Өскемендегі әскери бөлімде болған қайғылы оқиға бойынша тергеу аяқталды

87


Munarmedia.kz 24.04.2026 /Astana/– 2026 жылғы 23 қаңтарда Өскемен қаласындағы әскери бөлімде сарбаздың өз-өзіне қол жұмсау оқиғасына қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталды. Бұл туралы әскери прокуратура хабарлады.

Тергеу нәтижесінде іс сотқа жолданды. Айыпталушылар қатарында батальон мен взвод командирлері бар. Оларға билікті асыра пайдалану және қызметтік міндеттерге немқұрайлы қарау баптары бойынша айып тағылып отыр.

Тергеу деректеріне сәйкес, әскери қызметшілер тарапынан бірнеше рет жарғылық емес қарым-қатынастарға жол берілген. Сонымен қатар марқұм Оспанов пен тағы алты сарбазға психологиялық қысым көрсетілгені анықталды.

Сондай-ақ взвод командирі қару-жарақтың сақталуын тиісті деңгейде бақыламағаны көрсетілген.

Прокуратура мәліметінше, бірқатар лауазымды тұлғаларға тәртіптік шаралар қолданылған:

– әскери бөлім командирі қызметінен босатылды;
– екі командирдің орынбасары жұмыстан шығарылды;
– тағы 9 әскери қызметші тәртіптік жазаға тартылды.

Іс бойынша сот процесі алдағы уақытта басталады.

#Қазақстан #Әскер #Өскемен #ӘскериПрокуратура #Құқық #Қауіпсіздік #Kazinform #Munarmedia #Тергеу #ҚорғанысМинистрлігі