"Байтақ" партиясы "Ақсақалдар кеңесінің" отырысын өткізді.

95
Мunarmedia.kz 24.01.2026 /Астана/- «Байтақ» партиясы Олжас Сүлейменовті Нобель бейбітшілік сыйлығына ұсынуды қолдап, «Олжас-тану» ғылыми-зерттеу институтын құру бастамасын көтерді
2026 жылы 23 қаңтар күні сағат 11:00-де Алматы қаласында, «Азия» бизнес-орталығында (М. Әуезов көшесі, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы Ақсақалдар кеңесінің отырысы өтті.

Аталған жиын Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды бастамалардың бірін талқылауға арналды. Отырысқа партияның басшылығы, Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, ғылым, білім, мәдениет және азаматтық қоғам өкілдері қатысты.
Отырысты Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев ашып, күн тәртібіндегі негізгі мәселелермен таныстырды. Жиынның басты тақырыбы — көрнекті қазақстандық ақын, ойшыл, дипломат және қоғам қайраткері Олжас Омарұлы Сүлейменовті 2026 жылғы Нобель бейбітшілік премиясына ұсыну бастамасы болды.

Партия төрағасы өз баяндамасында Олжас Сүлейменовтің ядролық қаруға қарсы жаһандық қозғалыстағы тарихи рөліне ерекше тоқталды. «Байтақ» жасылдар партиясы бұл бастаманы толық қолдайтынын және Олжас Сүлейменовтің кандидатурасы Нобель бейбітшілік премиясына мазмұны мен стандартына толық сәйкес келетінін мәлімдеді.
Жиын барысында Олжас Сүлейменовті Нобель бейбітшілік сыйлығына ұсыну мақсатында Халықаралық ұйымдастыру комитетінің құрылғаны ресми түрде хабарланды. Комитеттің төрағасы болып Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев бекітілді. Комитет құрамына Қазақстанның және шетел мемлекеттердің парламент депутаттары, жетекші университеттердің профессорлары мен академиктері, халықаралық ұйымдардың, ғылыми-зерттеу орталықтарының, дипломатиялық және мәдени қауымдастықтардың өкілдері кірді.

Сондай-ақ отырыс барысында 2025 жылғы желтоқсан айынан бастап Норвегиялық Нобель бейбітшілік комитетіне жолданған ресми номинациялық хаттар жөнінде ақпарат берілді. Атап айтқанда, 2025 жылғы 4 желтоқсанда Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының Алматы қалалық филиалының IV конференциясында партия төрағасы Азаматхан Әміртаев көрнекті ақын, дипломат, ойшыл және қоғам қайраткері Олжас Омарұлы Сүлейменовтің кандидатурасын 2026 жылғы Нобель бейбітшілік сыйлығына ұсыну бастамасын алғаш рет жариялады.
Алғашқы ресми номинациялық хатқа қол қою Қазақстанның тұңғыш кәсіби Парламентіндегі серіктесі, философия ғылымдарының докторы, Халықаралық Түркі-Славян академиясының президенті, академик Досмұхамет Нұр-Ахметке сеніп тапсырылды. 2025 жылы 19 желтоқсан күні өткен «Байтақ» партиясының IV съезі аясында барлық қажетті құжаттар рәсімделіп, партия төрағасы А. Әміртаевпен бірлесіп «Қазпошта» АҚ өкілдеріне ресми түрде тапсырылды. Осылайша, Олжас Сүлейменовті Нобель бейбітшілік сыйлығына ұсыну рәсімі Норвегиялық Нобель комитетінің халықаралық талаптарына толық сәйкес жүзеге асырылған болатын.

Олжас Сүлейменов кандитатурасын қолдайтын хаттарға Қазақстанның жетекші ғылыми және білім беру ұйымдарының өкілдерімен қатар, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Қарашай халқы конгресінің өкілдері және Америка Құрама Штаттарының беделді ғалымдары мен қоғам қайраткерлері қол қойғаны атап өтілді. Бүгінгі күнге дейін Нобель комитетіне барлығы 25 номинациялық хат жолданған. Алдағы уақытта Швеция өкілдерімен, сондай-ақ Азия елдеріндегі серіктестермен халықаралық келіссөздердің аяқталуы күтілуде.
Ақсақалдар кеңесінің отырысы аясында Олжас Сүлейменовті Нобель бейбітшілік сыйлығына ұсыну жөніндегі кезекті номинациялық хатқа қол қою рәсімі өтті. Қол қойылған құжат белгіленген тәртіпке сәйкес Норвегия астанасы Осло қаласына жөнелту үшін «Қазпошта» акционерлік қоғамының өкілдеріне ресми түрде тапсырылды. Бұл жауапты миссияны экономика ғылымдарының докторы, профессор, «Тұран» білім беру корпорациясының вице-президенті Орақ Жолмырзаұлы Әлиев атқарды.
Сонымен қатар жиында «Олжас-тану» ғылыми-зерттеу институтын құру бастамасы талқыланды. Бұл институттың негізгі мақсаты — Олжас
Сүлейменовтің шығармашылық, қоғамдық және саяси мұрасын ғылыми тұрғыда зерделеу, оның бейбітшілік пен ядролық қауіпсіздік саласындағы идеяларын жүйелеу және халықаралық ғылыми айналымға енгізу екені айтылды. Жиынға қатысқан делегаттар институттың басшылығына Орақ Жолмырзаұлы Әлиевтың кандитатурасын қолдады.

Отырыстың күн тәртібіне сәйкес Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы Төрағасының 2026 жылға арналған атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы баяндамасы тыңдалды. Баяндамада партияның саяси, қоғамдық және халықаралық деңгейдегі қызметінің негізгі нәтижелері, сондай-ақ экологиялық қауіпсіздік, бейбітшілік және гуманитарлық даму бағытындағы басым мақсаттары айқындалды. Сонымен қатар, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ирак Елекеев болып сайланды.
Ақсақалдар кеңесі мүшелері, партия құрылымдарының өкілдері және шақырылған қонақтар тарапынан пікірлер мен ұсыныстар айтылды және Ақсақалдар кеңесі резолюция қабылдады.