Болашағы бұлыңғыр Америка

113

Munarmedia.kz.01.07.2025 /Астана/-Біз тарихи бетбұрыс кезеңіне аяқ бастық: әлемдік тәртіп пен тұрақтылық кепілі саналған Америка өз орнынан шеттей бастады. Бұл сұрақ тосын көрінуі мүмкін, себебі АҚШ әлі де әскери және технологиялық тұрғыдан алдыңғы қатарда, резервтік валютаның эмитенті әрі жаһандық қаржы жүйесінің іргетасы. Алайда, Вашингтон өзінің бұрынғы ғаламдық миссиясынан саналы түрде бас тартып отыр, демек, әлі де “өзінікі” деп есептейтін ықпал мен беделден біртіндеп айырылатыны сөзсіз.

АҚШ-тың салмағы мен беделі әлдеқашан құлдырай бастаған. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі алғашқы ондаған жылдықтарда Америка әлемдік тәртіпті өзіне тиімді етіп құрды. Кеңес Одағы күйреген соң туған қысқа мерзімді «бірполюсті кезеңде» оның үстемдігі даусыз еді. Алайда уақыт өте жаһандық амбициясы зор басқа күштер күшейе түсті. Ең айқын мысал — Қытай. Бірақ Еуропа да саяси бірлікке ұмтылып, маңызды ғаламдық ойыншыға айналуға ниетті. Бұған қоса, халықаралық аренада салмағын арттырғысы келетін “орта қуатты” жаңа мемлекеттер көбейіп жатыр.

Осындай жағдайда АҚШ президенті Дональд Трамп елінің шеткерілену процесін саналы түрде жеделдетті. «Америка бәрінен бұрын» деген ұранмен әрекет ететін әкімшіліктің халықаралық міндеттемелерден бас тартуы күтілген еді, бірақ бұл үдерістің қарқыны талайларды таңғалдырды. Нәтижесінде, әлемдік тәртіпте Американың орнын алмастырған бос кеңістіктер пайда болды.

Трамп үшін халықаралық сауда – басты алаң. Бірақ ол сауда өзара тиімді болуы мүмкін екенін мойындамайды. Оның көзқарасы бойынша, бұл – жеңу мен жеңілу арасындағы нөлдік ойын ғана, ал Америка үнемі ұтылып жүр. Экономика негіздеріне де, қарапайым қисынға да қайшы келетін бұл ұстаным АҚШ-тың жаһандық сауда жүйесіндегі сенімді серік ретіндегі беделін шайқалтып отыр.

2025 жылдың 2 сәуірінде басталған «Тәуелсіздік күні» сауда соғысы – Вашингтонның оқшаулануының көрінісі. Бұл соғыстың немен аяқталатынын ешкім, тіпті Трамптың өзі де білмейді. Бірақ бір нәрсе анық: АҚШ-тың әлемдік экономикадағы рөлі әлсірейді, себебі онымен сауда жасау да, сенім арту да барған сайын қиынға соғуда.

Бүгінде Қытай – 120-дан астам елдің басты сауда серіктесі, Еуроодақ – 80-нің, ал Америка — бар болғаны 20 шақты елдің басты экономикалық әріптесі. Достар мен қарсыластарға бірдей жаппай тариф енгізуге құлшынған Ақ үйдің әрекеті АҚШ-тың болашақтағы орнын одан әрі шектейді.

Америка тек саудада емес, халықаралық ынтымақтастықта да шегінуде. Трамп әкімшілігі АҚШ-ты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан (ДДҰ) шығарып жіберді, соның нәтижесінде Қытай бұл ұйымның негізгі қаржылық демеушісіне айналды. Бұрын АҚШ қаржыландырған гуманитарлық бастамалар мен климат мәселесіне қарсы күрес енді өзге мемлекеттердің мойнына жүктелмек.

Вашингтон Панама каналын, Канаданы, тіпті Гренландияны басып алу туралы сүреңсіз мәлімдемелер жасап жатқанда, Америка дипломатиясы әлдеқашан өз ұстанымдарын әлсіретіп үлгерді. Ресейдің Украинаға басқыншылығын Ақ үй «Джо Байденнің соғысы» деп атады, ал Үндістан мен Пәкістан арасындағы шиеленіске алғашқы реакция — «бұл АҚШ-тың шаруасы емес» деген сипатта болды.

Таяу Шығысқа жасаған соңғы сапарында Трамп негізінен қару-жарақ, инвестиция және бизнес келісімдерге көңіл бөлді. Тіпті, ол Газа секторын "курортқа" айналдыру жайлы оғаш ұсыныс жасағанымен, Израиль мен Палестина мәселесін назардан тыс қалдырды. Мұның өзі Израиль премьер-министрі Нетаньяхуға кез келген саясатты емін-еркін жүргізуге ақжолтай беріп отыр.

Алайда АҚШ-тың шегінісі қауіпті болуы мүмкін. Мәселен, егер Америка Үндістан мен Пәкістан арасындағы қақтығысты тоқтату үшін еш әрекет етпесе, жағдай ушығып кетуі ықтимал. Трамп соғысты жақтырмаса да, Иранмен жаңа ядролық келіссөз жүргізуге дайын екенін мойындауы — ақылға қонымды дипломатияның сирек мысалы. Бұл қадам Израильдің соғысқа ұмтылуын тежеуі мүмкін.

Дегенмен мұндай әрекеттер – ережені емес, тек ерекшелікті көрсететін оқиғалар. АҚШ-тың халықаралық сахнадан кетуі – ақиқатқа айналды, және өзге мемлекеттер оның бұрынғы рөлін өзара бөлісіп алмайынша, жаһандық тұрақсыздық тереңдей береді.

АҚШ орнына кім келеді? Еуроодақ — ең ықтимал үміткер. АҚШ-тың экономикалық басымдығы әлсіреп жатқанда, ЕС жаңа сауда жүйесінде өз орнын табуға тырысуда. Мәселен, Үндістанмен еркін сауда келісімі немесе Тынық мұхиты серіктестік келісіміне қосылу Еуроодаққа жаңа мүмкіндіктер ашуы мүмкін.

Қытай да БҰҰ жүйесі аясында белсендірек әрекет ететіні сөзсіз. Глобалдық Оңтүстіктің күшеюімен БҰҰ-дағы күш тепе-теңдігін қайта қарау қажеттілігі туындап отыр. Қытай әлемдік экономиканың негізгі тіректерінің бірі ретінде, жаһандық проблемаларды шешуде салмағын арттыра береді.

Осы тұста шешуші мәселе — Қытай мен Еуропа арасындағы қарым-қатынастың қалай қалыптасатыны. Егер Си Цзиньпин соңғы үш жылда Ресейге саяси және экономикалық қолдау көрсетпегенде, болашақтың бағыты анықтау болар еді. Дегенмен Бейжің әлі де бағыт өзгерте алады.

Тағы бір маңызды белгісіздік — НАТО-ның болашағы. АҚШ Еуропа мен Таяу Шығыстан өз әскери күштерін кері шақырып немесе оларды Азияға бағыттай бастаса, Альянс қалай әрекет етеді? Трамп ұсынған "Алтын күмбез" — көпдеңгейлі қорғаныс жүйесі — Американың оқшаулануға ұмтылуының символына айналды.

Ал сол күмбезден тыс әлемде, постамерикалық дәуірде, болашақ қараусыз қалған күйде тұр.


Карл Бильдт — Швецияның бұрынғы премьер-министрі және сыртқы істер министрі.