Қазақстан Үкіметі жанармай бағасын ЕАЭО елдерімен «біртіндеп теңестіру қажет» екенін мәлімдеді. Ресми сараптамаға сүйенсек, Еуразиялық одақ бойынша АИ-92 маркалы бензиннің орташа бағасы — литріне 392 теңге. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш шамамен 205 теңге. Яғни айырмашылық екі есеге жуық.
Одақтас елдермен теңесу үшін отандық бензин бағасы кемінде 50 пайызға қымбаттауы керек. Билік мұны жанармайдың шетелге арзан бағада жаппай тасымалдануымен және соның салдарынан ішкі нарықтағы тапшылықпен түсіндіреді.
Бір қарағанда қисынды. Бірақ...
Неге біз бағаны шетелмен салыстырамыз да, халықтың табысын, өмір сүру деңгейін, сатып алу қабілетін салыстырмаймыз? Оларда орташа жалақы бізден 1,5–2 есе жоғары емес пе?
Бағаны өсіру — бұл «көлеңкелі экспортпен» күрес емес, мемлекеттік реттеудегі кемшілікті қарапайым халықтың мойнына арту ғана. Біз бензин арзан әрі бақылау әлсіз болғаны үшін кінәліміз бе?
Ең бастысы — баға шарықтағаннан кейін тапшылық, мұнай өңдеу зауыттарындағы апаттар мен ескірген жанармай бекеттері жойылады деп кім кепіл? Әлде тағы да жағдайды пайдаланып, байланысы бар бірнеше трейдер ғана пайдаға кенелмек пе?
Әдеттегідей, үнемі біреудің қателігі үшін ақы төлейтін — халық.