Баяжума Асылбек.Қазақстандағы реформалар демократия ма, имитация ма?

33

Қазақстандағы соңғы жылдардағы саяси өзгерістер – Конституциялық реформа, Халық кеңесі, Құрылтай, вице-президент институтын енгізу – шынайы демократияға бастама ма, әлде имитация ғана ма?
Бұл сұрақ қазіргі саясаттанушылар мен шетелдік сарапшылардың да талқысына түсті.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, авторитарлық жүйе мен демократия арасындағы айырмашылық тек заңдар мен институттарда емес, биліктің есептілігінде, саяси плюрализмде және азаматтардың шешім қабылдауға қатысу мүмкіндігінде жатыр.
Авторитарлық елдерде формальды институттар бола тұра, билік көбіне бір адамның немесе топтың қолында шоғырланады.
Сайлау бар, бірақ шынайы бәсеке жоқ, парламент бар, бірақ шешім қабылдай алмайды, азаматтық қоғам әлсіз.
Бұл – шынайы демократия емес, имитация.
Посткеңестік елдер тәуелсіздігін алған соң бірден демократиялық институттарды толық орната алмады.
Себебі, тарихи тәжірибе жоқ, билікті орталықтандырылған модельде ұстау қалыптасқан.
Элита өз ықпалынан, биліктен айырылудан қорықты.
Қоғамның саяси мәдениеті мен құқықтық негіздері әлсіз.
Қазақстан да осы үлгіні таңдады.
2022 жылғы Конституциялық реформа билік өкілетін шектеуге бағытталған сияқты көрінді. Бәзбіреулер "Халық кеңесі" мен "Құрылтай" азаматтық қоғаммен диалог үшін құрылған жаңа алаң деседі.
Вице-президент институты билік транзитін реттеу үшін енгізілді. Бірақ бұл құрылымдардың шынайы билікті бөлуге, демократиялық жолға түсуге еш әсері жоқ.
Халықтың шынайы саяси ықпалы жоқ жерде бұл реформалар демократияның бастамасы емес, биліктің легитимдігін күшейту амалы болып көрінеді.
Шетелдік сарапшылар да атап өткендей, посткеңестік елдерде толық демократия тек бір буыннан кейін саяси мәдениет қалыптасқан сәтте ңорнайды.
Қазақстандағы өзгерістерді «реформаторлық қадам» деп бағалайтындар бар, алайда кейбіреулер оны «имитациялық демократия» деп есептейді.
Былай қарағанда қоғам институттары бар, бірақ мазмұны биліктің бақылауында.
Реформалар тек символдық сипатта, халықтың бақылауына емес, биліктің өзіне бағытталған.
Демократия – заңдар мен декларациялар ғана емес, биліктің халыққа есеп беретіндігі, тәуелсіз институттар, бәсекелі саяси алаң және азаматтық қоғамның күші. Қазақстандағы өзгерістер осы жолда аздап қадам жасаған сияқты болғанмен, шынайы саяси трансформация жолына өткен жоқ. Өтпейді де!
Шетелдік саясаттанушылардың пікірі "Посткеңестік елдердн демократия бір сәтте орнамайды, ол буындар арасына, саяси мәдениет пен институттардың дамуына байланысты.
Әсіресе қоғам санасының дамуына байланысты.
Қазір әлемжеліде біздің болашағымыз қалай болады, Конституцияға қандай өзгерістер енеді деген сынды стратегиялық маңызды сұрақтар емес, кім вице-президент болады деп сөз таластыруда.
Бұл таза ақымақтық. Кім болса да халықтан сұрамайтыны және оның халыққа тигізер пайдасы шамалы.
Қазақстан үшін қазіргі реформалар – тек бастама, ал болашақта шынайы демократияға өту үшін институттар мен "қоғамның дайындығы" қажет.
Өзгеріс – формада емес, мазмұнда.
Мазмұны мен әрекеті өзгермей, форматы мен атауы ғана өзгерген билік институтының әрекеті халықты алдау, уақыт ұту мақсатындағы саяси ойын деңгейінде ғана қала береді. Халықтың қатысуы, билік есептілігі және институттардың тәуелсіздігі болмаса, реформалар тек «шоу» болып қала береді.