Баяжума Асылбек. Қазақстанға жаңа атау емес нақыт реформа керек

21
Қазақстанда соңғы жылдары «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан" ұғымдары ресми дискурстың негізгі өзегіне айналды. Конституцияға өзгерістер енгізілді, бірқатар жаңа саяси институттар құрылды. Алайда жүргізілген реформалардың мазмұны мен нәтижесі арасында айқын алшақтық сақталып отыр.
Бұл жағдай қоғамда заңды сұрақ туғызады.
Жүзеге асқан конституциялық реформалар шынайы демократиялық өзгерістерге бағытталған қадам ба, әлде қолданыстағы саяси жүйені сақтап қалудың жаңа формасы ма?
Саяси теория мен халықаралық тәжірибе көрсеткендей, демократиялық реформалардың басты өлшемі – биліктің өзін-өзі шектеу деңгейі.
Өкілеттіктерді қайта бөлу, атқарушы биліктің ықпалын азайту, бақылау және тепе-теңдік тетіктерін күшейту – демократияның негізгі шарттары.
Қазақстан жағдайында керісінше үрдіс байқалады.
Мемлекет соңғы жылдары бірқатар бақылау және реттеу функцияларын қайтадан орталықтандыруға көшті.
Бұл билік тармақтарының теңгерімі әлсіреп, саяси шешім қабылдау процесі бір орталыққа шоғырлана түскенін көрсетеді. Мұндай жағдайда демократиялық даму туралы айту қиын.
Мысалы, Парламенттің өкілеттігі бар, ықпал жоқ.
Ресми түрде Парламенттің рөлі күшейтілді деп жарияланғанымен, іс жүзінде заң шығарушы орган саяси дербестікке ие бола алған жоқ.
Парламент:
-Үкіметті қалыптастыруға шешуші ықпал ете алмайды;
-Үкіметке сенімсіздік білдірудің тиімді тетіктерін қолдана алмайды.
Елдің стратегиялық саяси шешімдері қабылданатын негізгі алаңға айналмады.
Бұл – парламентаризмнің институционалдық әлсіздігін көрсететін факторлар.
Қазіргі Мәжіліс құрамында өзін-өзі ұсыну арқылы келген бірқатар кәсіби әрі тәуелсіз депутаттардың пайда болуы белгілі бір деңгейде оң үрдіс болғанымен, жалпы жүйеге бұл практика ұнамады.
Олардың ашық пікірлері, сыни көзқарастары Үкімет, олигархичт төңірегіне үлкен кедергі болды.
Болашақта басқарылатын (ручной) Парламенттен айырылып қалу қаупі туды.
Сондықтан да Сенатты жою емес Мәжіліске қосу арқылы атауын өзгертіп Құрылтай құрып, лояльды азаматтарды, бұрыңғылардан құрастырып, басқарылатын, бас шұлғитын Парламент жасақтауға көшті.
Кейінгі реформалар Парламентті одан әрі партиялэ арқылы бақылауға алу бағытына қарай жүріп отыр
. Бұл саяси бәсекені шектеуге және өкілді органды басқарылатын құрылымға айналдыруға әкелуі мүмкін.
Сайлау жүйесінде рәсім бар, таңдау жоқ.
Сайлау жүйесін реформаламай саяси жаңғыру мүмкін емес. Қазақстанда сайлау формалды түрде өткізіледі, алайда шынайы саяси таңдау шектеулі.
Орталық сайлау комиссиясының атқарушы билікке тәуелділігі, сайлау нәтижелерінің алдын ала болжамдылығы, әкімшілік ресурстың кең қолданылуы – бұл жүйелі проблема.
Сайлау осылайша биліктің шешімдерін заңдастыру тетігіне айналып отыр.
Мұндай жағдайда сайлау азаматтардың саяси еркін білдіретін құрал емес, керісінше қолданыстағы жүйені бекітудің механизмі қызметін атқарады.
Жергілікті басқару сайлау мен тағайындау арасындағы қайшылықтар туды.
Президент жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту қажеттігін бірнеше рет атап өтті.
Алайда әкімдердің халыққа емес, жоғары тұрған билікке есеп беруі сақталып отыр.
Бұл жергілікті деңгейде саяси жауапкершіліктің қалыптасуына кедергі келтіреді.
Әкімдерді сайлау тәжірибесі басталғанымен, кейін оған шектеулер енгізіп, тоқтатты. Нәтижесінде жергілікті басқару жүйесі қайтадан тағайындау логикасына оралды.
Бұл орталық пен халық арасындағы сенім мәселесін одан әрі күрделендіреді.
Демократиялық мемлекетте мемлекеттік аппарат саяси партиялардан тәуелсіз болуы тиіс. Қазақстанда, керісінше, мемлекеттік қызмет жүйесі билік партиясының тірегіне айналғаны байқалады.
Мемлекеттік қызметшілердің партиялық бейтараптығы Конституция деңгейінде нақты бекітілмейінше, «Әділетті мемлекет» қағидаты декларативті сипатта қала береді.
Сондай-ақ депутаттық корпусты жаңарту мәселесі өзекті.
Бір тұлғаның ондаған жыл бойы Парламент құрамында болуы саяси жаңару қағидаттарына қайшы.
Бұл бағытта депутаттық өкілеттікті шектеу тетіктерін енгізу қажет.
Президент бастамашылық еткен реформалар белгілі бір институционалдық өзгерістерге жол ашты.
Алайда тарихта қалатын реформа – билікті шектей алған реформа. Қазақстанға:
-жаңа атаулар;
-жаңа ұрандар;
-жаңа кеңестер емес, саяси жауапкершілік пен бәсекелі саясат қажет.
Автократиялық жолдағы елдің қандай реформа жасаса да мемлекеттік аппараттың фукнциясын азайтпаса демократиялық реформа болып саналмайды.
Ондай Конституция халықты қорғай алмайды.
Шынайы демократия – саяси ерік пен батыл шешімдерден басталады.
Бұл мемлекетшіл адамның, елдің және ұрпағының болашағына алаңдаған, Қазақстанның саяси-ерік жігері мықты, дамыған, нағыз еркін мемлекет болуын қалайтын азаматтың пікірі деп біліңіздер!