Munarmedia.kz 10.02.2026 /Астана/-Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа әлеуметтік саладағы бюджет қаражатын жымқыру фактілері туралы баяндады.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде Премьер-министр мемлекет барлық әлеуметтік міндеттемелерін толық көлемде орындап отырғанын атап өтті. Алайда әлеуметтік төлемдердің көптігі, олардың бір жүйеге келтірілмеуі және тиімді бақылаудың жеткіліксіздігі шығыстардың негізсіз өсуіне жағдай жасаған.
Оның айтуынша, бұл қаражаттың шашыраңқы жұмсалуына, тиімсіз пайдаланылуына, ал кейбір жағдайларда бюджет қаржысының тікелей жымқырылуына әкелген. Соңғы екі жыл ішінде ғана шамамен 288 млрд теңге көлеміндегі қаражаттың тиімсіз жұмсалуына жол берілмеген.
Премьер-министр Мемлекет басшысының Turkistan газетіне берген сұхбатында және Ұлттық құрылтайдың V отырысында атап өткендей, бұл саланың толықтай әрі терең реформалауды қажет ететінін айтты.
Олжас Бектеновтің мәліметінше, қазіргі таңда бірқатар нақты шаралар қабылдануда. Атап айтқанда, әлеуметтік көмектің әртүрлі түрлерін біріктіру және біріздендіру жүргізіліп жатыр. Білім беру саласында нысандарды салудан бастап жан басына шаққандағы қаржыландыруға дейінгі барлық қызмет көрсету процестері цифрландырылуда. Сонымен қатар, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметі Қаржы министрлігінің ақпараттық жүйелерімен ықпалдастыру арқылы қайта форматталуда.
Үкімет басшысы көші-қон заңнамасының және иммигранттардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдау тетіктерінің жетілмегендігі де кей жағдайда масылдық көңіл-күйдің қалыптасуына әсер еткенін атап өтті.
Оның айтуынша, биылғы жылдың басынан бастап жеңілдіктер мен қолдау бағдарламалары іріктеп берілуде және тек еңбек күші тапшы өңірлерге қоныс аударған азаматтарға ұсынылады. Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт салаларындағы мемлекеттік саясатты жаңғырту мемлекеттік бюджеттен шамамен 18 трлн теңге бөлінетін бағыттарда тәртіп орнатуға мүмкіндік береді.
Премьер-министр Үкіметтің негізгі қағидаты өзгермейтінін атап өтті:
«Көмек – тек нақты мұқтаж адамдарға ғана көрсетілуі тиіс».
Фото дереккөзі: © Мадина Әлімханова.