып отыр: біздің полиция осындай форс-мажор кезде азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғауға қаншалықты дайын? Мұндай пікірдің туындауына дәлелді мысалдар аз емес.
Бірнеше жыл бұрын Алматыда араққа тойып алған азамат полиция қызметкерінің қаруын тартып алып, қаланы дүрліктіргенде де, қылмыскерді ұстаған жай ғана күзетші еді. Ал 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде полицейлердің басым бөлігі жертөлеге жасырынып, кейін "қауіп сейілген соң" ғана төбе көрсеткені жұрттың есінде.
Осыдан соң, "Полиция кім үшін, не үшін құрылған?" деген заңды сұрақ туады. Шындығында, құқық қорғау органдары осындай кезде қарапайым халыққа қол ұшын созуға қауқарсыз.
"Қоғамдық қауіпсіздікке жауап бере алмайтын полиция неге керек? Қоғамды, ең алдымен, қарапайым халықтың өзі қорғайтын жағдайға жеттік пе?" деген сауал көптің көкейін мазалап отыр.
Пікір иесі: Ибраш Нүсіпбаев