Munarmedia.kz 24.04.2026 /Astana/ – Еуропалық одақ санкциялардың 20-пакеті аясында Қырғызстанға қатысты бірқатар шектеу енгізді.
Жаңа талаптарға сәйкес, ЕО елдерінен Қырғызстанға сандық бағдарламалық басқаруы бар металл өңдеу станоктарын (ЧПУ) және байланыс жабдықтарын (модемдер, роутерлер, радиостанциялар) жеткізуге тыйым салынды.
Сонымен қатар санкциялық тізімге қырғызстандық Old Vector LLC компаниясы енгізілді. Аталған ұйым мемлекеттік қолдаумен қамтамасыз етілген A7A5 стейблкоины саудаланатын биржаны басқарады.
Еуроодақ мәлімдемесінде Ресейге қарсы қаржылық санкциялар аясында халықаралық есеп айырысуда криптовалюталарды пайдалану артып келе жатқаны атап өтілген. Осыған байланысты ЕО ірі көлемде A7A5 стейблкоины айналымы жүретін платформаны басқаратын ұйымға шектеу енгізген.
A7A5 – рубльдік депозиттермен қамтамасыз етілген стейблкоин. Ол Промсвязьбанк базасында шығарылған және аталған қаржы институты АҚШ, Ұлыбритания және Еуроодақ санкцияларына іліккен. Әрбір A7A5 бір рубльге тең.
Айта кетейік, мұндай шектеулерді енгізу мәселесі 2026 жылдың қаңтар айында да талқыланған болатын.
#Еуроодақ #Санкциялар #Қырғызстан #Экспорт #Технология #Криптовалюта #A7A5 #Экономика #Kazinform #Munarmedia