Баяжума Асылбек. Денсаулық пен білім саласының қаржысына қол сұққандар оңбайды

40
Қазақстанда денсаулық сақтау мен білім беру саласындағы жемқорлықты айтып отырып, біз көбіне салдарын сөз етеміз де, оның түпкі себептеріне терең үңіле бермейміз.
Ауруханадағы “алдын ала келісім”, мектептегі “міндетті жинақ”, тендердегі “өз адамын өткізу” — мұның бәрі кездейсоқ құбылыс емес.
Бұл — жүйенің өзі осындай әрекеттерді туындататындай етіп құрылғанының көрінісі.
Денсаулық пен білім — қоғамның ең нәзік, ең жауапты салалары. Адам өмірі мен баланың болашағы осы салаларға тікелей байланысты. Бірақ дәл осы салаларда жемқорлықтың тамыры тереңге кеткен.
Себебі шешім қабылдау, қаржы бөлу, кадр тағайындау бір орталықта шоғырланған, ал нақты қызмет көрсететін деңгей — аудан мен қала басшылары — жауапкершіліктен шеттетілген. Ақша жоғарыдан бөлінеді, ал оның салдарына төмендегілер жауап береді.
Мұндай жүйеде бақылау да, ұят та, жауап та болмайды.
Облыстық басқармалар аудан мен қалалардағы ондаған мектепті, аурухананы, спорт және мәдениет нысандарын толық бақылап отыр деп айту қиын.
Олар есеп алады, қағазға бен слайд, баяндамаларға сенеді, бірақ нақты өмірдегі жағдайдан көбіне бейхабар немесе білгісі келмейді.
Ал аудандық немесе қалалық деңгейде отырған басшы “мен шешпеймін, мен бөлмеймін” деп жауапкершіліктен оңай құтылады. Осы аралықта жемқорлыққа ең қолайлы кеңістік пайда болады. Бақылау жоқ жерде берекесіздік орын алады.
Көп жағдайда “қазақтар жеп қалуға үйренген” деген сөз айтылады.
Бұл — тым жеңіл әрі үстірт баға. Мәселе ұлтта емес, жүйеде.
Егер кез келген адамды бақылаусыз, жауапсыз, бірақ қаржылық ресурсқа жақын жерге отырғызсаң, ол ерте ме, кеш пе сол мүмкіндікті пайдаланады.
Ақшаның буы арбайды, алдайды.
Әлемдік тәжірибе мұны әлдеқашан дәлелдеген.
Жемқорлықты азайтқан елдер алдымен моральға емес, жүйеге өзгеріс енгізді.
Мәселен, дамыған мемлекеттерде мектеп пен аурухананың тағдыры нақты бір қала немесе аудан басшысының саяси әрі әкімшілік жауапкершілігіне байланған.
Егер аурухана нашар жұмыс істесе, дәрі жетпесе, пара туралы әңгіме шықса — ол бірден жергілікті басшының мәселесіне айналады. Өйткені бюджет те, кадр да, бақылау да сол деңгейде.
Ал бізде керісінше: жауапкершілік бөлшектеніп кеткен, сондықтан ешкім өзін кінәлі сезінбейді.
Шетелде жемқорлық үшін берілетін жаза да тек түрмемен шектелмейді. Ең ауыр жаза — қоғамнан, мемлекеттік қызметтен біржола шеттетілу.
Адам мансабынан, беделінен, болашақ мүмкіндігінен айырылады. Бізде көбіне “ұсталды — отырды — шықты — қайтадан көрінді” деген көрініс қайталана береді.
Бұл да жүйенің әлсіздігін көрсетеді.
Сондықтан мәселені шешудің бір жолы — денсаулық, білім, спорт, мәдениет, дін салаларын басқару мен бюджетке жауап беруді қайтадан аудандық және қалалық деңгейге беру керек.
Ақша да, шешім де, жауап та бір жерде болуы керек.
Сонда ғана қоғам нақты кімнен сұрайтынын біледі.
Сонда ғана бақылау шынайы болады.
Сонда ғана “жоғары жақтан айтты” деген сылтау жүрмейді.
Әр аудан, әр қала өз мектебі мен ауруханасының жағдайы үшін тікелей жауап берсе, жемқорлық та жасырын емес, ашық көрінетін, жазаланатын құбылысқа айналады.
Бұл жерде денсаулық, білім, спорт саласының қаржысын бөлу мен игеруде аудандағы белсенді азаматтар мен депутаттардан құрылған қоғамдық бақылау кеңесі жұмыс істеу керек.
Келісіп пішкен тоң келте болмайды дегегдей, облыс, аудан, республика деңгейіндегі жемқорлыққа жол бермеудің жалғыз жолы осы.
Ашықтық бар жерде жемқорлық ұзақ өмір сүре алмайды.
Әйтеуір цифрландырылған екен ортақ бюлжеттің бөліну, жұмсалу процессін қадағалап, қауіп төнсе бұғаттап тастайтын жүйе керек.
Бұл тек білім, денсаулық ғана емес әлеуметтік қорғау, спорт, құрылыс, жер бөлу сынды салаларға ең бірінші кезекте енгізіп, адами факторды азайту жолын бірінші кезекте қарастыру керек.
Жемқорлықпен күрес — ұранмен емес, құрылыммен шешілетін мәселе.
Егер біз шын мәнінде денсаулық пен білімнің болашағын ойласақ, онда басқару жүйесін өзгертуден қорықпауымыз керек.
Әйтпесе бүгін айтып, ертең ұмытып, сол бір ескі дертпен өмір мәңгі сүре беретін боламыз.
Жемқорлық жайлаған елде даму туралы айтпасақ та болады.