Баяжума Асылбек.Ауада жүріп жатқан соғыс: Израиль мен Иран арасындағы қақтығыстың шынайы келбеті

54


Орта Шығыста уақыт зымырап барады, ал аспан – тоқтаусыз шайқас майданына айналды. Иран мен Израиль арасындағы қарсыластық бір-бірінің шекарасын кесіп өтпестен, көк жүзінде айқасып жатыр. Жер мен көк арасындағы бұл майдан қашықтықпен өлшенбейді – ол технология, төзімділік пен стратегия арқылы айқындалады. Және бұл соғыстың басты белгісі – үстемдік емес, тоздыру.

Иран мен Израиль арасын 1500 шақырым бөліп тұр. Бұл физикалық арақашықтық оларды жанкешті жер үсті соғысынан сақтап қалуы мүмкін, бірақ әскери шиеленістің ауаны билегенін жоққа шығармайды. Бұл – ұшқышсыз ұшу аппараттарының, стелс жойғыштарының, зымырандардың және спутниктік барлау жүйелерінің шайқасы. Алайда, бұл көрініс қанша заманауи көрінгенімен, артында шектеулер, қиындықтар мен стратегиялық ауырлық жатыр.

Израиль үшін Иранға соққы беру – әскери ғана емес, геосаяси кедергілерді де еңсеру. Жойғыш ұшақтар Иордания, Сирия, Ирак сынды бейтарап не қарсы ниетті мемлекеттердің үстімен ұшуға мәжбүр. Бұл – қауіптің көзі ғана емес, операцияның табыстылығына үлкен қауіп төндіретін фактор.

Израильдің әскери-әуе күштері сөзсіз қуатты. 300-ден астам ұшағы, соның ішінде ең заманауи F-35I Adir жойғыштары – бұл аймақ үшін орасан әлеует. Бірақ бұл күш Иранға толық үстемдік орната ала ма?

Жоқ. Себебі техникалық шектеулер тым көп. Ұшақтардың жанармай қоры шектеулі, ал жанармайды ауада құю – жоғары тәуекел. Әр рейд – ұшқыштың жүйке мен төзімділік шегін сыналатын сынақ. Бұл науқандық соққы емес, ұзаққа созылған аэрокампания. Израиль әуе кеңістігін басып алуы мүмкін, бірақ ұстап тұруы – мүлде басқа мәселе.

Және бұл тек техникалық емес, физиологиялық шектеу де. Сағаттап қарсыластың үстінде ұшу, соғыс жағдайында шешім қабылдау – адами факторды айналып өте алмайтын реалдылық.

Израиль үшін Иран – тек геосаяси қарсылас емес, стратегиялық лабиринт. Территориясы Украинадан үш есе үлкен, халқы жүз миллионға жуық, ал қорғаныс жүйесі – кең әрі бейімделгіш. Иран ешқашан әскери үстемдікке сүйенбеген, керісінше, ұзақ және қажытатын соғысқа бейімделген. Саддам Хусейннен кейін Тегеран бұл сабақтан өз қорытындысын ерте шығарып қойған.

Иранның «Шахед» дрондары – әлсіз қару емес, жүйелі тоздыру құралы. Олар дәлдікпен емес, көлеммен жеңеді. Израильдің ең күрделі қорғаныс жүйесін – «Темір күмбезді» – бір мезетте бірнеше бағытқа жұмыс істеуге мәжбүрлейді. Бұл – радар шаршату, жүйе қажыту, бюджет сарқылту. Нағыз асимметриялық соғыс.

АҚШ араласса не өзгереді?

Саяси тұрғыдан Израильдің артында – АҚШ. Бірақ бұл одақтастық автоматты түрде жеңіс кепілі емес. Америка Ирактағы әуе үстемдігі үшін 1800 ұшақ жұмылдырған. Израильдің бар әлеуеті – соның бестен бірі ғана. Тіпті АҚШ араласа қалған күннің өзінде, егер араласу жартылай әрі шектеулі болса, Иранның стратегиялық жүйесін құрта алмайды. Жеңіс тек бомба санына емес, логистика мен мақсаттылыққа тәуелді.

Бүгінгі Иран–Израиль соғысының шынайы аты – тоздыру майданы. Бұл – қарсыластың қорғанысын, экономикасын, психологиясын біртіндеп мүжіген соғыс. Қысқа шабуыл емес, ұзақ шеру. Израиль үшін бұл – жаңа сценарий. Оның барлық әскери доктринасы 1–2 аптада шешілетін соғысқа негізделген. Ал Иран – шыдамның елі. Олар қарсыластың әлсіреуін күтуге бар.

Израильдің логистикасы, ұшқыш әлеуеті, техникалық қызмет ресурсы – бәрі шектеулі. Қару-жарақ қоры таусылып келеді. Кейбір деректер бойынша, Израиль Газадағы операциядан кейін 1950 жылдардағы еркін құлайтын бомбаларды қолдануға мәжбүр болған. Бұл – жүйенің дағдарыс сигналы.

Иран да, Израиль де бұл соғыста толық жеңіске жете алмайды. Әуеде басымдық – уақытша. Тұрақты үстемдікке ешқайсысы жете алмай отыр. Демек, шешуші фактор – кім ұзаққа шыдай алады?

Иран – аумағы үлкен, халқы көп, төзімді ел. Израиль – технологиялық артықшылығы бар, бірақ ресурсы шектеулі мемлекет. Бұл айқаста радардан көрінбейтін тағы бір шекара бар – төзім шегі.

Осы шекте кім бірінші жетеді – соғыс тағдырын сол шешеді.