Ауғандық қарулы топтар Талибандықтарға қарсы қозғалысқа көшті

43

АСТАНА. 12.05.2026. Munarmedia.kz – Ауғанстан аумағында жаңа қарулы қарсылық қозғалысының пайда болғаны туралы ақпарат тарады. Бамиан провинциясы аумағында өзін «Ауған республикалық майданы» деп атайтын топ алғаш рет қарулы операция ұйымдастырған.

Жергілікті деректерге сәйкес, оппозициялық топ Талибан қозғалысы бақылауындағы бақылау-өткізу бекетіне шабуыл жасаған. Қақтығыс салдарынан бір адам қаза тауып, екі адам жараланған.

Сарапшылардың айтуынша, бұл топ бұған дейін белсенді әрекет байқатпаған. Сондықтан аталған шабуыл олардың қазіргі билікке қарсы ашық қарулы қарсылық кезеңіне өткенін көрсетуі мүмкін.

Әзірге Кабул билігі оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Дегенмен Бамиан аймағының губернаторы Гүл Хайдер Шафак қақтығыс болған жерлерге барып, тұрғындарды қауіпсіздік күштерімен бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

Мамандар Бамиан өңіріне ерекше назар аударылып отырғанын айтады. Себебі бұл аймақта негізінен шиит-хазар ұлтының өкілдері тығыз қоныстанған.

Қазіргі уақытта «Ауған республикалық майданының» нақты саны мен қаржылық-әскери мүмкіндіктері туралы мәлімет аз. Алайда өңірде жаңа қарулы топтардың пайда болуы күштер арасындағы тепе-теңдікке әсер етуі ықтимал.

Саясаттанушылардың пікірінше, егер жекелеген шабуылдар жүйелі қарулы қарсылыққа ұласса, бұл жағдай тек Ауғанстан ішіндегі ахуалға ғана емес, бүкіл Орталық Азия аймағының қауіпсіздігіне ықпал етуі мүмкін.