Аңыз Көкшенің Алыптары
Құдай-ау, алып империяның бір тармағы һәм нүктесі боп картадан қызыл белгімен тұрған қаланың барлығы өзгенің өрімдері еді ол кезде. Біздің кеңқолтық қазақтың қатары аз. Болса да бірен-саран. Көшеден көрерсіз. Көздері жәудіреп жүрген қазекем... Тілі де, түрі де қаланың атауы да құлаққа оғаш естіледі. Таза тілді қазақтың тілі, икемге келмейді. Жасы үлкен ақсақал, кең кимешек киген әзиз ана бәйбішелер қазақы жалпақ тілмен-Шортан дейді бұ шаһарды.
Қасиетінен айналайын Көкшенің баурайындағы Бурабай аңыздар елі, атақты Абылайдың елі, дегдарларм мен тектілердің осы өлкеде қырық сегіз жыл бойы хандық құрған өңірі, аңыздар өлкесі, топырағы құтты, жерұйық, пейіш мекен.
Со-нау бір жылдары газет саласының таралымы көңілге қонымды болмай тұрды. Таралымы аз. Редакциядағылар абыжулы. Шәкең кездесті көшеде.
-Амансың ба?-дейді...
-Шәке, жағдай мәз емес, хал дұрыс болмай тұр дедім, сәлем беріп...
-Не болды?-деп сұрады.
-Сол баяғы газет таралымы дедім.
-Енді немене кебісіңді теріс киіп үндемей хабарласпай отырсың!?-деп қабағын түйді.
Құдай-ау, Сізге хабарласам деп жүріп, тарс етіп есімнен шығып кетіпті кездейсоқтықтың да себебі болады деген, жолыққаныңыз мың болар ма деп күлдім.
-Жарайды, ертең хабарласам,-деді Шәкең.
Ертеңіне елу адам келіп газетке жазылды. Ол кезде мұғалімдер газет оқитын-ды.
-Ол кісі керемет азамат,-деп бастады бізде бет қаттаушы боп істейтін жігіт. Кімді айтасың?-дедім.
-Шәкең, баяғыда колледжде оқып жүргенде ауылдан келген балаларды жинап ап «ақыл айтатын» әй былай жүрмеңдер, неғұрлым білім алып, жаңа технологияны үйреніп, заманға лайықты азамат болыңдар,қай салада болсаңдар да әйтеуір қазақтың адресіне кір келтірмеңдер, арақ ішіп, темекі шеккендеріңді көрсем ренжімеңдер, одан да оқыңдар!-деп сөзінің соңғы жағын қатаңдау айтып, бұйыратын.
Иә, біз білім алдық. Тіпті біздің группаның балаларын жинап ап, басқалар ертең ұшақпен ұшып, төбелеріңізде жүреді,сендер қаражаяу жүресіңдер ме «әйда давай жиналыңдар» деп, отыз баланы ертіп алып барып, көлік жүргізетін куәлікке тапсыртып колледжді бітіретін жылы «жүргізуші куәлігін» алып берді. Құдай-ау, қазір сол жігіттер Шәкеңге рақмет айтар ма екен!? Әй білмедім. Қар жауды. Із басылды. Ұмытылды ғой.
Ауылға барыңдар «практиканы» ауылшаруашылық саласының болашақ мамандары ауылда өткізу керек,-деп үлкен бір фирмамен келісіп, ауылда практика өттік. Күн ара келіп қалымызды біліп тұратын.
Көшеде қаңғырмаңдар, уақытыңда ұйықтап, уақытыңда тұрыңдар. Әрбір техниканың тілін меңгеріп алыңдар, алдағы он жылдықта осы ауылшаруашылық саласына маман таппай, зар қағады, сол кезде оның еңбекақысы Құдай біледі анау-мынау шендінің жалақысынан да көп болады,-деп айтып кететін. Тіпті, сол фирмаға айтып, бізге еңбекақыны да төлетті...
Қазақы азамат. Ақыл айтатын. Ол кісі бізге ұрыспайтын. Қабағының бір түйгені жететін. Анау-мынау мұғалімдерге бағынбасақ та, директор келе жатқанда тыпырлайтын едік. Е, бірде «темекі шегіп, бұрқыратып тұрғанбыз»... ту сыртымыздан кеп қалған директорды көріп қайда барарымызды білмей қалдық.
-Әй пақырлар-ау, темекі шеккенше, білім алып, болашаққа қарай ұмтылмайсыңдар ма, өй өңкей пәтшағарлар, келесі жолы көрсем он бес километр марш брасок қылам, өзім бірге жүгірем!-деді. Шәкең екі сөйлемейді, айтады орындайды.
Күмілжіп төмен қарадық. Жүгіреміз ғой, бірақ өкпеміз аузымызға тығылса күлкі боламыз ғой. Ол кісі салауатты өмір салтына берік адам.
Содан кейін, біздің группаның балалары темекі тастады. Қазір күні бүгінге дейін Шәкеңе рақмет айтамыз.
Щучинск қаласындағы Жоғары техникалық колледжге директор болып келісімен атам заманғы ескі оқу ордасын болашақ ұрпақтың қамы деп жүріп, қайта жөндеуден өткізді. Уақыт талабына сай қылды. Жүгірді. Жарғақ құлағы жастыққа тимеді. Ақыры аяқтап ел игілігіне беріп, содан соң Ақмола облысының Білім басқармасына басшы боп кетті.
Араға бір ай, әлде одан да көп пе хабарластым.
-Құтты болсын Шәке!..деп амандасып болып.
-Ие, әй осы сен бар ғой, ылғи көштен қалып жүресің, әлде мінезіңіз солай ма? Елдің бәрі құттықтап жатыр. Ауыл жаққа, аудан жаққа қарап қоям. Бұл қашан құттықтайды деп, сен жоқсың?-дейді.
-Шәке, ештен кеш жақсы деген. Мүлдем хабарласпасам қайтер едіңіз? деймін әзілдеп.
-Иә, жарайды. Бәрі жақсы ма?-дейді.
-Жүріп жатырмыз. Хал-ахуалыңызды білейін деп қоңыраулатып тұрмын деп біраз сөйлестік.
Шәкең облыста Білім Басқармасын басқарып жүргенде біраз аудандардың білім ордаларын қайтадан қалыпты жөндеуге өткізуге күш салды. Ауқымды жұмыстар атқарды.
Сол қазақы мінезден,
қазақы қалпынан ұлтына деген ұлы махаббатынан, ұрпаққа деген сүйіспеншілігінен ажыраған жоқ. Қарны тойса, қалғып кететін ұрпақ өсірмеуге, қайта білімнің көкжиегіне ұмтылатындай, жаһанға «Ұлы Қазақ» деген халықты танытатындай күш-қайратын аяп жатқан жоқ. Ұмтылып, ел үшін тер төгуден бір жалықпайды. Шәкең бәлкім қалада туып, қалада өссе қазақ баласы үшін мүмкін оң бүйірін бермес еді.
Шәкең ауылда туып, ауылда өсті
асау үйретті, үлкендердің қолына су құйды, батасын алды, батиқалы қарттардың тізесінде отырды, үлкенді сыйлаудың, кішіні құрметтеудің не екендігін жадына түйіп, кішкентай кезінен қазақы аудиторияда қалыптасты.
Содан болар болашақтың кілті жастарда деп, алдымен Отанымыздың ертеңгі тірегі жастардың қалыпты боп өсуіне күш жігерін салып жүр.
Мақтаншақтықты,
даңғазалықты,
көрсеқызарлықты,
өтірік жалпақтауды жаны сүймейді.
Жарықтық Бауыржан атамыз Момышұлы:
Мен де адаммын, жаралған сүйек-еттен,
Менде ар бар,менде ой бар жан тебіренткен.
Халқымның қарапайым бір ұлымын,
Жанымды арым үшін құрбан еткен
,-депті. Сөз шебері, тауып айтатын, ұтқыр ойымен елдің жүрегінде қалған Қадыр ағамыз Мырза Әлі «Барлық жердің қазағы-бір ауылдың алмасы» деген.
Шәкең өзінің ауданына қайта келді. Бір жарым, жоқ екі айдан соң қайта хабарластым.
Тағы да рақаттана күлді.
-Әпендім-ау, бармысың, нег-е хабарсыз жүрсің?-дейді.
-Шәк-е, алысты жақын, жақынды алыс қып жүретінімді білесіз, таңның атысы, күннің батысы ала шапқын, мына өмір ықшамдалған сахна ғой, бірде қуанамыз, бірде жылаймыз, бірде тағы бір шаруамен қиял әлемінде құландай жортамыз, жортақтаймыз, әйтеуір бақыр басымызда мыңдаған ой, жүздеген қиял жүреді.
Сонымен Шәке, облыстан республикаға шығып кеттіңіз бе? дедім.
-Иә... Бурабайға қайта келдім, -деп біраз сымсыз телефон арқылы тілдестік.
Республикалық «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығына БасДиректор боп келген Шәкең қайда жүрсе де бастысы жауапкершілікті адами болмысты жадына ұран қылған азамат, әрі қарай бұл орталықты гүлдендіріп алып кететіндігіне шүбә келтірмейміз. Жер жаннаты атанған қасиетті Бурабай өлкесіндегі Республикалық «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығының жұмысын одан дамытатындығына сенімдіміз.
Шәкең деп отырғаным Шокан Жетпісбайұлы Оразалин ғой...
Бурабайдың Жеңісі