Әзербайжан Ресеймен бірлескен мәдени шаралардың барлығын тоқтатты

102

Munarmedia.kz.01.07.2025 /Астана/-Әзербайжан Ресейдің мемлекеттік және жекеменшік мекемелері ұйымдастырған барлық мәдени шараларды республика аумағында өткізуге тыйым салды. Бұл туралы Әзербайжанның Мәдениет министрлігіне сілтеме жасаған Sputnik Әзербайжан хабарлады.

Тоқтатылған шаралардың қатарында концерттер, театр қойылымдары, фестивальдер мен көрмелер бар. Министрлік азаматтарға билет құнын қайтару үшін сату орындары мен онлайн-платформаларға жүгінуге кеңес берді.

Бұл шешім Екатеринбург қаласында болған оқиғадан кейін қабылданды. Ресей құқық қорғау органдары этникалық қылмыстық топқа қарсы рейд барысында 50-ге жуық әзербайжан азаматын ұстаған, ал Әзербайжан тарапынан келтірілген мәліметке сәйкес, екі азамат ауыр жарақат алған. 29 маусым күні, жексенбіде, аталған істе айыпталған екі азаматтың тұтқындалғаны белгілі болды.

Ресми Баку бұл әрекетті өз азаматтарының құқықтарын бұзу ретінде бағалап, мәдени қарым-қатынасқа уақытша тоқтау қою арқылы наразылық білдіруде.