Munarmedia.kz — 15.11.2025 Бурабай ауданындағы Орман шаруашылығы, экология және туризм колледжінде «Су ресурсы: тұрақтылық және ынтымақтастық» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиынға Қазақстан мен шет мемлекеттердің ғылыми орталықтары, жоғары оқу орындары және экологиялық ұйымдарының өкілдері қатысты.Конференция жұмысына:
-
«Байтақ» партиясы облыстық филиалының төрағасы Баяжұма Асылбек,
-
саяси кеңес мүшесі Яндиев Герихан,
-
Бурабай аудандық партия филиалының төрағасы Осман Беланович,
-
РФ Астрахан мемлекеттік техникалық университетінің профессоры Петр Иванович Бухарицин,
-
ҚР Су кодексін әзірлеу жұмыс тобының жетекшісі Кенесары Есекин,
-
А.Кадыров атындағы Шешен мемлекеттік университетінің деканы З. Ирисханова,
-
Халықаралық Аралды құтқару қорының департамент басшысы А. Ченгельбаева,
-
Абхазия Республикасының орта және кәсіби білім басқармасының басшысы М. Цыбулевская,
-
Ресейдің «Экосистема» қоғамдық қозғалысының өкілі Д. Құдайбергенова
онлайн және офлайн форматта қатысты. Сонымен қатар колледждің ғалымдары мен оқытушылары да белсенді қатысып, пікір білдірді.
Ғалымдар мен сарапшылар Орталық Азия мен ТМД мемлекеттері үшін өзекті су мәселелерін талқылап, бірнеше бағытта ұсыныстарын ұсынды:
-
трансшекаралық су ресурстарын басқарудың тиімді модельдері,
-
Каспий және Арал теңіздерін сақтаудың халықаралық тәжірибесі,
-
су секторы үшін жасыл технологиялар мен инновацияларды енгізу,
-
су қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі өңірлік ынтымақтастықтың рөлі.
Қатысушылар суды бірлесіп басқару, ғылыми зерттеулерді нығайту және жаңа экологиялық стандарттарды енгізу өңірдің болашағы үшін шешуші фактор екенін атап өтті. су туралы әлі де тым қарапайым ойлаймыз. Әлі күнге дейін су – тек ішетін ресурс, егінге керек, тұрмысқа қажет дүние деп қабылдаймыз. Бірақ Бурабайда өткен «Су ресурсы: тұрақтылық және ынтымақтастық» атты халықаралық конференция бір шындықты ашып берді:
Су – енді экономика ғана емес, қауіпсіздік факторы. Тіпті геосаяси күшке айналып келеді. Қазақстанның орталығындағы тыныш әрі көрікті Бурабайға жиналған саясаткерлер, ғалымдар, экологтар мен халықаралық сарапшылардың сөзінен бір үрей сезілді:
Орталық Азияның болашағы суға тірелді. Бұл – пафос емес, шынайы жағдай.
Орталық Азияда су тапшылығы баяғыдан айтылып келеді. Бірақ бұл проблема бүгінде жаңа белеске өтті.
Мұздықтар – біздің табиғи «су қоймаларымыз». Олар ғасырлар бойы тауларда қалыңдап, жыл сайын дарияларды қоректендіріп келді. Қазір сол мұздықтар көз алдымызда еріп жатыр. Орта есеппен 30% мұздық жоғалды, ғалымдардың есебінше 2050 жылға қарай тағы 40% жоғалуы мүмкін.
Бұл ненің белгісі?
Бұл – бүгінгі тапшылық ертеңгі дағдарыстың «жылы ғана аманы» деген сөз.
Өзендер таудан емес, саясаттан ағып келе жатқандай: кім суық су қоймасын ашса – күн жылы, кім жауып қалса – егістік күйіп кетеді. Су – табиғаттан бұрын мемлекеттердің ортасындағы қарым-қатынастың құралына айналып барады.
Сырдария да, Әмудария да бір елге ғана тиесілі емес.
Су – шекара сұрай алмайды, бірақ мемлекеттер сұрайды.
Бурабайдағы жиында сарапшылар дәл осы мәселені ашық айтты:
егер елдер су ресурстарын әркім өз білгенінше пайдалана берсе, болашақтағы дағдарыс – суға талас, экономикаға соққы, миграцияның өсуі және әлеуметтік тұрақсыздық.
Бұл сөздер қазір әсіреқызыл көрінуі мүмкін. Бірақ Арал теңізінің тағдыры – тым нақты мысал.
Бұрын картада көк айдын болған жер бүгін қаңырап қалған сары шөлге айналды. Ал сол шөлден жылына 100 миллион тоннаға дейін токсинді шаң көтеріліп, өңір елдеріне тарап жатыр.
Егер біз суға қатысты қателікті тағы қайталасақ – Арал қайғысы соңғысы болмайды.
Бурабайдағы конференцияның бір ерекшелігі – тек ғалымдардың сөз жарысы емес, саясаткерлер мен халықаралық ұйымдардың да белсенді қатысуы.
Отырысқа Қазақстанның өңірлік партия өкілдері, Ресей, Абхазия, Шешенстан университеттерінің профессорлары, Халықаралық Аралды құтқару қорының сарапшылары қатысты. Әрқайсысы өз саласынан сөйлегенімен, айтқан ой бір жерден шықты:
Бір ауылға құбыр салумен немесе бір көл жағасын тазалаумен мәселе шешілмейді. Бұл – тұтас жүйені қайта құруды қажет ететін, ұзақ мерзімге арналған күрделі саясат.
Конференцияда жасыл технологиялар жайлы да нақты ұсыныстар айтылды.
Тамшылатып суару, цифрлық су есебі, ирригациядағы шығынды қысқарту, булануды азайтатын жабындар – бұл енді ертегі емес, қолданыста бар технологиялар.
Демек, мәселе тек қаржыда емес.
Мәселе – саяси ерікте.
Елдер бір-бірімен бәсекелес болып емес, серіктес болып жұмыс істегенде ғана нәтиже шығады. Судың табиғаты қандай еді? Ол қорықпай ағады, бөгет жасасаң да, басқа жол тауып шығады.
Аймақтық саясат та дәл солай болуы керек – жасанды шектеулерден гөрі, табиғи үйлесімділікті табу маңызды.
Бурабай конференциясының жақсы жаңалығы — жас ғалымдардың белсенділігі.
Экологияны зерттеп жүрген студенттер мен жас оқытушылар өз жобаларын ұсынып, жаңа ойларымен бөлісті.
Бұл — болашақтың жақсы белгісі.
Егер бүгінгі жастар су проблемасының маңызын түсініп, ғылымға бет бұра бастаса, ертеңгі Орталық Азияда суды басқарудың жаңа дәстүрі қалыптасуы мүмкін.
Бурабайдағы конференция аяқталды, ал аймақ алдындағы күрделі сұрақтар сол күйі тұр. Бірақ бір нәрсе анық:
Су – Орталық Азияның тағдырын шешетін ресурс. Мұнай да, газ да, алтын да емес — дәл су. Егер біз осыны уақытында түсініп, дұрыс саясат жасай алсақ, өңірдің болашағы жарқын болмақ.
Су – табиғаттың сыйы емес, болашақтың сынағы.
Бұл сынақтан қалай өтетініміз – бүгінгі таңдауымызға байланысты.
Баяжума Асылбек