Қазақстандағы «Дәрмек» операциясы: көлеңкелі дәрі саудасының беті ашылды

32

Munarmedia.kz 30.09.2025 /Астана/ Қазақстанда 22–26 қыркүйек аралығында өткен ауқымды «Дәрмек» жедел-алдын алу шарасы елдегі заңсыз дәрілік айналымның қаншалықты қауіпті деңгейге жеткенін көрсетті. Негізгі мақсат – есірткілердің, психотроптық заттардың, прекурсорлар мен күшті әсер ететін препараттардың заңды айналымына бақылауды күшейту.

Тексерулердің қорытындысы алаңдатарлық. Денсаулық сақтау саласында 11 қылмыстық іс қозғалып, 278 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Заңсыз айналымнан шамамен 7 мың таблетка (есірткі құрамдас), сондай-ақ қосарлы мақсаттағы 80 тонна улы зат тәркіленді.

Медициналық мекемелерде 190-нан астам заң бұзушылық тіркелді. 202 медицина қызметкеріне қатысты материалдар жиналды. Барлығы 40 мыңға жуық есірткілік таблетка, 290 мың психотроптық дәрі және 236 мың ампула алынды. Барлығы 519 медициналық ұйым тексерілген.

Өнеркәсіптік секторда да жағдай оңып тұрған жоқ: 60 заң бұзушылық әшкереленіп, 2 мың тонна прекурсордың айналымына шектеу қойылды. 20 компания жауапқа тартылды. Барлығы 159 кәсіпорын мен 734 көлік құралы тексерілген.

– Ақтөбе облысында Қытайдан теміржол арқылы 80 тоннадан астам улы зат лицензиясыз әкелінген. Құны – 86 млн теңге.
– Шығыс Қазақстанда дәріханаларда күшті әсер ететін препараттардың рецептсіз сатылымы анықталып, «Прегабалин», «Зоника» және «Алиса» сынды 35 мыңнан астам дәрі тәркіленді.
– Батыс Қазақстанда бір әйел өз үйінен психотроптық дәрілерді заңсыз сатып келген.
– Қарағанды облысында Астанадан келген көліктен «Тропикамид», «Прегабалин» және «Медазепамның» 82 қаптамасы алынды. Құны – 240 мың теңгеден асады.

«Дәрмек» операциясының нәтижелері – Қазақстанда көлеңкелі дәрі бизнесі денсаулық сақтау мен қауіпсіздікке зор қатер төндіріп отырғанын айқын дәлелдейді. Бұл тек қылмыстық топтардың ғана емес, медицина саласының кейбір өкілдерінің де заңсыз әрекетке араласқанын көрсетеді.

Агенттіктердің мәлімдеуінше, мұндай шаралар жалғаса береді. Өйткені қоғамның ең әлсіз тұсы – денсаулыққа қауіп төндіретін заңсыз дәрі-дәрмектің айналымы. Бұл бағыттағы күрес Қазақстандағы ұлттық қауіпсіздіктің бір бөлігіне айналып отыр.