Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Б.Асадты Сирияға беруден Ресей бас тартты

38


Munarmedia.kz. Астана. 24.04.2025 жыл- Сирияның  бұрынғы президенті Башар Асад қызметінен қуылғаннан кейін Ресейге қашып барған болатын. Сирияның жаңа үкіметі Асадты экстрадициялауды сұрағанымен, Ресей тарапы бұл өтінішке теріс жауап қайтарды. Бұл туралы Сирияның уақытша президенті, «Хайят Тахрир аш-Шам» жихадшылар тобының жетекшісі Ахмед аш-Шараа The New York Times газетіне берген сұхбатында мәлімдеді.

Оның айтуынша, ресми өтініш Ресей билігіне биылғы қаңтар айында жолданған. Алайда, теріс жауап алғанымен, Сирияның жаңа билігі Мәскеумен қарым-қатынасты үзуді көздеп отырған жоқ, керісінше, Кремльмен келіссөздер жүргізуге дайын екендерін білдіріп отыр деп жазады NYT.

«Ресей — БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі. Сирияның барлық әскери техникасы ресейлік. Сондай-ақ азық-түлік пен энергия жеткізу бойынша бұрыннан бері жалғасып келе жатқан келісімдер бар», — деді аш-Шараа. Ол өз үкіметінің бұл келісімдерді назарға алып отырғанын атап өтті.

The New York Times-тың жазуынша, Сириядағы азаматтық соғыс кезінде Ресей Башар Асад режимін қолдау мақсатында бұл елге ұшақтар, әскери кемелер, әскерлер мен кеңесшілер жіберген.

«Қазіргі уақытта Сирия қару-жарағын Ресейдікінен басқа баламаға ауыстыру туралы ұсыныстар басқа елдерден түскен жоқ», — деген аш-Шараа мәлімдемесі Сирияға Ресейдің көмегі әлі де қажет болуы мүмкін екенін меңзейді.

Асадты орнынан кетіргеннен кейінгі Ресей делегациясының алғашқы сапары

Сирияның жаңа билігі Дамаск қаласында Ресей делегациясымен келіссөздер жүргізу кезінде «Ресей Федерациясы өтемақы, қалпына келтіру және инфрақұрылымды дамыту шаралары арқылы сириялық халықпен арадағы сенімді қайта қалпына келтіреді деген үміт бар» деген мәлімдеме жасаған. Бұл туралы Сирияның ресми SANA агенттігі 29 қаңтарда хабарлаған.

Келіссөзге Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Михаил Богданов пен Сирия мәселелері жөніндегі Ресей президентінің арнайы өкілі Александр Лаврентьев бастаған делегация қатысқан. Бұл – Башар Асад биліктен кеткеннен кейін Ресей шенеуніктерінің Сирияға жасаған алғашқы ресми сапары болды.

«Хайят Тахрир аш-Шам» тобы мен оның одақтастарының қарқынды шабуылынан кейін Башар Асад билігінен айырылды. Оппозициялық күштер өткен жылдың қараша айының соңынан желтоқсанның 7-сіне дейінгі бір апта ішінде Сирияның солтүстігінен астана Дамаскке дейін жеткен. Әскер мен құқық қорғау органдары ешқандай қарсылық көрсетпеген. Сөйтіп, Башар Асад елін тастап, Ресейге қашып кеткен. Осылайша Асадтар әулетінің 50 жылдан астам уақытқа созылған билігі аяқталды.