Қазақстан мен Моңғолия тауар айналымын 500 млн АҚШ долларына дейін арттыруды көздеп отыр

40

Munarmedia.kz 25.01.2026 /Астана/ Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Моңғолия Премьер-министрінің орынбасары Хассуурийн Ганхуягпен кездесу өткізді.

Кездесу барысында Серік Жұманғарин әріптесін жоғары мемлекеттік қызметке тағайындалуымен құттықтап, жауапты қызметіне табыс тіледі. Ол Моңғолияның Қазақстан үшін Азия аймағындағы маңызды серіктес екенін атап өтіп, екіжақты ынтымақтастықтың терең тарихи тамырларға негізделген өзара құрмет пен сенім рухында жүйелі түрде дамып келе жатқанын айтты.

Тараптар қазақстандық-моңғол серіктестігінің негізгі тірегі саналатын сауда-экономикалық өзара іс-қимылға айрықша назар аударды. Мемлекет басшылары орта мерзімді перспективада екі ел арасындағы тауар айналымын 500 млн АҚШ долларына дейін жеткізу міндетін қойған. Бұл мақсатқа өзара жеткізілетін тауарлар номенклатурасын кеңейту, кооперациялық жобаларды дамыту, сондай-ақ сауда және әкімшілік кедергілерді кезең-кезеңімен жою арқылы қол жеткізуге болатынына тараптар сенім білдірді.

2025 жылдың қаңтар–қараша айларының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Моңғолия арасындағы тауар айналымы 121,5 млн АҚШ долларын құрады, бұл өткен кезеңмен салыстырғанда 5,5%-ға артық. Оның ішінде экспорт көлемі – 113 млн доллар, импорт – 8,6 млн доллар. Қазақстан экспортының құрылымында темекі өнімдері, рапс тұқымдары, нан, ұн және кондитерлік өнімдер, азық-түлік тауарлары, майлы дақылдар, сондай-ақ қозғалтқыштар мен машина жасау өнімдері басым. Ал Моңғолиядан импортталатын тауарлар қатарында ет және ет өнімдері, кашемир, аяқ киім, кілемдер мен жүн бұйымдары бар.

Тауар айналымын одан әрі ұлғайту мақсатында қазақстандық тарап Моңғолияға сауда миссиясын жіберуді жоспарлап отыр. Бұл миссияның мақсаты – тікелей іскерлік байланыстар орнату, сондай-ақ Қазақстанның индустриялық және арнайы экономикалық аймақтарын және экспорттық әлеуетін таныстыру.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықтың жоғары әлеуеті ерекше атап өтілді. Тараптар қазақстандық аграрлық өнімдер экспортын кеңейту мүмкіндіктерін, сондай-ақ ветеринариялық вакциналарды жеткізу және оларды Моңғолия аумағында жергіліктендіру перспективасын талқылады.

Өз кезегінде Хассуурийн Ганхуяг Қазақстанның Моңғолия үшін өңірлік серіктес ретіндегі стратегиялық маңызын атап өтіп, ағымдағы жылы екіжақты ынтымақтастықтың жандана түсетініне сенім білдірді. Ол Қазақстанның Моңғолия мен Орталық Азия елдері арасындағы байланыстырушы буын ретіндегі рөліне тоқталып, тарифтік емес кедергілерді анықтау және жою жөніндегі бірлескен жұмыс тобын құруға мүдделілік танытты. Сондай-ақ моңғол тарапы стандарттау, ветеринариялық қауіпсіздік және мал шаруашылығы салаларындағы өзара іс-қимылды тереңдетуге қызығушылық білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сындарлы әрі өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бейілді екенін растады.