Дерек сатқыштар синдикаты: Экс-министрлердің астыртын альянсы әшкере болды...

26



ЕңбекМин экс вице-министр, қазір Еңбек ресурстарын дамыту орталығын басқаратын Ақмәди Сарбасовтың ұсталғанын растады, деп хабарлайды Ertenmedia.

"Министрлік тергеу органдарына заң аясында көмек көрсетуде. Істің егжей-тегжейі құзырлы органдардың өкілетінде", – делінген ресми хабарламада.

Әзірге Сарбасовтың нақты не үшін ұсталғаны белгісіз. Бірақ сарапшылар мен журналистер шендінің құрықталуын "Бірінші кредиттік бюро" басшысы Руслан Омаровтың ісімен байланыстыруда.



Бұған дейін журналист Михаил Козашков Алматының экономикалық тергеу департаменті "Бірінші кредиттік бюро" басшысы Руслан Омаровқа қатысты қылмыстық іс қозғағанын хабарлаған.

Бұған Сарбасовтың қатысы қанша?

Омаров халықтың қаржылық дерегіне қол жеткізу үшін "Еңбек ресурстарын дамыту орталығының" басшылығына ірі көлемде пара берді деп күдікке ілінген.

Козашковтың ақпаратына сәйкес, Омаров 80 мың доллар пара беріп жатқан жерінен ұсталған. Тергеу мәліметінше, күдіктілер VPN арқылы мем.органдардың мәлімет базасына қосылып, азаматтар мен олардың несие тарихына қатысты ақпарат жинаған.

Кейін осының негізінде жұрттың жеке несие досиесін жасап, екінші деңгейлі банктерге жолдап отырған. Осы қызметі үшін бюро банктерден қомақты қаражат алып отырған.



Қаржыгер мамандардың айтуынша, Омаров басқаратын бюро тұрғындардың несие тарихы нарығын билеп-төстеп отыр.

Қазір осы іске қатысты тағы бір вице-мин, "Еңбек ресурстарын дамыту орталығының" экс-басшысы Дәулет Арғындықов та ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынған. Арғындықов бұған дейін Денсаулық сақтау вице-министрі болған.

Ал Ақмәди Сарбасовтың әлі орталыққа басшы болып келгені кеше ғана. Бұған дейін ол Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде бірінші вице-мин қызметінде болған.