Иранда болып жатқан соңғы оқиғалар Орталық Азия елдері үшін елеулі сигнал әрі нақты ескерту болып отыр. Бұл жағдай қазіргі заманғы *гибридті соғыстың* қалай жүргізілетінін айқын көрсетеді. Мұнда әңгіме стихиялы әлеуметтік толқулар туралы емес, сыртқы қысым мен ішкі басқарылатын тұрақсыздандыруды ұштастыратын жүйелі технология жөнінде болып отыр.Бұл модельде арнайы қызметтер, медиаресурстар, әлеуметтік желілер, цифрлық платформалар және радикалды прокси-топтар кешенді түрде пайдаланылады. Яғни, мемлекетке қарсы күрес тек әскери немесе экономикалық құралдармен емес, ең алдымен ақпарат, сана және құндылықтар арқылы* жүргізіледі.
Иран төңірегіндегі жағдайға қарасақ, АҚШ, Израиль және олардың одақтастары тарапынан мақсатты түрде ахуалды шайқау әрекеттері байқалады. Бұл – бұрын басқа елдерде сыналған, қазір жетілдірілген және нақты алгоритмі бар схема.
Бәрі *ақпараттық шабуылдан* басталады. Фейк жаңалықтар, контекстен жұлып алынған видеолар, эмоцияға құрылған ұрандар жаппай таратылады. Ақпараттың рас-өтірігін тексеру бұл жерде маңызды емес. Негізгі мақсат – қоғамда ашу-ыза, жеккөрушілік пен шектен тыс эмоциялық реакция тудыру.
Келесі кезең – *онлайн режимде наразылықтарды басқару*. Қазіргі таңда ел ішінде физикалық түрде болудың қажеті жоқ. Мыңдаған шақырым қашықтан отырып-ақ, жастарды бағыттауға болады. Әлеуметтік желілер, мессенджерлер, ал шектеу енгізілген жағдайда спутниктік байланыс жүйелері қолданылады. Иранда Starlink жүйесінің пайдаланылуы – осының нақты дәлелі. Бұл мемлекет енгізген шектеулерді айналып өтіп, протестік қозғалыстарды сырттан басқаруға мүмкіндік береді.
Одан кейін *арандатушыларды енгізу* кезеңі басталады. Наразылық білдірушілер арасына әдейі радикалды элементтер жіберіледі. Олардың міндеті – бейбіт акцияны агрессивті арнаға бұру: өрт қою, күш қолдану, тәртіпсіздік ұйымдастыру, хаос пен бақылаусыздық әсерін қалыптастыру.
Ең қауіпті сәт – *террористік және экстремистік топтардың іске қосылуы*. Иранның Хузестан провинциясында протест кезінде Сельжүк дәуірінен бері келе жатқан, ерекше құрметтелетін тарихи-діни нысанның қиратылуы осының айқын көрінісі. Экстремистер қасиетті орынды қорлап, кесененің зәрихын өртеп, жойған. Бұл – тек билікке емес, тұтас ұлттық және рухани негізге жасалған соққы.
Осы тұста алаңдататын жайт – Орталық Азияда Иранда не болып жатқанын толық әрі дұрыс түсінбеу. Көпшілік Иранда *бейбіт наразылықтар үнемі өтетінін* білмейді. Мұндай акциялар үшін адамдар жазаланбайды, өйткені иран заңнамасында бейбіт протест – азаматтардың заңды құқығы. Тіпті елдің рухани көшбасшысы бірнеше рет: «Егер халық көшеге шықса, демек билік қателік жіберген, оны түзету керек» деп мәлімдеген.
Алайда мәселе бейбіт наразылықта емес. Қауіп – осы наразылықты сырттан басқарылатын, агрессивті әрі деструктивті құралға айналдыруда.
Бүгінгі соғыс – бұл ең алдымен *технологиялар соғысы және сана үшін күрес*. Бұл – жастардың ойлау жүйесі, құндылықтары мен болашағы үшін жүргізілетін күрес. Иран мысалында біз тұтас бір буынның сырттан таңылған, жалған құндылықтардың тасымалдаушысына айналып, өз мемлекетіне қарсы пайдаланылғанын көріп отырмыз.
Әлеуметтік желілердегі кез келген ақпаратқа сынсыз сенетін жастарды басқару оңай. Олар эмоциямен әрекет етеді, салдарын ойламайды және көбіне өздері қандай сценарийдің бөлігіне айналғанын түсінбейді.
Осы тұрғыдан алғанда, Иран – Орталық Азия үшін *тікелей ескерту*. Егер қоғам бөлшектенсе, ортақ мақсат пен құндылықтар болмаса, ақпараттық иммунитет қалыптаспаса, ұлттық сараптамалық база әлсіз болса, ал жастар тек сырттан таңылған күн тәртібімен өмір сүрсе – Ирандағыдай сценарий кез келген елде іске қосылуы мүмкін.
Бұл – абстрактілі қауіп емес. Бұл – бүгінгі геосаяси шындық.