Соңғы жылдары
қарқын алған Ресей мен Иран арасындағы жақындасу Дональд Трамптың президенттігі
кезінде жаңа қиындықтарға тап болуы мүмкін. АҚШ-тың келесі президентінің сыртқы
саясатына қатысты белгілі болғандай, Вашингтонның Мәскеумен диалог орнатуға
ұмтылатынын, ал Тегеранға керісінше қысымды күшейтетінін көрсетеді. Енді
негізгі сұрақ – АҚШ-тың «ашу мен рақым» саясаты Ресей мен Иран одағының антибатыстық
бірлігін әлсірете ала ма?
Украинаға
басып кіргеннен кейін Ресейде Иранға деген қызығушылық күрт артып, 2024 жылдың
ортасына қарай бәсеңдей бастады. Алдын ала болжанғандай, Иран Мәскеу үшін Батыс санкцияларын айналып өтуге,
жаңа экономикалық мүмкіндіктерді ашатын жол ретінде қарастырылғанымен үміт
ақталмады. Екі ел арасындағы сауда көлемі жылына 4–5 миллиард доллар шамасында
сақталып отыр. Ресейде Иран тауарларының саны сәл артқанымен, ирандық
компаниялардың ресейлік нарыққа кең көлемде енуі туралы айтуға әлі ерте.
Соған
қарамастан, соңғы екі жылда екі елдің экономикалық интеграциясынығайту
мақсатында көп жұмыс атқарылды. Ең маңызды жетістіктердің бірі — Иранның
Еуразиялық экономикалық одақпен (ЕАЭО) тұрақты еркін сауда аймағы туралы
келісімге қол қоюы. Бұл келісім 2025 жылы күшіне еніп, елдер арасындағы барлық
тауарлардың 90%-ына кедендік баж салығын төмендетеді. Иран үшін бұл — алғашқы
еркін сауда аймағы, ал ЕАЭО үшін екінші келісім. Алғашқысы Вьетнаммен 2016 жылы
жасалған болатын.
Бұған қоса,
Тегеран ЕАЭО-да бақылаушы мәртебесін алуға өтініш берді. Мұндай мәртебеге
қазірдің өзінде Молдова, Өзбекстан және Куба ие. Бірақ Иран осы мәртебені еркін
сауда аймағы туралы келісіммен біріктірген алғашқы ел болмақ.
Сондай-ақ
Тегеран мен Мәскеу ұлттық төлем жүйелерін — Shetab пен «Мир»-ді ресми түрде
интеграциялады. Иранның мәлімдеуінше, биыл ирандық карталар Ресей
банкоматтарында, ал келесі жылдан бастап ресейлік карталар Иранда қолжетімді
болмақ. Бұл келісім теңдессіз болып саналады — Қытай, Түркия немесе БАӘ
банктері бұл мәселеде Тегеранмен мұндай жетістікке жете алмады.
Бұған қоса,
Мәскеу Иранның халықаралық ұйымдарға кіруіне жәрдемдесіп отыр. Ресейдің
бастамасымен 2023 жылы Иран Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше болды, ал
2024 жылы Ислам Республикасының БРИКС-ке қосылуын қолдады. Әскери саладағы
ерекше ынтымақтастық туралы да айтпай кетуге болмайды — Тегеран мен Мәскеу
бір-біріне қару жеткізіп, Каспийден Парсы шығанағына дейін бірлескен әскери
жаттығулар өткізуде.
Жалпы, Ресей
Иранмен әртүрлі салада ынтымақтастықты арттырып қана қоймай, Тегеранмен
қарым-қатынастарда жаңа интеграциялық модельдерді сынап көруде. Еркін сауда
аймағының үйлесімі, қаржы жүйелерінің интеграциясы және ортақ халықаралық
ұйымдарға мүшелік екі елдің жақындасуын нығайтып, оны тұрақты әрі сыртқы
ықпалдарға төзімді етуді көздейді. Осы мақсатта тараптар бірнеше жыл бойы ұзақ
мерзімді ресей-иран ынтымақтастығы туралы құжат әзірлеуде.
Бұрын Ресей
Иранды басқа елдермен ынтымақтастық тәжірибесін сынақтан өткізу алаңы ретінде
пайдаланып көрген. Мысалы, Бушердегі атом электр станциясын салу кезінде дәл
осылай болды. Бұл АЭС «Росатом» үшін күрделі жағдайда іске асырылған алғашқы
ірі жоба әрі өзіндік жарнамалық бастама болды. Сол кезде басқа ешбір ел мұндай
қиын міндетті орындауға дайын емес еді. Бушердегі тәжірибе Таяу Шығыс елдері
үшін сенімді көрінді, нәтижесінде ресейлік мердігерлер Түркиядағы «Аккую»
АЭС-ін және Египеттегі «Эль-Дабаа» АЭС-ін салуға көмектесіп жатыр.
Бүгінгі күні
«ирандық тәжірибенің» ауқымы айтарлықтай кеңейді. Тегеран Мәскеу үшін
антибатыстық күн тәртібі мен санкциялар қысымында бір-біріне ұқсас серіктеске
айналды. Сондықтан Ресей жаңа интеграциялық құралдарды сынақтан өткізу үшін дәл
осы елді таңдады.
Мысалы, Мәскеу
қазірдің өзінде Мысыр және БАӘ елдерімен Иранмен жасағандай, ЕАЭО-мен еркін
сауда аймағы туралы келісімге қол қоюды талқылап жатыр. Потенциалды үміткерлер
тізімінде Индонезия да бар. Алайда, Үндістан мен Қытай сияқты экономикалық
алыптарға мұндай ұсыныстар берілмейді, себебі Кремльдің ойынша, ЕАЭО – Ресейдің
үстемдік ететін аймағы, ал Ресей бұл бірлестікте ең ірі экономикалық ойыншы
болып қалуы керек.
Иран мен
Ресейдің төлем жүйелерін біріктіру тәжірибесі де кейінірек басқа елдерге үлгі
болуы мүмкін. Иран бұл үлгіні БРИКС елдерінің төлем жүйелерін біріктіру үшін
пайдалануды ұсынды.
Сонымен қатар,
Мәскеу ШЫҰ мен БРИКС-ті кеңейту идеясын ілгерілетуде. ШЫҰ-ға Ираннан кейін
Ресейдің посткеңестік кеңістіктегі басты одақтасы — Беларусь кірді. Ал БРИКС-ке
Тегеранмен бірге Мысыр, Эфиопия және БАӘ қосылды, ал Әзербайжан мен Түркия бұл
ұйымға мүше болуға ниет білдірді.
Иранды
халықаралық оқшаулаудан шығару жолындағы орыстың әрекеті америка әкімшілігіне
ұнамайтыны анық. Трамптың алдыңғы президенттігі Иран басшылығына «максималды
қысым» жасау саясатын қолдану арқылы есте
қалды. 2018 жылы АҚШ-тың ядролық келісімнен шығуы және одан кейінгі қатаң
экономикалық санкцияларды қайтаруы Иран үшін XXI ғасырдағы ең ауыр сынақтардың
бірі болды.
Алайда,
Вашингтонның бұл бағыттағы әрекеттері Тегеран мен Мәскеу арасындағы
экономикалық интеграцияға айтарлықтай әсер ете алмайды. Шын мәнінде, Иранға
жасалған экономикалық қысымның шегі Трамптың алдыңғы президенттігі кезінде-ақ
жеткен болатын. Республикалық президенттен кейін билікке келген Джо Байден де
бұл саясатты іс жүзінде жалғастырды. Тегеранға қарсы санкциялардың ешқайсысы алынып
тасталған жоқ. Бұл керісінше, Иран мен Ресейдің әртүрлі бағыттарда жақындасуына
ықпал етті. Қазіргі уақытта АҚШ тарапынан қосымша қысым, ең алдымен, дәл
осындай әсер беруі мүмкін.
Әрине, Трамп
әкімшілігі анағұрлым күрделі әрі тың қадамдарға баруы ықтимал. Мәселен, Ресейге
Иранды қолдаудан бас тартқаны үшін санкцияларды жұмсарту туралы ұсыныс жасалуы
мүмкін. Алайда мұндай ұсыныс АҚШ-тың сыртқы саясатын түбегейлі қайта қарауды
талап етеді және Мәскеу тарапынан үлкен құлшыныспен қабылдануы екіталай. Иран Ресей үшін Батыстан тәуелсіз жаңа халықаралық
қатынастар инфрақұрылымын сынайтын серіктеске айналды. Мәскеудің бұл тәжірибені
әлі де жалғастыратын болады.
Иә, Кремль
сынақтан өткізіп жатқан түрлі саяси құралдар әрдайым тиімді бола бермейді. Кей жағдайда, Ресейдің
экономикалық мүдделеріне толық сәйкес келмейді. Мысалы, Иранға баж салығын төмендетуден салдарынан Иранның
өзі пайда көріп, Ресейге экспортын айтарлықтай ұлғайтты. Ал ресейлік
экспорттаушылар бұл бағытта әзірге ешқандай айтарлықтай жетістікке қол
жеткізген жоқ.
Дегенмен,
мұндай экономикалық ұсақ-түйектер Кремльдің геосаяси жобаларын жүзеге асыруына
кедергі келтіре қоймас. Иран Ресей үшін батыстық әлеммен байланысы үзілген
сәтте «серіктеске» айналды. Ал Иран бағыты бойынша интеграциядағы кез келген
жетістік Мәскеуді уақыт өте келе осындай Батыстан тәуелсіз шешімдерді басқа
серіктестермен қарым-қатынаста да жүзеге асыруға болады деген үмітке жетелейді.