Мемлекеттік деңгейде қазақ тілін дамытуға арналған бағдарламалар жылдар бойы ілгерілемей, тұралап тұрғанда, нақты іске белсенділер кірісті. Steppe & World Publishing, Aspan Books сынды жаңа тәуелсіз баспалар қазақ тілі тек «Алға, Қазақстан!» ұраны емес, сонымен бірге әдебиет, философия, әлемдік бестселлерлерді аудару мен отандық авторларды танытудың құралы екенін дәлелдеп жүр.
Иә, әзірге бұл баспалардың өнімдері негізінен қала тұрғындары мен саналы оқырмандар арасында таралып жатыр. Дегенмен олардың жұмысы қоғамда бұрыннан қалыптасқан менталдық кедергіні бұзып келеді: қазақ тілі — тек тұрмыстық қатынас тілі емес, терең ойды жеткізетін, талдау мен күрделі мәтінге де лайық зияткерлік тіл.
Әсіресе, публицистикамен шектелмей, күрделі философиялық еңбектерді қазақ тіліне аударуға ниеттеніп отырған энтузиастардың амбициясына жеке алғыс айту керек. Бұл жай ғана тілді насихаттау емес, қазақ тілінде ойлайтын интеллектуалды орта қалыптастыруға, әдеби тілдің дамуына қосылған шынайы үлес.