Баяжума Асылбек.Орталық Азия: геосаяси тепе-теңдік пен тұрақтылықтың сын сәті

36



Munarmedia.kz 30.09.2025 /Астана/ Орталық Азия бүгінгі таңда әлемдік турбуленттіліктің дәл ортасында тұр. Ресейдің ықпалы әлсіреп, Батыс тым алыста қалған шақта, аймақтың бос кеңістігін Қытай батыл әрі жүйелі түрде толтырып келеді. Инвестициялар, инфрақұрылым, қауіпсіздік саясаты – бәрі де Бейжіңнің жаңа аймақтық стратегиясының құрамдас бөлігіне айналды.

Көршілер арасындағы интеграция мен бірлік жайлы сөз көп болғанымен, нақты істер аз. Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) қағаз жүзінде кеңейгенімен, іс жүзінде ірі саяси жобалардан гөрі декларативті алаң болып қалуда. Экология жылы аясында бір-екі іс-шара өткізумен шектелген ұйымның үш жарым миллиард халқы бар кеңістіктегі рөліне күмән туатыны заңды. Ал нақты жобалар мен қаржыландыруды біз тек «Қытай – Орталық Азия» форматынан көріп отырмыз.

Көлеңкеден шыққан Қытай факторы
Бүгінгі таңда Қытай аймақтағы ең ықпалды ойыншыға айналды. Ресейдің соғыс салдарынан экономикалық ресурстары тарылған кезде, Бейжің энергетика, көлік, логистика саласына миллиардтаған инвестиция құйып отыр. Бұл тек қысқа мерзімді емес, ұзақ жылдарға есептелген стратегиялық саясат.

Қазақстан үшін мұндай серіктестік үлкен мүмкіндіктер ашады. Бірақ қауіп те бар: егер ШЫҰ тек қытайлық күн тәртібімен жүретін болса, ұйым біржақты алаңға айналып кетуі ықтимал. Мұндай жағдайда Қазақстанға теңгерімді саясат пен көпвекторлы бағытты сақтау бұрынғыдан да маңызды бола түседі.

Ауғанстан – қауіп емес, мүмкіндік
Жиі айтылатын «Ауғанстаннан келетін қауіп» дискурсы көп жағдайда асыра көрсетілген. Соңғы жылдары талибтер есірткі өндірісін қысқартуға күш салып жатыр. Бұл елді тұрақсыздықтың ошағы ретінде емес, жаңа көлік дәліздерінің қақпасы ретінде қарастыру маңызды.

Трансауған теміржол жобасы – осының айғағы. 5 млрд долларлық жоба іске асса, теңізге шыға алмай отырған Қазақстан мен Өзбекстан үшін жаңа дәуір ашылады. Жүк жеткізу мерзімі бірнеше аптадан бір аптаға дейін қысқарады. Бұл тек экономикаға емес, саяси тәуелсіздікке де серпін береді.

Интеграция: сөз көп, іс аз
Қазақстан мен Өзбекстан – аймақтың екі тірегі. Дегенмен өзара сауда көлемінің төмендеуі олардың әлеуетін толық іске асыра алмай отырғанын көрсетеді. Элиталық экспортқа сүйенген экономика интеграцияға құлықсыз. Шын мәнінде интеграцияның қозғаушы күші – «халықтық сектор»: шағын бизнес, еңбек миграциясы, мәдени байланыстар.

Бірақ, өкінішке қарай, мәдени интеграция да қағаз жүзінде қалып отыр. Аймақтағы ортақ ақпараттық кеңістік, журналистік альянстар туралы бастамалар іске аспаған күйінде тұр. Бұл бағытта Қазақстан белсенділік танытпай отыр, ал көршілер – Өзбекстан мен Тәжікстан – мәдени жобаларда әлдеқайда алға шығып кеткен.

Тұрақтылыққа сынақтар мен жаңа мүмкіндіктер
Аймақтың ең әлсіз тұсы – шикізатқа тәуелділік. Мұнай бағасының құлдырауы Қазақстанды, ал еңбек мигранттарының табысына тәуелді Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстанды әлеуметтік күйзеліске әкелуі мүмкін. Бұл сценарий қазірдің өзінде айқын көріне бастады.

Дегенмен, жаңа дәліздер – Түркия, Қытай және Афганстан арқылы өтетін маршруттар – Орталық Азияның болашағына жаңа дем бере алады. Бұл бағытта Қазақстан белсенді қадамдар жасап, теңгерім саясатын сақтауы тиіс.

Орталық Азияның қазіргі тағдыры – тек сыртқы күштердің емес, аймақ елдерінің өз таңдауының нәтижесі болмақ. Бірлік пен интеграцияны декларацияда емес, нақты істе жүзеге асырған жағдайда ғана Қазақстан мен көршілері ғаламдық дауылдың ішінде өз орнын табады. Әйтпесе, аймақ сыртқы ойыншылардың мүдделер қақтығысының аренасына айналып кетуі әбден мүмкін.