Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Ерментаудағы жер дауы немесе ешкімге бағынбайтын әкім...

594


 

Редакциямызға Ақмола облысы, Ерейментау ауданы, Олжабай батыр ауылының тұрғындары хабарласты.  Олжабай батыр ауылындағы 1680 га жерді ауыл тұрғындары соттасып жүріп, бұрыңғы кәсіпкерден алып, сот шешімімен мемлекет меншігіне өткізген екен. Алайда мемлекет меншігі мен жекеменшікті айыра алмаған ерейментаулық шенеуніктер оның басында аудан әкімі Нұрлан Мұқатовтың әрекеті ауыл тұрғындарының ашу ызасын туғызуда. Олжабай ауылының тұрғыны Дастан Рақышев бастаған белсенді азаматтар ауыл тұрғындары атынан Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевқа арнайы үндеу жолдағандарын да айтты.


Дастан Рақышевтің айтуынша «Олжабай батыр ауылындағы 1685 га жер мемлекеттік қорға тиесілі. Жайылымдық жер ретінде көзделген. Өткен жылы ауыл тұрғындары соттасып, сот шешімен мемлекеттік қорға алынған. Кадастрлік номері 256. Аудан әкімі жерді конкурсқа шығарғысы келеді. Алайда біз жерді конкурсқа шығармаймыз. Елдің иглігіне жұмсаймыз деп арнайы хаттама қабылдағанбыз.  Нұрлан Мұқатов  ешқандай конкурс өткізбестен Аршалы ауданына қарасты «Ақжар» ЖШС аталмыш жерге егін салуға рұқсат берген. Нәтижесінде Аршалының Белояр ауылындағы «Белояр -2019» ЖШС директоры Сергей Игнатенко бірнеше күннен бері техникаларын әкеліп, жер жырту жұмыстарын бастап кеткен. Ауыл тұрғындарымен кездесуге келген аудан әкіміне қойылған сұрақтарға жауап бере алмаған Нұрлан Мұқатов айғайға басты. Тіпті мен «Үкіметпін» деп кеудесін соққан» дейді. Әкімнен қайыр  болмаған соң түнделетіп жер жыртып жатқан "Белояр 2019" ЖШС егіс алқабындағы техникаларының жұмысын ауыл тұрғындары барып тоқтатып тастауға мәжбүр болған. 


 Ауылда жайылымдық жер болмағандықтан 40 тан  аса отбасы көшіп кеткен. Ауыл тұрғындарының саны азайып, мектебіміз жабылудың алдында ғана тұр. «Ауылымыздың жерін өңдеп, пайда көріп жатқан кәсіпкерлердің бірде-бірі әлеуметтік нысандарға, жол мәселесін шешуде ешқандай көмек көрсеткен емес.Егіндерін алған соң ұшты-күйлі жоғалып кетеді.



Тіпті егістікте қалған сабан қалдықтарында қасақана өртеп кетеді. Қалдырып кетсе қолдағы азын-аулақ малымызға жем, шөптің орнынан берер едік» дейді ауыл тұрғындары.

Қазақтың жері әрбір әкімнің ойына келгенін істейтін меншігі емес. ҚР Конституциясында жер халықтікі делінген. Ендеше халықтың меншігін баса көктеп, конкурс жарияламастан, тұрғын халықпен ақылдаспастан басқаларға беріп жүрген аудан әкімі Нұрлан Мұқатовтың түпкілікті ойы қандай?

Өзі ерейментаудың тумасы болса да үнемі халықтың шулатып, заңсыз шешімдер шығарып жүретін әкімнің артынан дау кетер емес. Бұған дейін Бестөбе мен Сілетінің жерін Степногорге берем десе, аудан іргесіндегі қоқысқа ие бола алмай, облыс әкімінен сөгіс алған әкімнің креслосында нық отыруы кімнің арқасы? Президентіміз Қ.Тоқаев ауылдық жерлерді жандандыруды, инфрақұрылымдарын дамытуды, жерді заңды мақсаттарға ғана пайдалануды, ірі жер иеленуші кәсіпкерлердің емес, жергілікті халықтың мүддесін бірінші кезекте ойлауды тапсырса да Нұрлан Мұқатов мырзаға бәрібір сияқты. Басынан дау арылмаған аудан мен әкімінің мәселесін май шаммен қарауға облыстағы құзырлы органдар да құлықсыз. Үндемеген үйдей бәледен құтылады деген принципті ұстанған мемлекеттік органдар ешқандай заңды құқықтық түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, халықпен кездесіп, мән-жайды түсіндруге асығар емес.


Ерейментау ауданының тұрғыны Қасым Қалибеков «Қазіргі таңда жолмен суға зәру болып отырған Ерейментауға қарасты ауылдар жеткілікті. Еркіншілік ауылының әлеуметтік мәселесі өткен жылы үлкен дауға айналып, облыс әкімі Марат Ахметжановқа ауыл азаматтары өкпе, назын айтып жібергенмен еш өзгеріс болмады. Бірде-бір инфрақұрылымға қатысты жаңа жобалар жүзеге асып жатқан жоқ. Жаңа үйлер, мектептер, балабақшалар, жолдар салынбады. Инвестиция тартып жүрген ешкімді көрмейсің.

Баяғы таз қалпымызды өмір сүріп келеміз. Астананың іргесінде аудан ретінде баяғыда дамып кететін уақытымыз болды ғой. Ауылдарда жұмыс жоқ. Отбасын асырау үшін ер азаматтарымыз астанаға құрылысқа барып күнелтсе, қалғаны такси жасап өздерін өздері асырап, өлместің күнін көріп келеді» дейді. Басшыға жарымаған ауданның бағы жанар емес. Бөгенбай батыр, Олжабай батыр, Үмбетей жырау, Сақұлақ би сынды көптеген тарихи тұлғалар өмір сүрген, қойынауы тарихқа толы ерейменнің қасиетті жері кім көрінгеннің ойыншығына айналмаса екен деп қорқамыз. Ата бабамыздың ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалған ұлан-ғайыр даласының тағдырын аудан әкімі емес халық шешетінін түсінсе екен дейміз. 

Үнемі даудың үстінде жүрсе де саусағы қанамайтын Нұрлан Мұқатовтың ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып келе жатқалы қашан. Облыстық прокуратура, жер қатынастары басқармасы ауыл тұрғындарының шағымын қарастырып, заңды жауаптарын береді деген сенімдеміз. 

Серік Самалбек