Есіл ағып барады, нұр жұмылып,
Жағада тал,
терегі ырғатылып.
Айдында
шортандары, шабақ қуған
Күмпілдетіп
толқынды жарға сырып,-деп ақын жырлағандай, ерке
Есілдің жағасында орналасқан арайлы Аршалының тарихы тереңде жатыр. Сонау
жерімізді сақтап қалған жолбарыс Жұмабек Тәшенов, адуынды ақын, әнші, сазгер
Иманжүсіп мекен еткен қасиетті мекенде қаншама ардагерлер, аяулы азаматтар мекен
етті.
Бұл
туралы Аршалы тарихы кітабын шығаратын кезде жазармыз. Ал солардың арасында
үнсіз ғана тотлағай еңбек етіп, келін оп түсіп, абыз ана боп зейнеткерлікке
шығып жатқан Тналина Тазагүл Темірғализы туралы бір үзік сырымызды білдірсек
деп шештік.
Батыр Бауыржан атамыз «Қаншама қанды соғысқа
қатысқан мен батыр емеспін, жат елге
барып, әулеттің анасына айналатын қыз батыр» деген екен. Дәл осы сөз Аршалының
Тазагүліне арналғандай...
2005 жылы Көкшетаудың Еңбекшілдер ауданының Донской ауылында мектепте
мұғалім болып жүріп, Аршалы туралы қарындасым Зәурештен көп естуші едім. Ақыры
мектептен шығып, бала-шағамды алып Аршалыға тарттым. Танымайтын ел, бөтен жұрт.
Алайда менің болашағыма әсер ететін, бақытымды табатын мекен Аршалы боларын
сезбеген едім. Аудандық білім бөлімінің бастығы Мамбетов Талғат
Жанабергенұлының кабинетін қорға –қорқа аштым. Ол кезде мен үшін білім
бастығының алдына кіру деген шынымен қорқынышты еді.
Ауылда мектеп директорынан басқаны көрмегенбіз ғой. Қазақи азамат екен.
Дереу аудандық №2 мектеп директорына телефон шалып, мені жұмысқа қабылдаңыз деп
бұйырды. Шынымен ауданда құай салада болмасын қазақ тілді мамандар тапшы заман еді.
Мектептен жалығып келген сыртымнан қуанған кейіп танытсам да, аса барғым
келмеп еді. Мектептен шыққан соң орталық базарға келіп сұрастырсам «Мәдениет
үйі» дәл қасында екен. Ақырын басып, екінші этажға көтерілдім. Кабинеті ашық,
ешқандай хатшы жоқ. Жүзі жылы қазақы әйел адам отыр екен.
Амандасып кірген соң өзімді жарты сағат мақтадым. Мені мақтайтын ешкім
болмаған соң амал жоқ. Дереу арыз жаздырып, аудармашы ретінде жұмысқа қабылдап,
жеке кабинет бергізді.
Міне осы кезден менің мәдениеттегі дәуренім басталды. Өзім аздап домбыра
тартып ән салушы едім. Бар білетін «Балқадишам» кәдеге жарады. Аудандық
концерттердің барлығын Галя екеуіміз жүргізе бастадық. Облыстық «Үздік
аудармашы» байқауынан бас жүлде, республикадан номинация жеңімпазы атанып
келген соң, бедел деген бес тонна болды. Ұзамай аудан әкімдігінен ұсыныс түсіп,
аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тіл жөніндегі бас маманы
қызметіне тағайындалып, 16 жылға жалғасқан мемлекеттік қызметтің дәурені
басталды. Кейіннен Аршалының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімін басқарып,
аудан әкімінің орынбасарлығын да атқардық. Жалғыз мен емес Қорғанбекте аудандық
мәдениет үйінің директорлығын атқарып, қазір астанадағы «Наз» театырының белді
қызметкері. Басқа да ұл, қыздар әркім жан-жақта жүрсе де мәдениеттен алыстап
кеткен ешқайсысы жоқ. Барлығы да жетістіктерге жетіп, ел алғысына бөленіп
жүрген жандар.
Үй жалдап тұрғанда пешіміз сынып, Қуандық аға келіп жөндеп беріп, Тазагүл
апайымыз үйіне шақырып, қонақ етіп жүретін кездер сағынышқа айналды. Шын
мәнінде аршалылық ағалар мен апалардың ыстық ықыласы біздің кез-келген
қиындықтарды жеңіп шығуымызға жетеледі.
Тазагүл Темірғалиқызына еріп, Байдалыға барып Алшағыр атаның батасын алып
қайтқан едік. Ауданда Мамбетов Талғат, Пристинская Татьяна, Цыганов
Александр, Гросс Лукьян, Балтабай,
полиция бастығы Хамза, Оңдасын Кәкімбекұлы, Клара Шуманқызы, Серікбай, Биджиев
Владимир, Шолпан Хамитбековна, Шекер Хасеновна, Тазагүл Темірғалиқызы тағы
басқа да ел ағалары мен апалар үнемі қамқорлық танытып, қастарынан тастамай,
бауырымыз, баламыз деп құрмет көрсетіп, қолдап жүрді.
Тазагүл Темірғалиқызының ұлтжандылығы, мәдениет пен тілге жанашырлығы, әр
қазақты бауырым деп құшағын жая алатын дархан мінезі мен ғана қаншама жастардың
ауданымызға келіп, сахнада өнер көрсетіп, өнер әлеміне қанат қағуына себепші
болды. Олардың қатарында менен бастап, Зәуреш, Бағдәулет, Қорғанбек, Дастан,
Ақтан, Аян, Дәулет, Жанат, Азамат, Мейрамбек, Милахат т.б қаншама жастардың
өнер әлемінде өз жолын табуға мүмкіндік беріп, қамқорлық көрсетті.
Тазагүл Темірғалиқызы Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Көбетай ауылында туып
өскен. Мектепте жүргенде әдебиетке жақын болғандықтан белсенді оқушылардың бірі
болды. Кейіннен Қарағандыдағы мәдениет училищесін тәмамдап, Аршалының адуынды
жігіті Қуандықтың құрығына түсіп, тоғыз ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған, ауданның
құрметті азаматы, өнер қайраткері Алшағырдың үшінші келіні болып келеді.
Еңбек жолын аудандық кітапхана мен мәдениет үйінде жалғастыра жүріп 2003
жылы аудан басшылығы Тазагүл Темірғалиқызына аудандық Мәдениет үйінің
директорлығы қызметін сеніп тапсырады. Міне осы кезден Аршалы мәдениетінің
өрлеу, даму, жаңғыру кезеңі басталды.
Ресейдің Челябинск қаласында мәдениет университетінде білімін жетілдірді.
Қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысып, аудандық мәслихат депутаты ретінде
қоғамды алаңдатқан көптеген мәселелерді көтеріп көзге түсті. Ең бастысы сонау
1986 жылдары желтоқсан оқиғасы кезінде Қарағанды қаласында кеңестік жүйеге
қарсы тұрған жастардың қатарында болғаны Тазагүл Темірғали қызының елінің
болашағына, өзгерістерге, еркіндік пен бостандыққа деген ұмтылысын көрсетеді.
Осы жылдар ішінде Тазагүл
Темірғалиқызы туралы барлық бұқаралық ақпарат құралдары жазып, көптеген
аудандық, облыстық, республикалық мақтау, марапаттарға, төс беліглер мен
медальдермен марапатталды.
Аудандық мәдениет саласына жас мамандар келіп, жаңа шығармашылық ұжымдар
құрылып, облыс, республика тіпті халықаралық сахналарды бағындыра бастады. 2008
жылдан бері Аршалы ауданы мәдениет саласында облыстық барлық байқауларда оның
ішінде «Ақмола жұлдыздары» байқауында үнемі жүлделі орындардан көрініп келеді.
Қаншама автокөліктер ұтып, бас
жүлдені алды. Аудандық мәдениет үйінің материалдық-техникалық базасы нығайып,
ауылдық клубтар жөнделіп, штаттары көбейді. Аудандық мәдениет және тілдерді
дамыту бөлімінің басқарған Гросс Лукьян Андреевич, Байжұмаұлы Асылбек, Қажетов
Абай Қабденұлымен бірлесе отырып, жұмыс жасап, аудандық бюджеттен қаражат
бөлгізу, жаңа аппаратулар алу, костюмдермен қамтамасыз ету жұмыстарын жоспарлы
түрде жүргізді. Қазіргі таңда аудан орталығында жаңа Мәдениет үйінің құрылысы
басталып кетті.
Аудандық мәдениет Үйінің «Мираж» халық ансамбль, Н.Трикилов басқаратын
«Зеленый атындағы халық ансамблі», «орыс ұлттық аспаптар ансамбілі», «қазақ
ұлттық аспаптар ансамблі», «Әжелер ансамблі» т.б шығармашылық топтар облыс
сахнасында Аршалының атын шығарып, мерейін тасытты. Аудандық Мәдениет үйінде
Нұрхан Амангүл, Галина Владимировна сынды өз ісінің мамандары көп жылдар бойы
өз қызметтерін мінсіз атқарып келеді. Өткен жылы Тазагүл Темірғалиқызы
«Мәдениет саласының үздігі» атанды. Әрине бұл атақ аз. Қырық жылдық мінсіз
қызметі үшін Тазагүл Темірғалиқызы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері»
атануы керек еді.
«Аршалының құрметті азаматын» беретін уақыт та келді. Әрине атақ, даңқ,
марапат, мақтау бәрі уақытша. Алайда Тазагүл Темірғализының тәрбиесін көріп өскен
жастар тұрғанда әлі де талай атақтар алатын болады.
Уақыт өтер, өмір жылжып адамның еркіне бағынбай жүре береді. Заман өзгеріп,
закондар қабылданып жатқан алмағайып заманда отаншыл, мемлекетшіл, принципшіл,
ұлтжанды, өз ұлтының мәдениетін, салт-дәстүрін, тарихы мен әдебиетін ең бастысы
тілін сүйетін Тналина Тазагүл Темірғалиқызындай адамдар өте аз.
Өмірі өнегеге толы тұлғаның өсіріп отырған ұл мен қызы, жиені де әжелеріне
тартып, халқымыздың «Жаңа Қазақстан» мемлекетінің бір кірпіші болып қаланарына
күмәніміз жоқ.
Өмір бойы көрген бейнеттің зейнетін көру де ғажап. Зейнеткерлік деген өмір
тоқтады дегенді білдірмейді. Керісінше қоғамдық өмірге белсене араласатын сәт.
Алдағы уақытта аудан басшылығы Тналина Тазагүл Темірғалиқызының тәжірбиесі мен
білімін тиісті деңгейде ауданның дамуына қажетті бағытта пайдаланар деген
ниеттеміз.
Алла жар болып, ұзақ жасап, ұрпақ қызығын көріңіз!
Асылбек Байжұмаұлы
«Munarmedia» медиа-холдингінің
бас директоры