Munarmedia.kz. Астана. 24.04.2025 жыл. Ресей президенті Владимир Путин елдің қорғаныс саласындағы өндірісті күшейтіп, болашақта болуы мүмкін соғысқа дайындалу қажеттігін мәлімдеді. Бұл туралы ол Әскери-өндірістік комиссия отырысында сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлайды The Moscow Times басылымы.
Кремль басшысы Ресейдің қорғаныс өнеркәсібі қару-жарақ, байланыс құралдары мен электронды соғыс жүйелерін шығару көлемін екі есе арттырғанын атап өтті.
Сонымен қатар Путин Украинаға қарсы соғысып жатқан Ресей армиясына 4000-нан астам бронды техника мен танк, 180 ұшақ пен тікұшақ, сондай-ақ 1,5 миллионнан астам ұшқышсыз ұшу аппараты берілгенін айтты. Оның ішінде 4000 дрон виртуалды шындық жүйесімен басқарылады. Дегенмен, ол мұндай қару-жарақ көлемі әлі де жеткіліксіз екенін мойындады.
Президенттің айтуынша, биыл Ресейдің әскери-өндірістік кешені бұрынғыдан да ауқымды мақсаттар қойып отыр. Қорғаныс өндірісінің қуатын арттыру бағдарламасы 400-ден астам кәсіпорынды қамтиды.
"Бізге болашақта орын алуы мүмкін қарулы қақтығыстардың сипатын түсіну маңызды," — деді Путин. Кремль басшысы роботтандырылған жүйелер, ұшқышсыз кемелер, әскери-теңіз жүйелері мен лазерлік қару өндірісін жеделдетуді тапсырды. Сонымен қатар, барлау мәліметтерін тек әскери құрылымдар ғана емес, басқа да күштік органдар пайдалана алатындай етіп, арнайы "жерсеріктік топтаманы" құруды бұйырды.