Баяжума.А.Ереван мен Түркия арасындағы қарым-қатынасты қалпына келтіру үдерісі не үшін маңызды?

65


Munarmedia.kz 02.07.2025 жыл / АСТАНА/-Армения Анкара арқылы бейбітшілікке ұмтылуда. Нагорный Карабахтағы соғыстағы жеңілістен кейін Армения сыртқы саяси бағытын түбегейлі қайта қарады: ел басшылығы Түркиямен қарым-қатынасты қалпына келтіруге кірісті. Бұл таңдау кездейсоқ емес. Бүгінде Анкара — Оңтүстік Кавказдағы ахуалға ықпал ете алатын санаулы елдердің бірі, әрі Еревандағылар мұны жақсы түсінеді.

Армян премьер-министрі Никол Пашинян мен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған арасында бірнеше кездесу өтті. Ең бастысы — Пашинянның Стамбулға жасаған тарихи сапары. Бұл Армения басшысы тарапынан Түркияға жасалған алғашқы ресми сапар болды. Аталған қадамдар нақты нәтиже әкелмесе де, Ереван Анкарамен диалогты жалғастыруға бейіл, себебі бұл Бакумен арадағы жаңа қақтығыстар қаупін төмендетіп, Арменияға аймақтық транзиттік рөлін қалпына келтіруге мүмкіндік беруі мүмкін.


Анкараға бұрылыс

Пашинян Түркия президентінің Босфор жағалауындағы резиденциясы — Долмабахче сарайында қабылданды. Бұрын Осман сұлтандарының ордасы болған бұл ғимарат бүгінде Украинадағы бейбіт келісімдерден бастап, Сириямен алғашқы байланыстарға дейін талқыланатын өңірлік келіссөздердің орталығына айналған.

2020 жылғы Таулы Қарабах соғысы кезінде Ереван Түркияның шешуші рөлін алғаш рет терең сезінді. Анкара сол кезде Бакуға соққы жасайтын дрондармен көмектесіп қана қоймай, Мәскеудің соғысқа араласуына да кедергі келтірді. Түркияның өңірлік қуаты ескерусіз қалмайтын факторға айналды. Ал Ереванның Анкарамен тікелей арнасының болмауы — стратегиялық әлсіздікке ұласқанын көрсетті.

Армения ондаған жыл бойы Түркияны сыртқы саяси теңдеуден шығарып тастауға тырысты. Бірақ бұл тактика нәтижесінде Анкара толықтай Әзербайжан жағына өтті. Сондықтан 2020 жылғы соғыстан кейін армян басшылығы Түркиямен қарым-қатынас орнатуды басым бағытқа айналдырды. Мұны Батыс елдері де қолдады.

2023 жылғы Түркиядағы жер сілкінісінен кейін Армения ең алғаш болып гуманитарлық көмек жіберді. Сол жылы екі ел басшысы алғаш рет бетпе-бет кездесті. Бұдан кейін байланыстар жиілеп, тіпті, Армения Палестина тәуелсіздігін ресми түрде мойындады — бұл қадам да Түркиямен диалог аясында жүзеге асты.

Ішкі аудиторияға келсек, Пашинян армян қоғамын «тарихи Армения» туралы мифтен бас тартуға шақырды. Ол өз кабинетіне Арарат тауының орнына Армения аумағындағы Арагацтың бейнесін іліп қойды. Мұндай қадамдардың барлығы — ел болашағын көршілермен серіктестік негізінде құруға бағытталған жаңа саяси идеологияның көрінісі.


Баку факторы

Анкарамен жақындасу әрекеттері әзірге нақты нәтижеге әкелген жоқ. 2022 жылдан бері Армения мен Түркия арасындағы келіссөздерде шекараны ашу және тікелей сауда бастау мәселелері талқыланып келеді. Бірақ шекара әлі де жабық, дипломатиялық қатынас орнатылған жоқ.

Негізгі себеп — Бакумен бейбіт келісімнің болмауы. Әзербайжан Арменияның 1990 жылғы Тәуелсіздік декларациясының преамбуласынан Таулы Қарабах туралы тармақты алып тастауды талап етуде. Ереван мұны заңды және саяси тұрғыдан ескірген құжат деп есептейді. Бірақ Баку бұл ұстанымынан бас тартар емес.

Түркия, өз кезегінде, армян-әзербайжан бейбіт келісіміне дейін қарым-қатынасты формалды түрде орнатуға асығар емес. Анкара үшін Баку — стратегиялық серіктес. Пашинян сапарының қарсаңында Ердоғанның Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевті қабылдауы да осының дәлелі.

Әзербайжанның Түркия экономикасына салған инвестициясы, әсіресе лира дағдарысы кезінде, Анкара үшін айрықша маңызға ие. Сонымен қатар, әскери артықшылық та Баку жағында. Шекара сызығының кей жерлерінде армян және әзербайжан позициялары бірнеше метр ғана қашықтықта орналасқан.

Анкараның бейресми дипломатиясы Бакуды жаңа эскалациядан тежеуде маңызды рөл атқарып отыр. Түркия әзербайжан тарапына, тіпті президент Әлиевтің өзіне де салиқалы үндеу жолдайтын арнайы делегациялар жіберіп тұрады. Бұл қадамдар Батыс елдеріне Түркияның Оңтүстік Кавказдағы тұрақтандырушы рөлін көрсетудің де бір жолы болуы мүмкін.

Бүгінде Ресейдің ықпалы Украинадағы соғыстан кейін күрт әлсіресе, Иран Израильмен қақтығыстың салдарынан әлсіреді. Сондықтан өңірдегі ықпал етуші жалғыз күш ретінде Түркия ғана қалып отыр. Ереван үшін бұл — жаңа дипломатиялық стратегияның өзегіне айналып отыр.


Кавказдық дәліздер: геосаяси және экономикалық маңызы

Армения мен Түркия арасындағы қатынасты қалпына келтіру аймақтық бейбітшіліктен бөлек, нақты экономикалық пайда әкелуі де мүмкін. Оңтүстік Кавказдағы негізгі даулы мәселе — Азия мен Еуропаны байланыстыратын көлік дәліздерінің бағыттары.

Армения бұл жобадан шет қалған. Оның шекаралары 1990-жылдардан бері жабық, энергетикалық және транзиттік инфрақұрылымнан тыс қалды. Ал 2020 жылғы соғыстағы жеңіліс пен Қарабахтағы соңғы анклавтың жойылуы елді мүлде оқшау қалдырды.

Сондықтан Ереван «Бейбітшілік қиылысы» атты бастамасын ұсынып, Армения арқылы өтетін көлік жолдарын қалпына келтіруді көздеуде. Баку, бұл идеяға мүлдем қарсы емес, бірақ алдымен Әзербайжанды Нахичеванмен байланыстыратын оңтүстік дәліз іске қосылуы керек деген талап қойып отыр.

Бұл жол 2020 жылғы соғыстан кейін Мәскеу қатысуымен қабылданған үшжақты мәлімдемеде де айтылған. Бастапқыда оны Ресей бақылауы тиіс болған. Бірақ қазіргі таңда Ереван бұл нұсқадан бас тартып, маршруттың толық бақылауы Арменияның қолында болуын талап етуде.

Баку бұған сенбейді — олар жобаның тұрақтылығына кепіл болатын үшінші тарапты, яғни халықаралық операторды тартуды талап етеді. Бұл идеяны Түркия да қолдайды. Ереван болса Анкараны өз жағына тартып, жолды ұлттық бақылауда ұстай отырып келісімге келуді көздейді.

Бұған дейін ЕО екі тарапқа Грузия мен Ресей арасындағы Абхазия дәлізі үлгісінде халықаралық тасымалды швейцариялық компания арқылы басқару тетігін ұсынған болатын. Бірақ армян-әзербайжан шекарасындағы шиеленістер мен 2023 жылғы Қарабахтағы эскалация бұл келіссөздерді тоқтатты.

Қазір бұл үдерісті қайта жандандыруға АҚШ талпыныс жасауда. Дональд Трамп әкімшілігі Армения мен Әзербайжанға өз жоспарын ұсынып үлгерді. Ол ЕО моделіне ұқсас, бірақ негізгі рөлді америкалық бизнес ойнайтын болады. Мысалы, Украинадағы сирек металдар бойынша келісімдер секілді.

Вашингтон үшін екі ықтимал бағыт бар: не Әзербайжанды армян конституциясынан талаптарынан бас тартуға көндіру (мүмкін, Алиевті Ақ үйге шақыру арқылы), не Арменияны толық бақылаудан бас тартуға итермелеу. Екінші жол анағұрлым шынайы көрінеді, бірақ бұл толыққанды бейбіт келісімнің кейінге шегерілуін білдіреді.

АҚШ шенеуніктері бұл бастама табысты болады деген сенімде. «Тіпті Трамп осы үшін Нобель сыйлығын алуы мүмкін», — дейді олардың бірі.