Munarmedia.kz 02.10.2025 /АСТАНА/ Ұлттық телекоммуникация компаниясы — «Қазтелекомда» дау шықты. Қызметкерлер топ-менеджменттің шектен тыс сыйақылары, қарапайым жұмысшылардың еленбеуі, ұжым ішіндегі кемсіту мен заңбұзушылықтар туралы мәлімдеме жасады. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлықты зерттеу қорының бюросы (ФБРК) хабарлады.
Журналист Денис Кривошеев әлеуметтік желіде «Қазтелеком» жұмысшыларының ашық хатын жариялады. Онда жазылғандай, компания табысына берілетін сыйақылар тек басшылыққа тиесілі. Ал қарапайым жұмысшылар — яғни компанияның күнделікті жұмысын қамтамасыз ететін негізгі күш — ешқандай қосымша төлем алмайды.
Жарияланған құжаттарда компания басқармасының мүшесі, кадрлар жөніндегі басқарушы директордың жалақы түбіртегі көрсетілген. Бір ғана транш үшін оған 22 миллион теңге сыйақы берілсе, жылдық табысы 50 миллион теңгеден асқан.
Бұл арада аймақтарда қызметкерлерді қысқарту науқаны жүріп жатыр. Әсіресе, зейнет жасына жақындаған мамандар қысымға ұшырауда. Көпжылдық тәжірибесі бар білікті кадрлар 120–160 мың теңге жалақымен жұмыс істеуге мәжбүр.
«Бұл адамдар компанияға денсаулығын, жастығын, өмірінің ең жақсы жылдарын арнады. Олар ақша үшін емес, өз ісіне адалдық пен елге қызмет ету үшін еңбек етіп жүр. Қазір олардың жалақысы тіпті аула сыпырушылардан да төмен. Қарапайым жұмысшылар жауын-шашын мен боранда бағаналарға өрмелеп, мизерлік ақыға жұмыс істеп жүр. Ал топ-менеджмент тіпті жалақыны индексациялау мәселесін талқылауға да құлықсыз», — делінген хабарламада.
Хатта орталық кеңседе арнайы «өз адамдарына» арналған жаңа департаменттер құрылып жатқаны, бұл құрылымдарға жоғары жалақымен жаңа қызметкерлер алынатыны жазылған. Ал өңірлік филиалдар жылдар бойы жөндеу көрмеген, кейбір жерде қызметкерлер антисанитарлық жағдайда, ескі әрі қауіпті көліктермен жұмыс істеп жүр.
Бұған қоса, жобаларды басқару дирекциясындағы заңсыздықтарға қатысты ауыр айыптаулар айтылған. Айтуларынша, онда миллиардтаған теңгенің жобалары үнемі бір ғана мердігер — «Бастау» ЖШС арқылы өткізіледі. Бұл дирекцияның басшысы Ғазиз Доненбай, қызметкерлердің айтуынша, ол компания басшылығына жақын тұлға.
Жұмысшылардың сөзінше, басшылық тарапынан ұжымға деген қарым-қатынас мүлде құрметсіз. Мәселен, топ-менеджерлердің бірі видеоконференция кезінде тікелей эфирде кабинетінде темекі шегіп отырған.
Компания активтері мен кадрлық құрамының «АуылТелеком» ЖШС-не берілуі мүмкін екені туралы тараған сыбыстар жағдайды одан сайын ушықтырып отыр. Қызметкерлердің пікірінше, бұл қадам жекешелендіру немесе сату алдындағы дайындық болуы мүмкін. Олар қоғам мен бақылаушы органдарды араласуға және әділдік орнатуға шақырды.
Сонымен қатар, «Қазтелеком» көрсететін қызмет сапасына қатысты наразылық та артып отыр. Мәселен, 30 қыркүйек күні өткен «Реал Мадрид» — «Қайрат» матчы кезінде тікелей эфир үзілістері орын алып, көрермендер жаппай шағым түсірді. Бұл жағдай қоғамға компанияның нақты жағдайын көрсеткендей болды: топ-менеджерлер миллиондаған бонус алып жатқанда, компания негізгі қызметін де дұрыс атқара алмай отыр, — деп жазады ФБРК.