Тәжікстан ЕАЭО мен БРИКС-ке қосылуды жоспарлап отырған жоқ

5

Munarmedia.kz 08.02.2026 /Астана/ Тәжікстан Республикасы Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) да, БРИКС бірлестігіне де қосылуды, тіпті бақылаушы мәртебесінде де, жоспарлап отырған жоқ. Бұл туралы Тәжікстанның Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддин Душанбе қаласында өткен есептік баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, қазіргі таңда республика аталған интеграциялық бірлестіктерге қосылу мәселесін қарастырмайды.
«Қазіргі кезеңде Тәжікстан Еуразиялық экономикалық одақ пен БРИКС-ке қосылуды жоспарлап отырған жоқ. Сонымен бірге, республика бұл ұйымдарға мүше барлық елдермен екіжақты форматта тығыз ынтымақтастық орнатып келеді», — деді Сыртқы істер министрі.

Айта кетейік, Тәжікстан ЕАЭО-ға қосылу мүмкіндігін 2015 жылдан бері зерттеп келеді. Бұған дейін, 2011–2014 жылдар аралығында ел Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың (ЕврАзЭС) мүшесі болған. Кейін бұл ұйымның құқықтық мұрагері ретінде Еуразиялық экономикалық одақ құрылды.

Ресей тарапы бірнеше рет Тәжікстанның ЕАЭО елдерімен ынтымақтастығын арттырудың маңыздылығын атап өтіп, ұйым аясындағы қарым-қатынастардың табысты дамып келе жатқанын мәлімдеген. Сонымен қатар Тәжікстанның Сыртқы істер министрлігі мен Экономикалық даму министрлігі көрші елдердің тәжірибесін ведомствоаралық жұмыс топтары форматында зерделеп жатқанын да бұған дейін хабарлаған болатын.