Munarmedia.kz 24.04.2026 /Astana/ – Қазақстанда мобильді аударымдарды бақылау аясында екінші деңгейлі банктер Қаржы министрлігіне азаматтардың ақша қозғалысы туралы деректерді толық ұсынды. Бұл туралы бүгін вице-министр Ержан Біржанов мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта барлық банктерден алынған мәліметтер өңделу үстінде.
«Қазір осы деректерді өңдеу жүріп жатыр. Оларды санаттар бойынша – жеке кәсіпкер, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат және басқа да топтарға бөліп талдау қажет. Нәтижесін дайындап, мамыр айынан бастап хабарламалар жіберуді бастаймыз», – деді вице-министр журналистер сұрағына жауап бере отырып.
Жаңа тәртіпке сәйкес, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық органдары азаматтардың банк аударымдарына ерекше назар аударады. Егер үш ай қатарынан:
– бір жеке шотқа ай сайын 100 және одан да көп әртүрлі адамнан ақша түссе;
– жалпы түсім көлемі 1 млн 20 мың теңгеден асса (үш айдағы жиынтық сома есептеледі),
онда мұндай операциялар қосымша тексеруге алынады.
Салық органдары бұл талаптарға сәйкес келетін аударымдарды заңсыз кәсіпкерлік табыс ретінде жасыру фактілерін анықтау мақсатында талдайды.
#Қазақстан #Салық #Банктер #МобильдіАударым #ҚаржыМинистрлігі #Экономика #Бақылау #Кәсіпкерлік #Kazinform #Munarmedia