Баяжума Асылбек. Талибтер Орталық Азияны су дағдарысына итермелеуде

41



Munarmedia.kz 02.10.2025 /АСТАНА/ Куш-Тепе каналы — Ауғанстанда билікке келген талибтердің ең ірі жобаларының бірі — Орталық Азиядағы шиеленістің жаңа көзіне айналуда. Аймақтағы су тапшылығы онсыз да күрделі жағдайға жеткен тұста, бұл канал өңірлік дағдарыстың шарықтау шегіне себеп болуы мүмкін. Ал әзірге Орталық Азия елдері бұл қауіпке балама ұсынуға қауқарсыз.



Канал Куш-Тепе: өңірлік тұрақсыздыққа апарар жол ма?

Орталық Азия — әлемдегі ең құрғақшылыққа ұшыраған өңірлердің бірі. Су тапшылығы мұнда ұзақ жылдан бері күрделі мәселе. Алайда, Ауғанстанда талибтер билікке келгеннен кейін іске кіріскен Куш-Тепе каналы бұл тапшылықты жаңа деңгейге көтеруі мүмкін. Бұл жоба арқылы Ауғанстан өз аумағындағы құрғақ аймақтарды Амудария өзенінің суымен суармақ.

Алайда бұл өзен — Тәжікстан, Өзбекстан және Түрікменстанның да негізгі су көзі. Канал құрылысы ескі тәсілмен — бетонсыз, жағалауы бекітілмеген күйде жүргізілуде, бұл судың үлкен бөлігінің сіңіп, ысырап болуына алып келеді. Егер тараптар су бөлісі мен оны тиімді пайдалану жөнінде нақты келісімге келе алмаса, бұл бүкіл аймақтағы ахуалды ушықтыра түспек.


Канал құрылысы қалай басталды

Куш-Тепе каналы — 2021 жылы билікке келгеннен кейін талибтер қолға алған ең ауқымды инфрақұрылымдық бастама. Ұзындығы 285 шақырым болатын каналдың жартысына жуығы салынып үлгерген. Жоспар бойынша ол 2028 жылға дейін толық іске қосылуы тиіс.

Жыл сайын бұл канал арқылы Амудариядан 10 текше шақырымға дейін су тартылмақ. Бұл — өзеннің жылдық ағысының үштен бір бөлігіне тең. Мұндай көлемдегі су шығыны көршілес елдер — Иран, Тәжікстан, Өзбекстан мен Түрікменстанның су қорын едәуір азайтады. Бірақ талибтер бұл мәселені аса елемей отыр.


Ауғанстанның суы да, уәжі де бар

Каналдың мақсаты — ауыл шаруашылығын дамыту. Ауғанстан халқының 90%-ы аграрлық салада еңбек етеді, бірақ өнімділік өте төмен. Ел азық-түліктің басым бөлігін — бидай, көкөніс, жеміс-жидек пен бұршақты дақылдарды сырттан импорттайды.

Канал сондай-ақ талибтердің апиын өндірісіне тәуелділікті азайту жоспарының бір бөлігі. Көкнәр — аз су талап ететін дақыл болғандықтан, соғыс жылдары Ауғанстан әлемдегі опиумның 80%-ын өндірген. Бұл елдің ЖІӨ-нің шамамен 15%-ын құраған.

Канал идеясы жаңа емес. Жобалау жұмыстары 1970 жылдары КСРО инженерлерімен бірге басталған. Бірақ елдегі соғыс оны бірнеше рет тоқтатты. Идеяға 2004 жылы (Карзай), 2018 жылы (Ғани) қайта оралғанымен, іске тек талибтер келген соң кіріскен.


Орталық Азия: ортақ өзен, бірақ ортақ шешім жоқ

Амудария суын бұрын негізінен Тәжікстан, Өзбекстан және Түрікменстан пайдаланатын. Енді Ауғанстан да су тұтынушысы ретінде пайда болмақ. Бұл — өңірлік су теңгерімін бұзып, онсыз да тапшы суды одан әрі азайтады.

Мысалы, Тәжікстанның өзінде, биыл жазда көптеген өңір тұрғындары су сатып алуға мәжбүр болды. Көліп қаласында су цистернасының бағасы 7–15 АҚШ долларына дейін жеткен.

Сол секілді Қырғызстан мен Қазақстанда да 2023 жылы жазда су тапшылығы халық наразылығына ұласты. Ал 2021–2022 жылдары Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы Исфара өзені үшін қарулы қақтығыстар да тіркелген.

Хлопок — тағы бір түйткіл. Өзбекстан мен Түрікменстанда мақта — маңызды экспорт өнімі. Алайда ол су ресурстарын ең көп қажет ететін дақылдардың бірі. 1 кг талшық алу үшін 10–17 мың литр су керек. Бұл Арал теңізінің кеуіп кету себептерінің бірі болған.


Канал салу – талибтер үшін егемендік символы, Орталық Азия үшін – қауіп көзі

Талибтер Куш-Тепені ішкі іс деп санайды. Ауған билігі канал құрылысына араласуға жол бермейтінін мәлімдеді. 2023 жылы каналдың алғашқы бөлігін іске қосқанда апат болды — жағалау қапталдары шыдас бермей, су ағып кетіп, 30 шаршы шақырымдық жасанды көл пайда болды. Бірақ талибтер бұл фактіні жоққа шығарды.

Орталық Азия елдері талибтерді ресми түрде мойындамаған, бірақ су мәселесін талқылау үшін олармен байланыс орнатуға мәжбүр. Алайда нақты ықпал ету тетіктері жоқ. Талибтер тек: «бәрі Алланың қолында» деп қысқа қайырады

Каналдың әсерін жеңілдету үшін өңірде су үнемдеу технологияларын, жаңа су шаруашылық инфрақұрылымын, тиімді аграрлық саясатты енгізу қажет. Алайда Орталық Азия елдерінің өздері бұл бағытта жетістікке жетпеген. Қолда бар инфрақұрылым ескі, жаңғыртуға қаржы салынбайды, жауапкершілік бір-біріне сілтенеді.

Қазіргі таңда Орталық Азия елдері талибтермен қатынасты жұмсартып, оларды өңірлік процестерге тартуға тырысуда. Мысалы:

  • Өзбекстан – энергетика және ЛЭП жобаларына,

  • Түрікменстан – газ құбырларына,

  • Тәжікстан – электр энергиясына инвестиция салуда.

Бірақ бұл әрекеттер Куш-Тепе бойынша Ауғанстан ұстанымына әсер етіп отырған жоқ. Су арнасын салу жалғасуда.

Куш-Тепе каналы — Орталық Азияны су дағдарысына алып келуі мүмкін басты қауіптердің бірі. Су тапшылығы бұрын ауыл шаруашылығымен шектелсе, енді тұрғындардың күнделікті өміріне, экономикаға, экологияға және өңірлік тұрақтылыққа тікелей әсер ете бастады.

Бұл мәселе ушыға берсе, саяси, әлеуметтік және экологиялық күйзелістерге әкелуі мүмкін. Ал әзірге Орталық Азия елдерінің қолында нақты шешім де, балама да жоқ.