Munarmedia.kz — 15.11.2025 Астанада өткен IV конференция барысында «Байтақ» жасылдар партиясының қалалық филиалы жаңа құраммен қайта жасақталды. Делегаттар филиалдың төрағасы ретінде Нариман Баубекті сайлап, құрамына он бес белсенді кіретін Саяси кеңес құрды. Партия өкілдері бұл өзгерістерді ұйымның жаңару бағытының бастауы деп атап өтті.
Конференцияға партия төрағасы Әміртаев Азаматхан Сайлаулы мен қатар қоғамда саяси беделі бар азаматтар қатысты. Конференция барысында бірқатар экологиялық маңызы бар мәселелер талқыланып, Астана қалалық филианының алдағы жұмыс жоспары нақтыланды.
Экосаясатты күшейту – негізгі мақсат
Конференцияда елорданың экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған басым бағыттар жария етілді. Атап айтқанда:
-
жасыл аймақтарды қорғау,
-
экопарктерді дамыту,
-
тығыз әрі бақылаусыз құрылысқа қарсы әрекет ету,
-
өндірістік шығарындыларды қадағалау,
-
ауа мен су сапасын жақсарту.
Партия өкілдерінің айтуынша, экология мәселелері уақытша шаралармен емес, ұзақ мерзімді, жүйелі шешімдермен ғана оңала алады.
Конференция кезінде Талдыкөлді экологиялық паркке айналдыру жұмыстарының ресми түрде басталғаны да расталды. Қазірдің өзінде қаланы көгалдандырудың тұрғындардың денсаулығына әсерін зерттеу қолға алынған.
Филиал қоғамдық көлік жүйесін жетілдіру, жаяу жүргіншілер мен велокөліктерге арналған қауіпсіз қалалық кеңістіктерді дамыту бағытында белсенді жұмыс жүргізуді жоспарлап отыр. Партияның айтуынша, бұл өзгерістер экологиялық мәдениетті қалыптастырып қана қоймай, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға да ықпал етеді.