Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Байбол Ержан. Қазақстанда «ерікті» түрде діни сенімдерді таңу заңдастырылуы мүмкін

79


Мұндай жаңалық «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қоюға Президентке ұсынылды.. Бұл заңда ақпарат, қоғамдық даму, мәдениет және мұрағат ісі салаларындағы артық заңнамалық реттеуді жоюға бағытталған түзетулер бар.

Аталған заң арқылы түрлі заңдарға, соның ішінде «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңға да өзгерістер енгізіледі. Түзетулердің ішінде дін туралы заңның міндеттерінің бірі ретінде былай ұсынылған:

– «Қазақстан Республикасының азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшін олардың діни көзқарастарына қарамастан, өздерінің ар-ождан бостандығы, құқықтарын іске асыру үшін діни нанымдарыды мәжбүрлеп таңуға жол бермей, тең жағдайлар жасау».

Дегенмен, дін саласындағы мемлекеттік саясат мәселелері бойынша кейбір сарапшылар «мәжбүрлі таңу» ұғымымен келіспейді. Олар бұл ұғымның ақылға сыйымсыз екенін және әртүрлі түсініктер мен болжамдардың пайда болуына жол ашатынын айтады.

Олардың пікірінше, бұл норма діни сенімдерді таңуды «мәжбүрлі» және «ерікті» деп бөлуге мүмкіндік береді. Осылайша, заң «ерікті түрде» діни сенімдерді тануға рұқсат береді деген ой туындайды.

«Құқықтық актілер туралы» Заңның талаптарына сәйкес, нормативтік құқықтық актілердің ережелері қысқа, нақты әрі әртүрлі түсіндірмелерге жол бермейтін мағынада болуы тиіс (24-бап, 3-тармақ).

Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінде нақты ереже бар: мемлекеттік қызметшілер әріптестеріне діни сенімдерді таңуға болмайды (8-бап, 8-тармақтың тармақшасы).

Ал Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіде де нақты айтылған: «Ешкім өз қалауына сәйкес дін ұстану немесе діни көзқарасты қабылдау бостандығын шектейтін мәжбүрлеуге ұшырамауы тиіс» (18-бап, 2-тармақ).

Осылайша, құқықтық, зайырлы және демократиялық мемлекетте діни сенімдерді де, өзге көзқарастарды да таңуға немесе мәжбүрлеуге жол берілмейді.

Сарапшылардың пікірінше, «егер бұл заң күшіне енсе, Қазақстан діни сенімдерді «ерікті түрде» таңуға рұқсат еткен әлемдегі алғашқы мемлекет болады. Ұсынылған түзетулерде өзге де елеулі кемшіліктер бар».

Қазақстан Республикасының заңдарын Президентке қол қоюға ұсыну және қарау, тіркеу, жариялау және сақтау тәртібі туралы Ережеге сәйкес, Президент заңға қол қояды немесе оны қайта талқылау мен дауыс беру үшін Мәжіліске қайтарады.

Сондықтан сарапшылар Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдібайға осы заңның қазіргі редакциясын қабылдаудың салдары туралы Мемлекет басшысын хабардар етуді сұрап жүгінді.