Құрылтайда Президент Конституцияға көптеген өзгерістер енгізілетін айтты.
Ол үшін Конституциялық кеңес те құрып тастады.
Әрине, 30 жылда талай өзгеріске түскен Конституция байғұс әр биліктің ығына жығылып келеді.
Мұны биліктің келешекті ойланан қадамы болар деп өзімізді жұбатамыз.
Ең бастысы жаңа Конституциялық өзгерістерді халыққа адалынан айтып, жазып отырса жақсы болар еді.
Бүгінде әлемде 190-нан астам мемлекет бар. Солардың басым көпшілігі даму бағытын жазбаша Конституция арқылы белгілеген. Алайда олардың көлемі, мазмұны, тұрақтылығы мен өзгеру жиілігі бір-біріне мүлде ұқсамайды.
Әлемдегі ең қысқа әрі ең танымал Конституция – АҚШ Конституциясы.
1787 жылы қабылданған бұл құжат небәрі 7 беттен тұрады. Екі ғасырдан астам уақыт бойы негізгі мәтіні өзгермей, тек 27 түзету енгізілген. Америкалық модельдің басты ерекшелігі – билік тармақтарының нақты тепе-теңдігі және Конституцияның билікті шектейтін құрал ретінде қабылдануы.
Осы қатарда Норвегия Конституциясын (1814 жыл) да атауға болады.
Ол шамамен 20–25 бет көлемінде. Еуропадағы ең көне Конституциялардың бірі бола тұра, заман талабына сай түзетулер енгізілгенімен, бастапқы философиясы мен рухы сақталған. Бұл елдерде Конституция биліктің ыңғайына қарай өзгертілетін құжат емес, ұлттық келісімнің тірегі саналады.
Францияның Конституциясы (1958) – шамамен 40 бет.
Германияның Негізгі заңы (1949) – 60 бетке жуық.
Бұл құжат уақытша деп қабылданса да, бүгінгі күні Германияның демократиялық тұрақтылығының өзегіне айналды.
Қазақстан Республикасының Конституциясы (1995) да көлемі жағынан осы санатқа жатады – 35–40 бет шамасында.
Алайда ол қабылданғаннан бері бірнеше мәрте өзгертілді (1998, 2007, 2011, 2017, 2022). Бұл өзгерістер елдегі саяси жүйенің трансформациясымен, билік құрылымдарының қайта бөлінуімен тығыз байланысты болды.
Ресей Федерациясының Конституциясы (1993) – шамамен 40 бет, бірақ 2020 жылғы түзетулер оның мазмұндық сипатын едәуір өзгертті.
Ал кейбір елдерде Конституция заңдар жинағына ұқсайды.
Үндістан Конституциясы – әлемдегі ең көлемді негізгі заң.
1950 жылы қабылданған бұл құжаттың көлемі 450 беттен асады. Мұнда мемлекеттің құрылымы ғана емес, азаматтың міндеттері, діни, тілдік, этникалық ерекшеліктер, тіпті моральдық қағидаларға дейін егжей-тегжейлі жазылған.
Бұл – көпұлтты, көпдінді қоғамды бір құқықтық кеңістікте ұстап тұрудың жолы.
Бразилия Конституциясы (1988) – шамамен 250 бет.
Оңтүстік Африка Республикасының Конституциясы (1996) – 110–120 бет.
Бұл құжат апартеидтен кейін қабылданып, адам құқықтарын қорғауға ерекше мән береді. Конституция мұнда тарихи әділетсіздікті еңсерудің құралына айналған.
Конституциясы жоқ елдер де бар.
Қызығы – кейбір дамыған мемлекеттерде біртұтас жазбаша Конституция мүлде жоқ.
Ұлыбританияда Конституция бір құжат түрінде жоқ.
Ол парламент актілері, сот прецеденттері мен саяси дәстүрлерден тұрады.
Израильде де толыққанды Конституция жоқ, оның орнына бірнеше Негізгі заңдар бар.
Бұл – құқықтық мәдениеті қалыптасқан елдерге тән модель.
Әлемде мазмұны жағынан ерекше Конституциялар да кездеседі.
Жапония Конституциясы (1947) – шамамен 20–25 бет.
Оның 9-бабында елдің соғыстан толық бас тартатыны және әскери күш қолданбайтыны бекітілген.
Бұл – Конституция тарихындағы ең пацифистік нормалардың бірі.
Эквадор Конституциясы (2008) – 100 беттен асады.
Мұнда табиғаттың – орманның, өзеннің, экожүйенің құқық субъектісі екені бекітілген. Экология алғаш рет Конституция деңгейінде қорғалған.
Конституцияның көлемі немесе бет саны емес, оның қалай орындалатыны маңызды.
7 беттен тұратын Конституция да тиімді болып, 400 беттен асатын Конституция да қағаз жүзінде қалуы ықтимал.
Нағыз Конституция – билікті шектейтін, азаматты қорғайтын және қоғаммен жасалған әлеуметтік келісімді білдіретін құжат.
Ол саяси конъюнктураға қарай жиі өзгеретін заң емес, ұлттың ортақ құндылықтарын бекітетін тұрақты негіз болуы тиіс.
Баяжума Асылбек,
саясаттанушы, журналист