Байқоңыр Германия, Үндістан және Қытай стартаптарына есік ашпақ

57

Munarmedia.kz 24.06.2025 /Астана/-Қазақстан Байқоңыр ғарыш айлағын Ресеймен арадағы жалдау шеңберінен тыс қолданысқа беруді жоспарлап отыр. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов мәжіліс депутаттарының сауалына берген ресми жауабында мәлімдеді. Құжатта сондай-ақ "Бәйтерек" кешенінен алғашқы ұшыру 2025 жылдың желтоқсанына белгіленгені расталған. Үкімет басшысының айтуынша, зымыранды дайындау мен инфрақұрылым салу жұмыстары белгіленген кестеге сай жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар, премьер-министр Ресей жалдауынан шығарылған Байқоңыр аумағында арнайы экономикалық аймақ құру жоспары бар екенін де растады. Аумағы 1747 км² болатын бұл өңірде қазақстандық және шетелдік ғарыштық стартаптар жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Жоба әзірге бастапқы даму сатысында болғанымен, ол Байқоңырды шетелдік компанияларға ашудың алғашқы қадамы ретінде қарастырылып отыр — 1994 жылғы Ресеймен арадағы жалдау келісімінен тыс форматта.

2025 жылдың бірінші жартысында Қазақстан Словения, Болгария, Германия елдері мен еурокомиссар Йозеф Сикела өкілдерімен кездесу өткізді. Сәуір айында Германияда OHB System AG және Rocket Factory Augsburg AG компанияларымен зымыран технологиясы және ұшыру қызметтері жөнінде келіссөздер жүргізілді.

Сондай-ақ, Цифрлық даму министрлігіне қарасты "Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы" (ҰҒЗТО) Үндістанның Sky Root, Қытайдың Deep Blue Aerospace және Германияның Himpulse стартаптарымен алдын ала келіссөздер жүргізіп жатыр. Тараптар сверхжеңіл және жеңіл зымыран тасығыштарын сынау мен ұшыру мүмкіндіктерін, соның ішінде арендадан тыс жаңа алаңдарда жүзеге асыру нұсқаларын қарастыруда.

2025 жылдың 16 маусымында Қазақстан мен Қытай бірлескен ғарыш жобалары туралы келісімге қол қойды. Құжатқа сәйкес, спутниктік деректерді өңдеу орталықтарын, ғылыми-зерттеу нысандарын және кадр даярлау инфрақұрылымын салу жоспарланған. Қазіргі таңда бұл бастамалар келісу кезеңінде болғандықтан, егжей-тегжейі ашық айтылған жоқ.

Айта кету керек, 2024 жылы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары аясында Бейжің Астанаға 100 млн юань көлемінде грант бөлуге уәде берген. Қаражат астрономиялық есептеулер мен астрофизика саласындағы модельдеуді дамытуға бағытталады.

Осылайша, Қазақстан Байқоңырды пайдаланудың жаңа үлгісіне көшу ниетін айқын аңғартуда. Иә, жобалардың көбі әзірге меморандум мен келіссөз деңгейінде, дегенмен, үкімет халықаралық ғарыштық әріптестікті тереңдетуге бет бұрғанын ресми түрде мәлімдеді.

Фото: Orda.kz / Камила Ермаханова