Бердімұхамедовты АҚШ-қа жеткізген ұшаққа зақым келгені байқалды

12

Munarmedia.kz 22.02.2026 / Астана 16–18 ақпан аралығында Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердымухамедов АҚШ-тың Флорида штатына жұмыс сапарымен барды. Алайда сапар барысында оны жеткізген әуе кемесіне қатысты жайт қоғам назарын аударды.

Жергілікті блогерлер мен журналистер халықаралық Форт-Лодердейл әуежайында түсірілген суреттерден ұшақтың тұрақтандырғыш бөлігінде зақым барын байқаған. Бұл ақпарат әлеуметтік желілер мен бірқатар БАҚ-та кеңінен тарады.

БАҚ мәліметінше, Бердімұхамедовты алып кету үшін Ашхабадтан үкіметтік «Boeing-737» (борт нөмірі EZ-A700) ұшағы арнайы ұшып келген. Әуе кемесі жолда Шотландияның Глазго қаласында қысқа мерзімді жанармай құю аялдамасын жасаған. Форт-Лодердейлде шамамен төрт сағат тұрғаннан кейін ұшақ Ашхабадқа кері бағыт алған. Қайтар жолда Германияның Мюнхен қаласында да жанармай құйылғаны хабарланды.

Америкалық Local 10 News телеарнасы Түрікменстанның бұрынғы президентінің сапары АҚШ басшысы Дональд Трамп Флоридадағы Мар-а-Лаго резиденциясында демалыс өткізген кезеңмен тұспа-тұс келгенін атап өтті. Мар-а-Лаго Форт-Лодердейл әуежайынан шамамен 45 минуттық жерде орналасқан.

Майамидегі Халықаралық қатынастар жөніндегі америкалық кеңестің президенті Аарон Розеннің пікірінше, Бердімұхамедовтың Флоридаға сапары АҚШ-тың Орталық Азияға деген қызығушылығының қайта жандануы аясында өткен.

«Бұл — стратегиялық тұрғыдан аса маңызды аймақ. Қытай, Ресей, Иран және Ауғанстан сияқты негізгі ойыншылар шоғырланған өңір. Сонымен қатар, табиғи ресурстарға, әсіресе газға қолжетімділік өте жоғары. Бұдан бөлек, терроризмге қарсы күрес тұрғысынан да маңызы зор», — деді Розен.

Оның айтуынша, Вашингтон Түрікменстанның табиғи ресурстар нарығына жол ашу және америкалық компаниялар үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру мәселесіне қызығушылық танытуы мүмкін.

Айта кетейік, Түрікменстан табиғи газ қоры бойынша әлемде жетекші орындардың бірін иеленеді. Ресми деректерге сәйкес, дәлелденген қор көлемі 13–14 триллион текше метр шамасында. Ал «Галкыныш» секілді ірі кен орындарын қоса есептегенде әлеуеті 50 триллион текше метрден асады.

Түрікменстан Сыртқы істер министрлігі туркмен-америкалық серіктестіктің «айтарлықтай әлеуеті барын» және АҚШ-тың ірі компанияларының инвестициялық жобаларға қызығушылық танытып отырғанын мәлімдеді. Ашхабадта бұл сапар «екіжақты ынтымақтастық тарихында жаңа парақ ашып», мемлекетаралық қатынастарды кезең-кезеңімен дамытуға кең мүмкіндік береді деп бағаланды.